Екеудің құпиясыЖан әлемі

СЕН БОЛМАСАҢ… жарым аман болса екен!

   Жансая, жаным менің, жарық сәуле шашқан күнім менің. Есіңді жиып көзіңді ашшы. Тіл қатшы, маған. Мені де, балаларыңды да тастап ешқайда кетпеші. Сен болмасаң, біздің күніміз түн, түніміз не болмақ...

Ей, жаратқан! Жарылқаушы бір өзің! Жан дегендегі жарымның дертіне шипа, тәніне саулық беріп, балаларымды анасыз қалдырып, мені де жылатпашы! Жансая, сенің ес-түссіз аурухананың жан сақтау бөлімінде жатқаныңа бүгін он үш күн болды. Осы күндер маған он үш жылға созылғандай. Еңсем түсіп, кешегі қара шашым, аппақ қурайдай болып кетіпті. Қалай жер басып, күн көріп отырғанымды да білмеймін.

Мейлі, ер-азаматпын ғой бәріне де көнемін. Сенің тілеуіңді тілеп, қасыңда сағаттап, тәуліктеп отыруға әзірмін. Тек сен аман болшы. Адам баласы басына іс түсіп, өзінің жаны қиналмаса, өзгелердің де, мұңы барын жүрегі ауырып сыздайтынын, тек бір Алладан ғана медет тілейтінін сезінбейді екен ғой. Енді түсіндім. Мен саған кездескеннен кейін ғана, жастайымнан көрген жетімдіктің зарын ұмытып, мейіріммен шуаққа бөленіп едім ғой. Сен менің өмірімнің жарық сәулесі, анамдай қамқорым, жамандықтан сақтар қорғаным едің. Балаларымның анасы, ағайын-туыстың панасы, шаңырағымның жарқыраған шамы, шалқыған шаттығы едің…

Өткен-кеткенді ой елегінен өткізіп, кейбір істеріме өкініп те отырған жайым бар, жаным. Сенің сырқаттанып, сынық жүрген жүзіңді көрмеппін. Кейбір сәл мұңайған шақтарыңа да мән бермей, денсаулығыңа көңіл бөлмеппін. Қызмет-жұмыс, ойын-сауық, небір кездесулер, жұмысқа ерте кетіп, үйге кеш келіп жүріп, сенің қас-қабағыңа қарап, жаныңның жарасына үңіле бермеппін. Менің жарым бейне бір темірден жаралғандай. Сен осындай күйге түседі деп ойламаппын. Дәл қазір, өкіре жылап өзегімді өкініш өртегеннен не пайда? Қайта-қайта өткен күндерді ойлап, міне, азамат басыммен өксіп отырмын.

Иә, мен жылай жүріп жетілген жетім жігіт едім. Алла жар болып, жоғары білім алып, өзіңдей аяулы жанға кездесіп, өмірім өзгеріп, бір азаматтай қызметте де сатылап өсіп, достарымның арасында беделім биік, абыройым асқақ еді. Осының бәрі сенің арқаң… Ойлап қарасам, бәрі де оңай болған жоқ. Менің ағайын-туысым жоқ, тек менің жігіттік басымды сыйлап, шын сүйе білген сен менімен бірге өмірдің ащы-тұщысын бірге көріп, пәтерсіз жүрген күндерде небір сыз, суы жоқ, оты жоқ жертөлелерде менің бабымды жасап, бағымды аша білдің ғой. Сол кезде де қабағыңды шытпай үш баламен қатар мені де төртінші балаңдай аялап, мәпелеп, аз ұйықтап көп еңбектенуші едің. Осының бәрі бекер кетпепті-ау. Сенің кішкентай жүрегің бүгінде сол ауыртпалықтардың бәрін енді сезінгендей.

Жоғары білімің болса да, сен қызметке қызықпадың. Бәрінен бас тартып балалардың бағушысы да, үй күтушісі де, ас пісіруші де, бау-бақшаның бапкері де өзің едің. Бірақ сен осының бірінен өзіңе рахат алып, шаршадым, жалықтым, деп бір ауыз сөз қатты айтпадың-ау. Барымды асырдың, жоғымды жасырдың. Сенің арқаңда кім-кімнің алдында мерейім үстем, дастарқаным берекелі, үйім мерекелі еді. Менің кейбір достарым біреуден олай тартып, бұлай тартып табыс тауып жүрсе де, үйлерінде береке болмай, қонақта шақыра алмай, әйелінің қас-қабағына қарап мұңайып жүретіндері бар. Тіпті кейбірі ішіп те кетпеді ме? Сондай кездерде балаларына қарасып, өздерін жұбатып бәріне де бәйек болып жүгіретін сен едің, аяулы жарым менің.  Жігіттер болып, шарап ішіп сыр бөліскенде бәрі де маған қызыға қарайтын. Сондайда мен қасымда сенің бар екеніңе шалқып мақтанып кететін едім. Өзіме-өзім көзім тиді ме, сөзім тиді ме білмеймін?! Кейде достарымды мұқатып, оларды өзімнен төмендетіп «сендердің өмірлерің бір күн қыс, бір күн жаз» деп күле қарайтынмын. Өзім тіпті асқақтап «менің үйімде күнде мамырдың мамыражай күні», «бақыт деген осы» деп өзімді олардан биік қойып отыратынмын. Не деген ақымақ едім! Осы он үш күн ішінде бір Аллаға жалбарына жүріп, тәубеме келдім. Адамның кемшілігін олардың бетіне басып айту күнә екенін енді сезініп отырмын. Аяулы жарым, тезірек сауығып кетші. Ей ағайын, жарыңның да жағдайын күн сайын сезіп-біліп, ағайын-туыс дос-жаранның жамандығын бетіне басып, кемшілігін тере бермей, қолыңнан келсе олардың да бақытты, шаттықты болуына көмектесуіміз керек екен.

Адам баласы бұл фәниге уақытша келген қонақ екен. Мен есімді енді жидым. Жаратушының маған жіберген үлкен сынағынан соң, бір күннің ішінде атақ-абыройдың, қызмет-беделдің барлығының уақытша ғана екендігін түсіндім. Бақыт жақындарымызбен бірге болуда екендігін ұғындым. Сіздер де менімен бірге Жансаяның тезірек дертінен сауығып, өзінің ақ ордасына оралуын тілеңіздерші. Адамға ақша, байлық та қорған болмайды. Тек баталар ғана қабыл болып, шынайы жақсы тілектер орындалады. Жансаям менің, бұл өзіңмен сағат сайын іштей тілдесіп, менің ешкімге айта алмаған жан-сырым, сен аман болшы. Көрер қызығың, қуанышың алда, мен сенің осыдан кейін бір тал шашыңның да түспеуіне азаматтық атыммен, арыммен уәде беріп айта аламын. Өйткені сенсіз бұл өмірдің мәнді де, мағынасы да жоқ. Сен қасымда болмасаң…

 

Ләззат ҚАПЫШЕВА