Жан әлеміӨзіңді дамыт

Сәтсіздік синдромы

Өмірде барлық адамның «сәті бір түспей қойды ғой» деп күйінетін кезі болады. Мысалы, сағатына бір-ақ рет жүретін автобус көз алдыңда өтіп кетеді; саған ауадай керек заттың соңғысын дүкенде тұрған жерінен басқа адам сатып алады; өкпе-назыңды білдіріп, сөз етіп отырған адамың кенеттен кіріп келіп, сені ыңғайсыз жағдайда қалдырады. Бұдан басқа да көптеген оқиғалар болуы мүмкін.

Біз түн артынан таң ататынын, сәл шыдасақ, бәрі де өз орнына келетінін жақсы білеміз. Бірақ үсті-үстіне қырсық шала бергенде, тек сәтсіздіктер туралы әңгімелегіміз келіп тұрады. Күллі әлем бізге қарсы тұрып, жаппай сәтсіздікке шырмалғандай сезінеміз. Алайда орын алған оқиғалар аса қорқынышты болып шықпайды. Түймедейді түйедей етіп алып, құлазып жүретін өзіміз ғана. Бұлай ете берсек, бірте-бірте өмірде жақсылық жоқ секілді көрінеді. Психологтардың айтуы бойынша, мұндай адамдарда сәтсіздік синдромы пайда болады екен.
Сәтсіздік синдромы – өмірдің қиындықтарынан қашудың әсерінен туындайды. «Жолы болмағандар» өмір бақи өкінумен, шағым айтумен жүреді. Сол әдетімен өзіне деген сый-құрметін, сүйкімділігін, достарын, танысын жоғалта бастайды. Осыдан кейін ол ешқашан жолы болмайтынына сеніп те қалады.

Бейбақты қалай танимыз? 

Оған мынадай негізгі сипаттар тән:

1. Өзін-өзі кемсітіп, аянышты сезінеді.
Арманыма жете алмаймын деп ойлайды. Себебі өзін қараңғылықпен қоршап алған: оның тұратын үйі нашар, мамандығы өзіне сай келмейді, ата-анасы жақсы көрмейді, оның дене-бітімі келіспей қалған. Яғни, жолы болмайтындар өзін аянышты етіп көрсетуден жалықпайды. Одан әйтеуір бір кемшіліктер табылап тұрады. Бақытты болуына кедергі келтіретін сол кемшіліктері деп ойлайды.

2. Шағымданғанды жақсы көреді.
Ол адам расымен де өмірінде бәрі нашар және ешқандай үміт сәулесі жоқ екеніне сенеді. Негізінде бәрі бірдей жаман емес, ол тек жаман жағын ғана көріп, соны ғана әңгіме қылады. Адамдардың шағым айтуы кей жерде қалыпты жағдай көрінеді. Бірақ, екі жақ та айтылған шағымның түк те маңызсыз екенін түсінгенде, өте жағымсыз әсер туындайды.

3. Өзін басқалармен салыстырады.
«Бұрын қандай болдым, қазір қандаймын?» деп өзіне сұрақ қойып, өзін-өзі бағалай алмайды. Өзіне басқалардың көзқарасы арқылы ғана баға береді. Өзін үнемі өзгемен салыстырып отырады. Бай әрі жетістікке жеткендерді көрсе, «Неткен жолы болғыш адамдар, мен де неге сондай болмадым екен?» деп өзін іштей бақытсыз, аянышты сезінеді.

4. Тапқан табысына қарағанда көп ақша жұмсайды.
Кірісі мен шығысын есептемейді. Үнемі қарыз алуға бейім. Қарыздан көз ашпай, несиемен өмір сүреді. Ол күйеуінің немесе әйелінің мойнына асылып отырады. Бұдан басқа да жағдайдағы адамдар болуы мүмкін. Бірақ көбіндегі басты мәселе – кірістен шығыстың көп болуы.

5. Олар өзге түгіл, өзіне сараң. Бұл үнемдеу емес, сараңдық.
Ақшасыз қалудан қорқады. Сондықтан үнемі «арзан» жерлерді іздейді. Арзан бағалар, ең арзан киім, арзан тауарлар… Нәтижесінде ол басқалардан төмен көрінеді, өз-өзін жайсыз сезінеді. Егер бұл адам бизнес ашатын болса, иесінің сараңдығы бұл бизнестің дамуына мүмкіндік бермейді.

6. Ол барлығының тез болғанын қалайды.
Болашаққа мақсат қойып, еңбек етуді білмейді. Оқуға, өзін-өзі дамытуға құлқысыз. Мансап құруды ойламайды. Тек қолына барынша тез ақша түссе, сол ақшаға ішіп-жеп, теледидар алдында рахаттанып жатуды жөн санайды. Ал дәл осылай ғұмыр кеше берсе, сәттілік өзі іздеп келіп, басына бақыт қонады деп ойлай ма? Мұндай адам қыстың қамын жазда ойлау керектігін ұқпайды.

7. Өзіне ұнамайтын іспен айналысады.
Әрине, көпшілігіміз кейде ұнамайтын істі жасауға мәжбүр боламыз. Бірақ жолы болмайтын адам өзіне ұнамайтын үлкен көлемді, жағымсыз іспен айналасады. Мысалы, ол өзіне жақпайтын жұмыста қызмет етеді, тіпті оған өз бизнесі де ұнамауы мүмкін. Ол бұл мәселелерді шешуге ұмтылмайды да. Сондықтан бұдан да сорақысына төзуге, айналысуына тура келеді.

8. Ол алтын уақытын бағаламайды.
Дәл осы сәт, секундтар мен минуттар, сағаттар, қаншама күндер уысынан сырғып, өтіп бара жатыр. Ол тіпті, мұны байқамайды. Егер алдында таңдау болса, ол ақшаны емес, уақытын құртар еді.

Егер сізде осы әдеттердің бірі болса, олардан барынша тез құтылуға асығыңыз. Өзіңізді кемсітпеңіз және аянышты сезінбеңіз. Керісінше, өмірдің жақсы жағын көре біліңіз, қолда барды бағалаңыз. Әр нәрсенің жақсы жағын көріп, соған қарай әрекет етіңіз. Сонда ғана өміріңізде сәттіліктер өздігінен орын алмақ!