СұқбатСырласу қонағы

Әнші Шахизада Байбатшадан БАҚЫТТЫ ЖАР БОЛУ ҮШІН 10 КЕҢЕС

1.Теңесу мүмкін емес

Екі жүрек қосылғанда, тағдыр қосты деп айтып жатады. Қазіргі таңда қыздарға күйеуге шығу да, жігіттерге үйлену де оңай емес. Ұзақ таңдап жүріп қалады. Десек те, қыз баланың басты міндеті – ана болу, оны әсте естен шығармаған абзал. Ә дегенде, екі адам бір-бірінің ойын, ішкі жан дүниесін бірден біле алмайды. Біраз уақыт өткен соң, үйреніседі, түсініседі. Қазіргі таңда жігіт те, қыз да өз мүддесін биік қояды. Бірақ, екеуі ешқашан теңесуі мүмкін емес. Әйел еркектен бір саты төмен тұрады. Бұл – заңдылық.

 2.Ақылға жүгінген абзал

Екеуі қосылғаннан кейін, бәрін ақылмен шешу керек. Кеше отау құрып алып, әр тарапқа ертең кету деген мүлде қате. Ол екі адамның өздеріне де, бүкіл психологиясына, жігіт пен қыздың ата-анасына, туған-туыстарына, достарына өте ауыр соққы. Сондықтан бірлесіп өмір сүрем дедің бе, Алла ажыратпағанша, басың бір жастықта тең қартайсын. Нендей нәрсеге бел бусаң да, ақылыңа жүгін, ешуақытта албырттыққа, асығыстыққа жол берме.

3. Ортақ мақсат қою

Үлкен қадамға барған соң, жастардың мақсаты ортақ болғаны жөн. Үнемі екеуі бір-бірін ұғынысып, бір бағытқа бет алған дұрыс. Бірі айтқанда, келесі үндемей тыңдап, өз ойларын кезекпен орындатқан оң болар еді. Әуелі біреуін жүзеге асырып, сосын екіншісінің талап-тілегіне көңіл аудару қажет. Сонда әркімнің ой-арманы орындалып, екеуге сай жүйесін таба береді.

4. Қиындыққа төзе біл

Пәтер жалдап тұрса, үйлі болуға талаптанған дұрыс. Баспанасыздық – үлкен қиындық, бірақ ерте ме, кеш пе ол өз шешімін табатыны даусыз. Оған бола қатты уайымға салынудың қажеті шамалы. Жалпы, шаңырақ көтергенде осындай басқа небір түрлі мәселеге тап болғанда, тек қана төзімділік қажет. «Сабыр түбі – сары алтын» деп қазақ халқы бекер айтпаған.

5. Жолдасыңның айтқанын екі етпе

Кешке үйге жолдасың шаршап келгенде, қас-қабағына қара. «Менде жұмыстан келдім ғой» деп өзіңді жан жарыңмен салыстырма. Онымен санаспа. Ер адам мен әйелдің табиғаты екі бөлек. Қандай да бір бұйрық күйеуіңнің тарапынан түскенде, оны мүмкіндігінше екі етпей орындаған жөн. Күнделікті бабын тап. Сонда өзіңді сыйлы боласың.

6. Енені анаңдай көр

Келін болып түскен күннен бастап, енемен тығыз байланыс орнату қажет. Еріңнің шешесі – екінші анаң. Оны туған анаңдай сыйлауға дағдылан. Қай уақытта да, тіл табысып, өз міндетіңді адал атқар. Ол кісі қаталдау болса да, айтқаны көңіліне қонбаса да, ақ самайы мен жасын есіңе алып, оған әдеп көрсетуден жаңылма. Үлкеннің ығына жығылып, елгезек болсаң, енең де сені ұлына мақтайтына көз жеткізетін боласың.

 7. Арада көпір орнату

Ақ босаға аттағаннан кейін, қыз күніңдегі барлық еркелікті аңсайсың. Өз ата-анаңды, бауырларыңды, тіпті құрбы-құрдастарыңмен кездесуді қатты сағынасың. Әйтсе де, «арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмеу» қажет. Олармен де өзара байланысты үзбей, жан-жақты көпір орнатқан дұрыс. Ебін тауып, жақындарыңнан да, достарыңнан да алшақтама. Дегенмен, бастысы өзің шаңырағының шырақшысы екеніңді бірінші орынға қой. Содан соң, қалғандарына көңіл бөліп, бәріне үлгеруге дағдылан.

8. Көпбалалы болуға ұмтыл

Сүйікті жар болғаннан соң, аяулы ана болу – ең негізгі міндеттердің бірі емес, бірегейі. Күйеуің қалап, денсаулығың жарап тұрса, көпбалалы болуға ниеттен және оны өз деңгейінде жүзеге асыр. Баланың саны неғұрлым көп болса, үйде ырыс пен бақ соғұрлым мол болып, шұғылалы шаңыраққа айналады. Заманауи стандарт екі бала болса, оны екі, үш еселе. Ұтылмайсың.

9. Өзіңді күтімге алуды ұмытпа

Қай уақытта да өзіңді күтуден еш жалықпа. Тіпті сен ең алғаш келін болып түскен күннен бастап өмір бойы құлпырып жүруге тиіссің. Барлық әдемілігіңді сақта, одан сайын гүлде, жайна. Күйеуің саған күнде ғашық болатындай бол. Жұмысың әдеттегіден ауырлап, бала-шағадан қолың қалт етпей жатқан күнде де өзіңе қарап, сұлулығыңды сақтауды әдетке айналдыр. Бақытты жар болудың басты шарттарының алғашқысы да – осы.

10. Үлгілі отбасы атан

Осылай үнемі еңбектенудің арқасында, әуелі үлгілі отбасын жасап алсаң, одан кейін тасың өрге домалайтыны анық. Қай уақытта болашақта жақсылықтың болатынына сену керек. Өмірдегі кез келген игі істердің ұйытқысы болуға өзің де жиі тырыс. Өзгеге көмектескен сайын, Құдай мәртебеңді арттыра түседі. «Шағын мемлекеттің» шайқалмай тұруы әйел адамға байланысты. Ендеше, әр аруға айтарым, үлгілі отбасы болу – өз қолыңда.