Сұлулық

Шаш түсуінің 8 себебі

Адамның шашы бірнеше ай сайын жаңарып, күн сайын 50-100 талы түсіп отырады. Бұл қалыпты жағдай. Дегенмен, кей жағдайда  ол дерттің белгісі болуы мүмкін. Күмәндансаңыз, дереу дерматологке жүгінгеніңіз абзал. Сонымен, біз «Шаш неге түседі?» деген сұрақтың бірнеше жауабын таптық:

371Қаралымдар

1. Telogen effluvium

Ең кең таралған мысалдың бірімен түсіндіре кетейік: әйел босанғаннан кейін 4-6 айдан соң уыстап түскен шашын көріп, таз болып қалардай күй кешеді. Негізінде, олай емес. Жүктілік кезіндегі гормондардың құрылымына байланысты шаш денеде әдеттегіден ұзақ тұрады. Кейін ағза барлығын реттеп, ескі шаштан арыла бастайды.  Сонымен қатар, шаш күйзелістен немесе ауыр хирургиялық отадан кейін бірнеше ай өткен соң көп түсетінін ұмытпаңыз.

Емдеу жолы: Отадан немесе босанып келген соң ештеңе істей алмайсыз, тек күтесіз. Егер ішіп жүрген дәрі-дәрмегіңізге байланысты шашыңыз түсіп жатса, онда оны ауыстыруға тура келеді.

2. Тұқым қуалау

Егер ата-анаңыздың бірінде осындай мәселе болса, онда ол сізге ген арқылы берілуі мүмкін. Процесс 25-30 жаста бастың белгілі бір бөлігінен басталып, уақыт өте келе тұтас қамтиды. Дәрігерлер генетикалық тест пен бас терісінінің биопсиясын тексереді. Егер шаш түйіншесінде аздаған өзгеріс болса, онда мәселе геннен келіп тұр деген сөз.

Емдеу жолы: шаштың бұлай түсуін тоқтату мүмкін емес. Алайда, арнайы дәрі-дәрмектің көмегімен баяулатуға болады.

3. Қызыл жегі

Бұл – сау ұлпаға иммундық жүйе шабуылдайтын аутоиммундық дерт. Сырқаттың шашы түскеннен бөлек, әрдайым шаршап, басы, бұлшық еттері ауырып, жарыққа шыққанда тым сезімтал болып кетеді. Қызыл жегіні қан сараптамасын жасап барып анықтайды.

Емдеу жолы: емін тек дәрігерлер тағайындайды.  Аталған белгілерден бөлек бас терісі қышыса, онда дәрілер қатарына емдік жақпа майды да қосу керек.

4. Қан аздық

Етеккір кезінде әйелден көп қан бөлінсе немесе темірге бай тағамдарды тұтынбаса, адамның қан аздыққа шалдығатыны анық. Яғни, денеге оттегіні сіңіретін қанның қызыл түйіршіктері азайып кетеді. Шаш түсіп, тез шаршау басталады.

Емдеу жолы: сараптамадан кейін мамандар сізге құрамында темірі көп дәрілер жазып береді. Сонымен қоса, ет, балық пен бұршақ қосылған тағамдардан тұратын диета ұсынады.

5. Поликистоз

Мысалы, бетте шаш болмайды, бірақ кей әйелдердің бетіңде шаш бар. Мұны медицина тілінде поликистоз деп атайды. Гормондардың ауытқуы десек қателеспейсіз. Дәл осы себепті бастағы шаш азаяды.

Емдеу жолы: дәрігер тестосеронды қалпына келтіріп, келеңсіздіктен арылу үшін гормоналды таблеткалар жазып береді.

6. Бас терісінің мәселесі

Қайызғақ, жара, зең инфекциялары бас терісінің қабынуына алып келеді. Бұлар шаштың өсуіне кедергі келтіреді. Қайызғақ сырт көзге білініп тұрады. Бас терісіндегі ақ түйіншектер – жаралар. Ал, зең инфекциясы түссе, қызыл дақтар пайда болады.

Емдеу жолы: қайызғақты арнайы сусабындар кетіреді, ал жараны дәрі-дәрмек көмегімен емдейді. Инфекция үшін зеңге қарсы құралдарды қолданады. Барлығын дәрігер бекітуі керек.

7. Алопеция (шаш түсу)

Бұл – аутоиммундық дерт. Дерт кезінде иммундық жүйе шаш түйіншесіне қарсы шабуыл жасайды. Мұның бірден бір себебі – күйзеліс. Дегенмен, бұл нақты шешім емес, оның салдары өте көп. Алопецияның үш түрі бар: ошақтық (бастың белгілі бір бөлігінде ғана шаштың болмауы), толық (бастың түгел шашсыз қалуы) , әмбебап (денедегі барлық түктің түсіп қалуы).

Емдеу жолы: дәрігер шаштың түсуіне қарсы дәрілер жазып береді. Сонымен қатар, күйзелістен арылудың жолдарын ұсынады.

8. Белсенді күтім

Сусабынды, кептіргіш құралдарды жиі қолдану шашқа кері әсерін тигізеді. Олар әлсіз әрі сынғыш болып, түсе бастайды.

Емдеу жолы: бас теріңізді күйдіріп алудан сақтау үшін құралдарды орташа температураға қойыңыз. Түзулейтін үтіктерді қолданбаңыз және шаш түсін дереу өзгертпегеніңіз абзал.