Жан әлеміӨзіңді дамыт

Шегінбе!

Disabled Young Woman in Wheelchair Enjoying outdoors.

 Бір ғана мезет сені барыңнан айырып, қос қолыңа кісен, аяғыңа тұсау салуы мүмкін. Барлық арман-мақсатың күлге айналып, үмітің үзіле салуы ғажап емес. Бір ғана «аһ» дегенде соңғы демің де шығып кете береді. Өйткені бұл өмір...

309Қаралымдар

Мен әрдайым көңілді жүретін қыз едім. Мектептен қайтар жолда табиғатты тамашалап, музыка тыңдағанды жақсы көрдім. Болашақта баскетболшы болғым келетін. Тоғызыншы сыныпта, көктемнің жайдары бір күнінде мектептен үйге қайтып бара жаттым. Бағдаршамның жасыл көзі жанып, жүре бергенім сол еді, дүние астаң-кестең болды да кетті. Аспан айналып жерге түсті ме немене, ештеңе ұғар емеспін. Көзім ашық, бірақ әлемді сезінбеймін. Барлық өмірім көз алдымнен кино таспасындай өтіп жатты. Ата-анам, бауырларым, оқуым, арманым ше?..


Бірде топырлаған адамдар мені көтеріп, зембілге салды. Жол жүріп барамыз. Бір кезде көзім жұмылып кетті. Көзімді қайта ашсам, жап-жарық әлемді кезіп жүрмін. Адамдардың дауысы естіледі. Қай жақтан шығып жатқанын білмеймін, оған жеткім келеді, жете алмаймын. Бір кезде есімді жинадым. Дүниеге жаңа келгендей, бәрі таңсық. Айналама қарасам, ауруханада жатырмын. Анадай жерде ақ халатты дәрігер жүр. «Үйге бара жатыр едім ғой, неге мұнда жатырмын?» Таныс дауыс естілді. Анам екен. Қасыма жетіп келіп, «ботам-ау, бәрі жақсы болады, бәрі жақсы болады» дей берді. Көзінде жас. «Неге жылап жатыр?» деймін. Бір кезде «тұрайын да, жұбатайын» деп, аяқтарымды қозғай беріп едім, белімнен төмен жағым жоқ та, үстіңгі жағым ғана бар сияқты. Аяғыма көзімнің қырын салып, қимылдатуға тырысам. Бас салып, тұруға талпынамын кеп. Бірақ аяқтарымды қозғалта алар емеспін. Осы кезде мектептен қайтқандағы оқиға есіме түсіп, ненің не болғанын ұққандаймын. Содан қанша тырыссам да амалымның жоқтығына көзім жетті. Анама қарап, қолын қысып тұрып, «Аяғым, аяғым, анашым, аяғым!» деп айқайлай бердім.


Күн өткен сайын «мұның бәрі түс, ертең бұл ұйқыдан оянамын» деумен болдым. Ойымның бәрі қалайда оянып кетіп, қорқынышты түстен құтылу, өз әлеміме қайту. Арбаға таңылғаныма сенбеймін. Ақыры тіке айтпаса да, шарасыз көзқарастардан енді жүре алмайтынымды білдім. Мен үшін бұл әлемнің жарығы енді керек еместей. Адамдардың аянышты көз қарасы… Ата-ананың сынық жүздері. Дәрменсіздігім жаныма батып барады… Тіпті, дәретке де өзім шыға алмаймын. Бәрі-бәрі өмір сүруіме негіз жоқ екенін ұқтырғандай.


Ешкімді көргім де келмеді. Тіпті, жаныма тірі жанды жолатпадым. Ойымның барлығы «суицид». «Ата-анама артық салмақ болып, өмірбойы бұлай жүргенше өлгенім артық» деп ойладым. Бұл ойымды сезді ме, әлде жігерлендіргісі келді ме, маған психологқа жолдама берілді. Арбасына таңылып, жап-жарық бөлмеге кірдім. Бөлмеде үстінде бір тал гүлі бар үлтел ғана. Психологы қайда, қайда келдім деп іштей қобалжыдым. Ол бір кезде жабулы перденің артынан асықпай шығып келді. Маған қарсы отырып, көзіме тіке қарап, «Өзіңді таныстыр» деді. Мен не істей аласың дегендей: «Сынған адаммын» дедім. Менің құжаттарым алдында тұрса да, бәрін тәптіштеп сұрай берді. Мен оған ала көзбен қарап, кей сұраққа жауап қатпай қоямын. Психолог бірде шындап іске кірісейін дегендей, «Сен не себепті суицидке бармақшысың?» деп сұрады. Мен: «Мына қалпыммен кімге керекпін? Бүйтіп өмір сүрудің мағынасы неде?» дедім. Ол маған қадалып қарап отырып, «Аяла, сен білесің бе? Әлгі жол апатынан сен өліп кетуің де мүмкін еді. Бірақ сен аман қалдың. Бұл саған Құдайдың берген мүмкіндігі. Сен небәрі 15 жастасың. Өмірің әлі алда. Қатерлі ісік деген ауруды білесің бе? Оған шалдыққан адамның жазылуы екіталай. Сол ауруды жеңіп аяққа тұрғандар бар. Олардың қасында сен не үшін тұра алмайды екенсің?! Сен әлі ешнәрсе істеген жоқсың ғой?!» деді.


Сол күннен кейін ойланып, өмірге деген көзқарасым өзгергендей болды. Ол кісі менімен күнделікті жұмыс жүргізді. Содан өзімнің бұл күйімді қабылдай бастадым. Бір күні арбамен аурухана бөлмелерін аралап, адамдармен сөйлескім келді. Көрші бөлмеде менімен қатар бір ұл бала жатты. Өзі сондай ашық-жарқын, мені бір көргеннен өзіне баурап алды. Сұрастыра келе оның әлгі психолог айтқан аурумен ауыратындығын білдім. Тіпті, қанша талпынса да, өмір сүруге еш үміті жоқ екенін естідім. Ол оған қарамастан, үнемі көңілді жүретін. Мұндай адамның жадыраған жүзін көріп, өзімнің өтірік дәрменсіздігімнен қатты ұялдым. Екеуміз күні-түні сөйлесіп, тіпті бауыр басып кетіп едік.


Жұма күні екені есімде. Таңертең күнделікті әдетіммен Құрмаштың бөлмесіне барсам, жоқ екен. Емдеу шарасына кеткен болар деп, күні бойы күттім. Бірақ келе қоймады. Содан медбикелердің біреуінен «Құрмаш қайда кетті?» деп сұрадым. Сөйтсем оны түнде қатерлі ісік жеңіп тынған екен. Оны әрең жеткізген медбике қалтасынан бір бума қағазды алып: «Хатта сенің атың жазылыпты» деп қолыма ұстатты. Хатта: «Қымбатты, Аяла! Мына өмірде тірі жүрген кез келген адамның мүмкіндігі көп. Сен әлі тұрып, жоқ, жүгіріп кетесің! Мен саған сенемін! Тек өзің сенсең болғаны. Сені ешқашан ұмытпаймын. Әрдайым, жаныңда боламын!» деп жазыпты. Бұл сөздерді көз ерік беріп, өзегіме өкініш толып отырып, әзер оқыдым. Бұлай болғанына сене алар емеспін. Қазір келіп қалатындай болады да тұрады. Бірақ өзі көрінбеді, даусы естілмеді, тіпті әлеуметтік желіден де, телефон арқылы да таба алмадым. Ақыры Құрмаштан мәңгі айырылғанымды түсіндім.


Құрмаштың қазасынан бірнеше күн өткен соң, оның өзін, сөзін де ойлап, шынымен де тірі болудің өзі бақыт екенін ұқтым. «Оған бұйырмаған өмір маған бұйырған екен, демек болашағым үшін күресуім керек» дедім. Әр таңымда өзімді жүріп жүрген сау адамдай сезіне бастадым.

Еңсемді көтере бергенде шытырман оқиғалы түстер мазамды қашыра бастады. Бір түні түсімде ата-анамнан айрылып калыппын. Олардың бейнелерін көре алмай, бар даусыммен шыңғырамын. Бірақ, үн жоқ. Өз даусым да ғайып болады. Айнаға қарасам – бейнем жоқ. Сөйтсем, мен ата-анамнан емес, олар менен айрылып қалған екен деймін. Солай сезіміммен арпалысып жатып, оянып кеттім. Өз түсімнен өзім шошып, қара терге түсіппін. Көзімді ашсам жерде жатыр екенмін. Оны көрген дәрігерлер дереу төсегіме жатқызды. Дәл сол сәтте аяғыма жан кіргендей болды. Мен дәрігерге қарап жан ұшыра «Аяғыма жан кірген сияқты, бұл түсім емес шығар, иә?!» деймін. Орынсыз үміт сыйламайық деді ме, дәрігерлер суыққандылық танытып, «таңертең сөйлесеміз» деді. Қайдағы таң? Таңды атыра алсам ше! Таңертң мені рентгенге апарды. Нәтижесін көрген дәрігерімнің бетіне қан жүгіре бастағанын аңдып отырған маған да үміт сәулесі көрінгендей болды. Күлімсіреп қарап, «Жарайсың! Жақсы жаңалықтар әлі алда!» деген сәттегі қуынышымды сөзбен жеткізе алмай, мөлтілдеген көз жасымды сүртуге де әлім келмеді. Содан кейін үкілі үмітімді арқалап, күнделікті жаттығуларға кірісе бастадым. Тезірек аяққа тұрғым келді. Терезеге қарап, адамдардың өз аяғымен жүргенін көріп, мен де өзіме сендім. Міндетті түрде жүріп кетемін! Кейде көрген түсімді есіме алып, қорқып кетемін де, «мен бұл өмірден кеткім келмейді» деп күбірлей беремін.


Бірнеше аптадан соң аяғыма кәдігімгідей жан бітті. Бірінші қадамымды басқан сәтте өзімді бес жастағы баладай сезіндім. Қуанышымда шек жоқ! Осы кезде маған қалдырған хатты ойладым. «Мүмкін күш пен жігерді сол берген шығар» деген ой туды. Біраз уақыттан кейін жәй болсада жүре бастадым. Дәрігерлер маған «Сен мықтысың, енді артқа жол жоқ. Болашақта сен жүгіріп кетесің» деген кезде көзімнен жас шықты.

Бір жарым жыл да сырғып өтіп, үйге қайтатын уақыт келді. Ата-анамды көріп, мауқым басылғанша еркеледім. Осы жылулықты аңсадым. Соңғы рет жатқан төсегіме қарадым. Осы уақыт ішінде қандай жетістіктерге жеткенімді көрдім. Оған қарамастан жақсылы-жаманды сәттерімді, ойларымды сол ауруханада қалдырдым.