Жан әлеміӨкініш

Шариғатқа шырмалған неке

Раушан алты жыл бірге тұрған  күйеуімен 4-5 ай бұрын ажырасып кеткен. Ажырасқандары да қызық, күйеуі «талақ» деген сөзді үшінші рет айтып, екі балаға да қарамай, мұны төркініне әкеліп тастаған. Негізі сыныптасым да, күйеуі де бес уақыт намазын оқитын, жақсы университетте жоғары білім алған, көзі ашық адамдар. Екеуінің ажырасуына күйеуінің ынжықтығы себеп болғанын бұған дейін кездескен кездерде айтқан еді.

Бүгін таңертең сыныстас құрбымның қоңырауынан ояндым. Жаны қалмай шырылдаған ұялымды көтерсем, арғы жағында құрбым шырылдап тұр. Өксігін баса алмай «Бұрынғы күйеуім үйленіп кетті» дегенді әрең айтты. Оған жұбату, қолдау сөзімді айтып, кездесуге шақырдым…

Раушан күйеуімен осыған дейін екі рет айрылысып, қайта қосылған. Ол кезде де орталарында екі баласы болғандықтан қайта қосылғандарын қалап, құрбымның ашуын басуға тырысқанмын. Ал, осы үшіншісінде «қайта қосылуға болмайды, себебі «талақ» деп айтты деп жылап отыр.

Айтуынша, күйеуі шешесінің айтқанынан шыға алмайтын, жұмыс істегісі келмейтін, ерке, жалқау бала екен. Бұл да енесінің бұйрығымен жүріп-тұрған. Тіпті өз еркімен сыртқа да шыға алмапты, үнемі үй тірлігімен ғана айналысып, мамандығы бойынша жұмыс істемеген.

Раушанның ол жігітке тұрмысқа шығуы да бір қызық еді. Өзінің басқа жүріп жүрген жігіті бар еді, бірақ ол ауылдыкі болды. Ол Раушанға қалаға келмейтінін, ауылда өсіп-өнетіндерін ашып айтты. Содан бастап менің құрбым қашып, одан бойын аулақ ұстайтын болды. Бір күні күйеуімен алыс туыстары арқылы танысып, үш рет кездесуден соң құдалық өтті.

Ол күйеуі өзінен екі жас кіші, қаланың баласы. Ешқашан таршылық пен қиыншылық көрмеген. Тұрақты жұмысы жоқ, бірақ дінге бет бұрып, намазға жығылған жігіт.

Кездескенімізде Раушан: «Мен ол кезде ақымақ болған екенмін. Өзімнің баяғыда кездесіп жүрген жігітіме тұрмысқа шыққанымда бұлай екі баламен қалмас едім. Мен күйеуіммен шариғат бойынша үш рет қана кездестім ғой, оның қандай адам екенін, мінезін білмедім. Тек «намаз оқиды, ішпейді, шекпейді, жақсы адам» деп, қосыла салған едім. Міне, менің қателігім. Адамды толық танымай тұрып, жаңа өмірге қадам баспау керек екен. Кейін некеміз қиылып қойғанда ғана оның «мамасының баласы» екенін және өздігінен шешім шығара алмайтынына көзім жетті. Соған қарамастан, бала туылған соң жауапкершілік сезімі оянып, пыситын шығар деп үміттендім. Анасы не десе, солай жүрді. Қолынан бір іс келмейді. Тіптен әкесінің кішігірім компаниясындағы шаруаларды атқара алмайды. Біз осы үшін жиі ұрсысатынбыз. Енді сол ұрыстың арты ажырасуымызға әкеп соқтырды. Бірақ, оның бірден үйленіп алғанына таңқалдым. Ол өзі мүмкін қаламаған шығар, анасының айтқанын істеп отыр», – деп, бір жағынан алты жыл бірге тұрған жарын опасыздыққа қия алмай отыр.

Бұрын шариғат бойынша үш рет көргеннен кейін отбасын құру керек дегенді естіген едім. Меніңше адамды алдымен танып-біліп барып некелескен жөн сияқты. Осы орайда дін мамандары мен психологтар қандай кеңес айтар екен?

Құрбыма енді күйеуге шығуға бола ма, оған қалай көмектемін. Жасырақ қызға үйленген күйеуі енді бұған қайта келмейтін сияқты. Қазір құрбым еркек атаулыны жек көріп, енді тек балаларым үшін өмір сүремін деп отыр. Десе де, арқа сүйейтін адамның болғаны жөн емес пе?!

Балжан, Ақтөбе қаласы