Бала тәрбиесіОтбасы

Шашбау сыңғыры…

Тәрбиенің бір бұтағы – қазақ қызының киген киімдері мен әшекейінің құпиясында сақталыпты. Біз зергерлік бұйымдардың әдеміліктен басқа да, сан алуан атқаратын қызметін біле бермейміз. Атам қазақ қазақ қызына тәрбиені, әдемілік пен әдепті бесіктен бастаған. Мәселен, Михаил Артамонов «Скиф қорғандарындағы қазыналар» еңбегінде «Даланың Мадонналары 15-16 жасында көшпенділердің сән академиясынан, яғни аналарының үлгі-өнеге университеттерінен өткен»,- дейді.

Қазақ қыздары жасы он үшке толғанда қос бұрымына салмақты шашбауды қоса өріп, аяулысының тік жүруін, қайқы кеуде, құрық мойын болуын қадағалайды.  Ал 13-14 жасында құлағындағы сыңғырлаған сырғаларға асыл тасты бойтұмар, шолпы үндері қосылып, ырғақты әдемі әуен, кішігірім симфониялық оркестр үнін құраған. Бешпетіне таққан ұсақ тиындар мен теңгелер қыз қозғалғанда шолпыға қосылып сыңғырлап дыбыс береді.

Балауса қыздың жүрісін, қимылын, әдептілігін қалыптастыру үшін қоңыраулы шолпыны көбірек қолданған. Астарына үңілсек, қоңыраулы шолпыны таққан қыздар далада жүргенде, қатты күлсе, жүгірсе, шолпы сыңғырлап, дабыл қаққан. Бұл – бір. Ал шолпысына маржан моншақ таққан қыздар оғаш қимыл жасаса, шолпы моншақтары салдырлап жағымсыз дыбыс шығарып, иесі оқыс қылығын дереу тоқтатқан. Қандай ғажап үйлесім… Шолпының бұл сылдыры оларды елең еткізіп, жинақы болуға мәжбүрлеген.

Шолпының әуеніне байланысты ырғақты қозғалысты сезініп, аяғын аңдап басып, қалқып жүруге дағдыланған. Қазіргі тілмен айтқанда, дефиле – көрікті әсем бой түзеуді, түзу сәнді жүруді арнайы үйрететін сәнгерлер мектебінің рөлін атқарған.Шолпы, шашбау сыңғыры қыз баланың үйге қарай келе жатқанынан хабар берген. Үлкендер жағы артық сөзін тыйып, қыз алдында өздерін тәртіпке шақырған. Балғын қыздар денесін тік ұстап, бойдағы сенімділікті қайрап, кез келген ортада өзін-өзі еркін ұстай білуді балалық шақтан үйренеді.Шолпының салмағының әсерінен шаш ұзын болып өскен. Бұл тұжырым биологиялық тұрғыдан расталған ақиқат.

Шолпы мен шашбауды бұрым тарқатылып кетпеу үшін таққан және ол этномәдени ұғым. Халықта “адам жанының бір ұшы шашында” деген түсінік тағы бар. Осы түсінікке байланысты аналарымыз шаштарын әр жерге тастамай, түскен әрбір талын жинап, мұқият орап, адам баспайтын жерге көміп отырған және аталған ырымның мән-мағынасын қыздары мен келіндерінің жадына жалаң, құрғақ сөзбен емес, ұлттық ұғымға жақын аңыз-әңгімелермен құлаққа құйып отырған.

Міне, әшекейлер әуені осылайша бірнеше міндетті қатар атқарған. Қазақ қыз тәрбиесіне ерекше ден қойған, тәрбие мен қатар жас бойжеткеннің жан, тән дүниесінің сұлулығына біртұтас қараған. Бір ғана шолпы мен шашбаудың міндетін данышпан аналар осылай тарих  беттеріне  түсірген. Олар университеттерде, өнер академиясында, текті қыздар институтында, Еуропа асып Лондондағы Қасиетті Мартин атындағы Орталық өнер және дизайн колледжінде немесе арнаулы кәсіби модельдер мектебінде оқыған жоқ. Бірақ олар  сән академиясы мен Даланың Ұлы аналарының дәстүрлі үлгі-өнеге университеттерінен өтті. Олар ғасырлар бойы қыздарға бесіктен дарыған рухани әдеп пен ибалық мектебінен сабақ алды.