СұқбатСырласу қонағы

Серік Нұрбеков: Жүрген жерім той-думан

Ол ерекше шоу-бағдарламалар, ойын-сауық викторинасы, қызықты қойылымдар мен әзіл-қалжың қуанышты күнді естен кетпестей ететініне бек сенімді.

Жүргізушілік «менікі» екенін ұқтым
Мен жүргізушілікті емес, ол мені іздеп тапты. Өйткені ең алғашқы ұсыныс маған күтпеген жерден түсті. Ескі танысым үйлену то­йын жүргізіп беруімді сұрағанда бірден келістім. Себебі мерекелер мен іс-шаралар жүргізуді бала күннен армандаушы едім. Сөйтіп жас жұбайлармен тойдың сценариін, уақытты, шығындарды – бәрін-бәрін мұқият ойластырып, келістік. Өзім де қызу дайындалып, 30-жылдардағы мафия стилін таңдап алдым. Бірнеше қызық әңгімелер жаттап, конкурсқа сай музыкаларды іріктедім. Бірақ той жақындаған сайын қобалжи бастадым. Дәл той күні қатты уайымдағаным соншалықты ас батпады. Ақыры тәуекелге бел буып, тойды бастап кеттім. Әйтсе де, еңбегім еш кетпей, той өте жақсы өтті. Қонақтардың бәрі би билеп, ән айтып, конкурстарда белсенділік танытып, жастарға ақ тілектерін жаудырды. Тіпті, кештің қалай бітіп қалғанын байқамай қалдым. Сол кезде «бұл жұмыс менікі» дегенді сеніммен айттым. Міне, сүйікті жұмысыммен айналысып келе жатқаныма 6-7 жыл болды.

Арнада қызмет етіп, киноға да түстім
Бір кездері «Алматы» арнасында таңғы жаңалықтар жүргіздім. Бірақ өзімді журналиспін дей алмаймын. Ал, киноға түсу – бала күнгі асқақ арманымның бірі болды. Тіпті, шоумен болудан да маңызды еді. Қазір кинематография деп аталатын ғажап әлемге аз да болса қосқан үлесім үшін өте қуаныштымын. Ең алғаш Нариман Төребаевтың «Кішкентай адамдар» деген киносына түстім. Бұл мен үшін ұмытылмас ерекше сәттердің бірі. 2010 жылы «Күлкі шегі» атты қойылым-шоу түсірдім. Ол жобам әзір тоқтап тұр. Бірақ оған міндетті түрде ораламын. Оған қоса Қ.Сәтбаев атындағы техникалық университетте 5 жыл бойы экономика факультетінің атынан КТА командасының белсенді қатысушысы болдым. Жоғары лигаға іліге қоймадық, десе де қаншама сәтті қойылымдар көрсеттік. Мен бұл кездерді ерекше қуанышпен еске аламын

Тұрпайылық маған тән емес
Бірде тойға көрші елден келген қонақтың маған былай дегені бар: «Бізде, Екатеринбургтағы бір асаба жұртқа бананмен ұйымдастырылатын тұрпайы конкурстарымен белгілі. Бірақ көрегенді, сауатты, оған қоса тойды да өте қызықты және көңілді өткізе алатын «жүргізушілер» де бар. Мына Сіз, Серік, сол сияқты асаба емес, нағыз жүргізуші екенсіз». Бұл мен үшін өте үлкен қошемет еді.
Сөзімді ауыр көрмесеңіз, мен ол кісімен толық келісемін. Үлкен залда Маугли сияқты секіру, микрофонмен Тарзан сияқты қаңқылдау – менің жұмысыма тән емес. Алайда қоғамда секіріп, айқалап жүргізетін асабаны қалайтын адамдар бар екенін жоққа шығармаймын.

Өнімді нәтижеден ерекше шабыт аламын
Мен мерекелік шараның соңында қонақтар керемет әсер алып, әріп­тестер ұятқа қалдырмай, тапсырыс берушілердің бақытты жүздерін көргенде ештеңемен салыстыруға келмейтін керемет алып күшті сезінемін. Бұл сәттер маған шабыт беріп, мереке деп аталатын алты-жеті сағаттық марафондарда қайта-қайта жеңіске жеткім келіп тұрады.

Еvent-бизнестегі басты тенденция – жаңа технологиялар
Бүгінде жүргізушілер тойды гироскутер және моноколесада жүріп басқарады. Операторлар дрон ұшақтары мен квадрокоптерді пайдаланып, панорамалық шолу жасайды. Мейрамхана экранында әлемнің әрбір түкпірімен байла­нысатын тікелей эфир жүргізіледі. Шығармашылық ұжымдардың жарықтық шоу көрсетілімдері – барлығы болашақта біздің орнымызды «Термір Батыр» деп аталатын қандайда бір робот-жүргізушілер басуы мүмкін екендігін көрсететіндей.

Той иелерін барынша сабырға шақырамыз
Үйлену тойы – эмоциялық қысым тудырып, жүректі ең толқытатын мерекелік кеш. Бұл кезде ата-анадан бастап, күйеу жігіт, қалыңдық, олардың қасындағы жігіт жолдас, қыз жолдасқа дейін уайымға салынады. Сондықтан үйлену тойын өткізерде біз үшін ең маңыздысы – той иелерін және ұйымдастырушыларды сабырға шақырып, «Ештеңені уайымдамаңыз! Сізде біз бармыз, демек, бәрі жақсы болады» деп барынша көңілдерін аулау.

Тойды түрлі стильде өткізуге де болады
Мен бір үйлену тойын «Adidas» стилінде ұйымдастырдым. Елесте­тіңізші, қонақтардың барлығы спорттық костьюмде болды, олар­дың қатарында мен де бармын. Ал бір тойым «Hard-Rock» үлгісінде өтті. Бірде күйеу жігіт пен қалың­дық той залына былғары костьюм киіп, балаларға арналған батареямен жүретін мотоциклмен, қолдарына ойыншық автомат ұстап шықты.
Әрине 99% классикалық түрде болады. Балкүлше, жас жұбайлардың биі, беташар мен тойбастар, Love-Story және Life-Band дегендей. Бірақ кейде той иелерінің қалауымен жоғарыда аталған той түрлерін ұйымдастырып тұрамыз.

Той иесі барлығын 100% бақылауда ұстауға талпынбағаны дұрыс
Мен жүргізген кештердің ішіндегі ең қызықты әрі керемет өткендері – аяқ астынан ұйымдастырылғаны. Бірде бір кісілер мерекелік кешке бірнеше күн қалғанда ғана хабарласып, оны жүргізіп беруімді сұрады. Оған бірдеңені ойластырып жатуға мүлде уақыт болған жоқ. Қолымда тек қонақтардың тізімі ғана бар. Соған қарамастан, іс-шара ойдағыдай өтті. Әрине, барлығына, әсіресе, үйлену тойына алдын ала дайындалу керек. Мейрамхана таңдау, ас мәзірі, безендіру, шоу-бағдарламалар, жүргізуші, фото-видео, кімнің сөз сөйлейтіні, оларды керек жеріне отырғызу дегендей. Ал қалғандарын кәсіби мамандарға сеніп тапсыру керек. Көптеген тапсырыс берушілер тойдағы әрбір ұсақ-түйекті бақылауда ұстағысы келеді. Олай етудің қажеті жоқ. Кейде, сондай шамадан тыс кінәмшіл болудың арқасында, міндетті түрде бір нәрсе дұрыс болмай шығады. Үйлену тойы – бұл мереке, көңіл көтеру, би билеп, шаттану. Ол жерде әрдайым жүргізушінің суырып салма өнері сыналады. Сценарийден аздап ауытқитын сәт те болады. Бұл қалыпты жағдай. Оған бола күйіп-пісудің қажеті жоқ.

Қай жерде де әзілдеп жүру әдетім
Үйде балаларыммен бірге үнемі әртүрлі оқиғалар мен ертегілер ойлап табамыз. Олармен рыцарь және айдаһар болып ойнаймын. Кейде балалардың алдында зомби боламын. Олардың зомбиі әрдайым, әрине, мен. Шынымды айтсам, үйдің үлкен баласы мен сияқтымын. Достарым мен таныс­тарымның арасында да үнемі әзілдеп жүремін. Бірде банкет бас­таларда тойды бірге жүргізетін дос­тарыма хабарласып, қайда екенін сұрадым. Өзім «мейрамханада тұрмын, бірақ ол жерде ешкім жоқ. Не істеймін?» дедім. Сөйтіп олар өздерінің алданғанын біліп, соңы қызық болған. Сол сияқты мұңаюға мұрша жоқ.