Екеудің құпиясыЖан әлеміӨкініш

Сезім пәктікке қарай ма?

Құрметті Сырласу журналы, есімім Альфина, жасым 21-де. Қалам алып, сіздерге хат жазуыма жеке өміріме енген өзгерістер себеп болды. Бір жағынан қуанам, екінші жағынан басым қатты. Көмектесіңіздерші?! 21 жасыма дейін жеке өмірім болған жоқ. Мектепті үздік оқыдым, үнемі үйде отыратын үлгілі қыз болдым. Бірақ, осы үлгілілігім мені мезі етті. Өйткені өзімді жалғыз сезінетінмін... Осы жазда өзімнен 4 жас үлкен жігітпен таныстым. Русланға ессіз ғашық болдым. Алайда, ол ылғи менімен жыныстық қатынасқа түскісі келетінін айтатын.

Шыдамадым, осылайша екеуміз махаббаттың дәмді дәуренін бастан кешірдік. Мен әйел атандым. Бірақ, алғашқы түніміз аяқтала салысымен екеуміз қоштастық. Бүкіл қарым-қатынасымыз жоққа шықты. Себебі, ол үн-түнсіз жоғалып кеткен еді… Бірде құрбымның туған күн кешінде мен басқа жігітпен таныстым. Басым айналып, бақытқа кенелдім. Бұл нағыз ғашықтық болды. Мұндай сезімді бұрын-соңды бастан кешірмеппін. Алғашқы жігітімді сүйдім дегенім бекер болғанын енді түсіндім. Азаматты ойлап күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айрылдым. Қуанышыма орай оның да маған деген сезімі бар екенін түсіндім. Оны көргенде есімнен тана жаздайтынмын. Бірақ, құрбыларым біздің махаббатымызға қарсы болды. Өйткені, ол алматылық жігіт емес еді. Шығыс Қазақстан облысында тұратындықтан оңтүстік шаһарға сирек келетін. Соған қарамастан ешкімге құлақ аспадым. Кездесуімізді жаңа жылдан артық күтіп, күні-түні телефонмен, скайппен, әлеуметтік желілерде сөйлесіп жүрдік. Қарым-қатынасымыз екеуіміз үшін де маңызды болды, ол тіпті менің ата-анаммен танысқысы келетінін айтты. Білмеймін, бірақ оның түсінігінде біздің жұп болуымыз сенімде емес, менің әлеуметтік желідегі құпия сөзімді білумен, менің әрбір қадамымды қадағалау болды.

Ол менің өмірімде болып жатқан барлық жаңалықтарымды білгісі келді. Достарыммен алмасқан хаттарымды түгел оқып, маған сұрақтарын жаудыратын, сол үшін ұрсысатынбыз. Дегенмен, көп кешікпей өзі хабарласып, кешірім сұрайтын. Ең бастысы, ол үшін менің қыздығым өте маңызды болатын. Бірақ мен шындықты жасырмай жайып салғанмын. Өмірімде бір еркектің болғандығын білді. Сол себепті мені кешіре алмай, ұрысатын. Алайда, мені қимай қайта кешірім сұрайтын. Бірде жұмысында қиындықтар шығып, Алматыға жаңа жылға келе алмайтындығын айтты. Есесіне менің оның ауылына баруымды сұрады. Өзі хабарласып ата-анамнан сұрап алды. Осылайша оның ауылында бірнеше күн болдым.

Екеуміз бірге ұйықтап, бірге оянатынбыз. Сүйіктіңнің жанында ұйықтау қандай бақыт десеңші! Ақымақтығым сол махаббатымызды берік ету үшін мен онымен жақындасуымызды сұрадым. Ол қарсы болды, жыныстық қатынастан кейін сезіміміз бүлінетінін айтты. Бірақ, мен айтқанымнан қайтпадым. Сол түні бірге болдық. 1 аптадан кейін үйге қайттым. Бәрі өзгерді. Біздің бұрын сағаттап сөйлесетін әңгімелеріміз таусылып, «сәлем, қалайсыңмен» шектелетін болды. Мен не болғанын түсінбей, одан сұрадым. Ол «басымнан қиын кезеңді өткеріп жүрмін» деп әңгіменің ашығын айтпады. Күніне келетін 100 смс, қоңырау шалулар құрдымға кетті. Міне 3 апта өтті, ол мүлдем хабарласуды қойды. Соңғы уақытта өзімді жеңіл жүрісті әйелдей сезінемін. Русланға дейін онымен таныссам бәрі өзгеше болар ма еді? Не өзгерді, не болды? Қателігім қайдан кетті? Ол менің өзге жанмен әйел болғанымды ұмыта алмайтынын айтты. Шын сезім соған қарай ма? Мен оны сағынып жүрмін. Кеңес беріңізші, не істеймін?

Психолог кеңесі: 

Бұл өмірлік сабақ! Өмір деген киелі сапар екенін ұмытпаңыз. Ол сапарда сүрінбей, адаспай өту – адами болмысыңның қалыптасуының кепілі екені белгілі. Бірақ, түзу жолға қарағанда ирелеңдері, шырғалаңдары көп, адастыратын алдамшы әрекеттерінен сүрінбейтін, қателеспейтін пенде сірә, болмас. Адам рухани өсуге талпынуы тиіс. Рухани өсу үшін білімнің тереңірек -болуы қажет. Әрине, сезіміміздің сергелдеңге түсетін кездері де болады. Сондықтан да, қайғы-мұңды, жалғыздықты, қатыгездікті, сатқындықты да басыңнан өткересің. Мәселені өзің шешуге тырыс. Қиналсаң жақын адамдарыңмен ақылдас. Ең бастысы мақсатыңның айқын екеніне көзіңді жеткіз!

Құрметті Альфина, дәл қазір өз өміріңізде болып жатқан оқиғалардың барлығына зер салып, мұқият зерделеп көріңізші?! Мұның өзі сіз үшін өмірлік сабақ деп санап, айналаңыз қандай солай қабылдаңыз. Өзіңіз өзгеріңіз, сол кезде Сізді қоршаған Әлем де өзгеретінін ұмытпаңыз. Адам баласы өткеніне үңіліп, қазіргі тұрмыс-тіршілігімен салыстыра отырып, адами сабақ алып өспесе өмірдің мән-мағынасын да бағалай алмайды. Болдым-толдым деп асып-тасып, тоқмейілсіп, рухтың ең маңызды азықтарынан айырылып, тығырыққа тірелуі әбден мүмкін. Сондықтан, өз өміріңізге, әрбір басқан қадамыңызға, іс-әрекеттеріңізге өзіңіз жауаптысыз. Жауапкершілік жөніндегі өмірлік заң – өзіңмен-өзің жұмыс жасағандағы шешуші сәт. Әдетте біздер, жауапкершілік пен өзін-өзі кінәлауды шатастырып жатамыз. Өз өміріңнің жауапкершілігін өзіңе жүктеу дегеніміз – айналаңдағы адамдарды кінәлаудан, жамандаудан толықтай бас тарту. Ашу, ыза, шыдамсыздық адамдарға деген махаббатты жоғалтады. Қуанышты сәттеріңді көбірек еске түсір. Адам жаны сонда ғана іштегі ауыр азаптан айығып, сауыға бастайды. Қыс соңынан көктем келетінін ұмытпа!!!

Құрметпен, Жұпаргүл Бейсенов