Жан әлеміӨкініш

Шақыру қағаздың «шері»

«Тойдың болғанынан боладысы қызық» деген. Көптен сыйласып, араласып жүрген Бақыт апамның кенже қызы Гүлдананы ұзатамын деп, той қамымен абыр-сабыр болып, әбіржіп жүргенін көрдім де, «менен қандай көмек керек?» деп сұрадым. Апам қуанып кетті де, 4-5 шақыру қағазының таратылмай қалғанын айтып, қолыма ұстатты. Өзіме таныс мекен-жайларға асығып, жүгіріп кеттім. Жолшыбай түрлі ойға да беріліп, өткен-кеткенді есіме түсіріп келемін. Біз қаланың әр шетінде пәтер жалдап тұрсақ та, жиі-жиі кездесіп, бас қосып, бір-бірімізге ақыл-кеңес беріп отыратын едік. Бұл күнде, құдайға шүкір, бәрінің бір-бір коттеджі, жеке үйлері, 3-4 көліктері де бар. Бірақ, анда-санда болмаса, бұрынғыдай емес, араларымыз да алыстап барады. Сан түрлі ойдың құшағында шырмалып, Жансерік аға мен Айымкүл тәтенің үйіне де келіп, есік қақтым... звонок...

– Айсана, қалқам, амансың ба? Көп болды ғой көрмегелі, қайдан жүрсің?

– Айымкүл тәте, қалдарыңыз қалай? Аға үйде ме?

– Жоғары шық, қалқам.

Тәтем бәйек болып, мені қайта-қайта құшақтап қояды. Мен уақытымның тығыздығын, әлі біраз жерге баруым керек екенін айтып, Бақыт апамның сәлемін жеткізіп, шақыру қағазын ұсынғанымда, Айымкүл апам мұңайып, көзіне жас алды.

– Біз тойға бара алмаймыз. Соңғы уақыт ағаң ауырып жүр және көпке айта бермейтін, жанымызға бататын бір сыр бар. Өзің білесің, қызымыз Арай 40-қа келеді, әлі тұрмыс құрмады, Ұлымыз 30-дан асса да үйленбеді. Әр тойға барып қайтқан сайын, мұқалып, қажып келеміз. Бізбен қатар кісілер құда-жекжат атанып, немере сүйіп, қызық-қуаныш көріп отыр. Жас келген сайын біз де сондай күндерді армандаймыз. Тәтем жанарға іркілген жасын тия алмады, мен біраз жақсы тілектер айттым да, үйден шығып кеттім.

Ия, ұлың ер жетіп, қызың бойжеткен соң, олардың бақытын тауып, өз алдына үйлі-боранды болуын көру – ата-анаға басты мақсат, арман екен ғой. Кейде қасымыздағы жандардың мұң-қайғысын да түсіне бермейді екенбіз-ау. Осылайша, мен тағы да келесі мекен-жайға келдім. Бұл үйдегі Боранбай аға мен Жәмила жеңге де қуана қарсы алды. Бірақ той қағазын көрсеткенімде, олар да мұңайып:

– Еее, кешегі кішкентай Гүлдана да бойжетіп қалыпты. Зымырап өтіп жатқан уақыт қой, балалар бақытты болсын. Бірақ біз тойға бара алмаймыз.

Мен сұрап үлгергенше, Жәмила жеңгем әңгімесін жалғастырып кетті. Соңғы уақытта тойларда құда мен құдағи бір-бірімен қауқылдасып, құйрық-бауыр жеп жатса, біз қызыға қарайтын болдық. Тіпті, жүрегіміз ауырады, өзің білесің ғой, біздің құдалар өзге ұлттың өкілдері, бәрі шетелде тұрады. Несін айтасың, өз тіліңде көсіле сөйлеп, құда-құдағи деп, бір-бірімізбен шүйіркелесіп, дәмдес болмаған қиын екен. Осы уайым бізді мүжіп барады. Біз тілектеспіз, тойлары жақсы өтсін.

Ия, бұл үйден де селсоқ шықтым, кеше ғана жарқылдай сөйлеп, жадырай күліп отырған, ортасын думанға бөлейтін осы аға-апаларым белді қызмет атқарған, балаларына да жақсы тәлім-тәрбие, білім берген кісілер еді… осындай уайымдары бар деп ойламаппын. Енді Таңат аға мен Асылдың үйіне келдім. Білмеймін, неге екенін, ішке кіруге бас тартып, шақыру билетін беріп, тезірек кеткім келді. Бірақ, Асыл болмай, қонақ бөлмеге алып келді, өзі сөйлеп отыр.

– Тойға бара алмаймыз… Мына бес күндік тіршілікте құда-құдағиыңмен сыйласып, сырласып жүргенге не жетсін?! Бірақ, кезінде жіберген қателігіме бүгінде өкініп отырған жайым бар. Өзің білесің, біздің балалардың шаңырақ көтергеніне 15 жылдай болса да, құда-құдағиымызбен бірге жүріп, балалар алдында дұрыс қылық көрсете алмадық. Не болса соған ренжісіп, дауласып, ашуланып, өмірдің көбісін өткізіп алыппыз. Жуырда бір түс көріп, құдағиымды ертіп, Оқ жетпесте демалып қайтқан едім. 15 жылда болмаған сол он күнде, өзімді бақытты сезіндім. Осы уақытқа дейін олармен қатар жүрмегеніме өкіндім. Оқ жетпестен келген соң, көп ұзамай құдағиым Мәрияның қан қысымы көтеріліп, қайтыс болды. Кімге кінә артайын, «жауластырмақ жаушыдан, елдестірмек елшіден» дегендей, сол кезде бізге «қойыңдар, құда мың жылдық» деген сөзді айтып, жарастырғысы келетін жақындарымыз болмады. Жалпы, бала мен бала бірін-бірі шын сүйіп қосылған соң, екі жақтың да бір-біріне түсіністікпен қарағаны дұрыс екен. Осылай, қарағым. Не дейін, бүгінде біреуге ақыл айту оңай болғанмен, адамдардың қателіктерін мойындай білуі қиын ғой, ештеңе айта аламайсың.

Алматы деген шаһарды Абай даңғылымен екі аяғымды әрең басып, еңсем түсіп келе жатыр едім, алдымнан жас жұбайлар мінген көлік керуені улап-шулап, сырнайлатып, өтіп жатыр. Үнсіз қарап тұрып, олардың бақытты болуын тілеп, бұрыла бергенімде, жол шетінде қол арбада, бүк түсіп, еңкілдеп жылап отырған жас жігітке көзім түсті. Сәл-пәл жүре бергенімде, терек түбінде бір уыс боп бүгіліп отырған әйелді көріп, ауырып отыр ма деп, қасына жүгіріп бардым. Ол үнсіз егіліп, басын шайқай берді. Мен оны қапсыра құшақтаған қалпымда сол маңайдағы дәмханаға алып келіп, қал-жай сұрадым.

– Ана арбада отырған менің балам, мектепті үздік бітірген. Бес тілді меңгерген білімді, жалғыз ұлым еді. Күйеуімнен ерте жесір қалсам да, жалғызымды қатарынан кем қылмаймын деп, күндіз-түні жұмыс істеп, оны оқытып-тәрбиелеп едім. Балам Мәскеуде оқып жүргенінде, бір үлкен шенеуніктің қызымен сөз байласып, үйленбекші де болды. Бірақ менің жесір әйел екенімді, жатақхананың бір бөлмесінде тұрып жатқан жай-күйімді білген соң, қыздың әке-шешесі үзілді-кесілді қарсы болыпты. Тағдырдың ісі ме, әлде адамның қолымен жасалған қастандық па, әлі күнге дейін білмеймін, апталдай азамат баламды біреулер соққыға жығып, содан балам оңала алмай, арбаға таңылып, мүгедек болып қалды. Оның күнделікті қабылдайтын дәрі-дәрмегіне, жеке күтіміне бүгінде қыруар қаражат керек. Өзім болсам қазір жұмыстан қол үзгенмін, күндіз-түні баламның қасында отырам. Амал жоқ, оны арбаға салып, көшеге шығып, беттің арын бес түйіп, өткен-кеткеннен 5-10 тиын аламыз. Бұл өмірде мен үшін байлық, атақ-даңқтан гөрі баламның жағдайы ойлантады. Оның он екі мүшесі сау болғанда мен мына өмірден армансыз өтер едім. Мен тірі болсам, ол да тірі ғой. Мен бір күні құлап қалсам, оның күні не болады деп қиналамын. Көшеде өткен жас жұбайлар мінген көліктерді көргенде, жаным қатты қиналады. Жалғызымның сондай қуанышты күнін көре алмаймын ба деп құсаланамын.

Шыбын жаным шырқырап, бейтаныс әйелді жұбататын сөз таппадым. Әрі-сәрі күйде отырғанымда, қалта телефоным шыр ете қалды….

– Алло, апа қайда жүрсіз? Өзіңізге айтарым, сіз қанша жерден ренжісеңіз де, мен Жанеркеге үйленемін деп шештім.

– Жарайды, құлыным, дегенің болсын. Үйлене ғой. …

Менің дауысым бәсең шықты.

– Апа, шын айтасыз ба? Сіз осы уақытқа дейін «ол ауылдың қызы, алмайсың, мамбетка» дейтін едіңіз ғой, не болды сізге?

– Құлыным, менің Алматыда ұзақ жылдан бері тұратын бір апайым мамбет, мамбетка деген сөздерді жиі айтатын, содан үйренгенім ғой. Жалпы, қазақты қазақ кемітіп айтатын осы сөздің мәнісін ұқпаппын. Қазақта бұрын қала деген болмаған, бәріміз кең даладан өсіп-өнген ұрпақпыз ғой, ауылдың қазақтары деп айтқаным күпірлік екен. Мен ауылдағы құдаларымның құдасымен де, көршісіменде тіл табысып, келінімді қызымдай көріп, жақсы көремін. Сен осыған сене бер, балам!

–Апа, ауырып тұрған жоқсыз ба, үйге тезірек келіңізші…

Мен бір күннің ішінде шақыру билетін таратамын деп жүріп, өзімнің қалай өзгеріп кеткенімді сезбей қалыппын. Бар адамның арман, мақсатына жетіп, бақытты болуларын, құда-жекжаттың бір-бірімен сыйлас, сырлас болуын тіледім. Неге десең, құдалар берген құндыз ішік тозар, жақұт-гауһар тоналар, болмаса жоғалар. «Отан отбасынан басталады» десек, сол Отанның оты өшпеуіне себепкер болайық. Ұлттың болашағы ұрпақтан. Ұрпағымыздың ұлағатты болуына ат салысайық, күнделікті қым-қуыт тіршіліктің қамымен жүріп, жанымызда жүрген жандардың жүрегіне түскен сызатты сезбей қалмайықшы!

ҚР Мәдениет қайраткері , телерадиожурналист

Ләззат ҚАПЫШЕВАның

«Өмірдің өзі новелла» кітабынан.