Cән мен сұлулықБет күтімі

Шешімі бар мәселе. Бет терісінің келеңсіздіктерінен арылу жолдары

Статистика бойынша, әрбір үшінші әйел 45 жасқа дейін беттің майлы жылтырауынан, бөртуінен және безеуден зардап шегеді. Мәселеден арылу үшін заманауи әдістерге жүгінген абзал.

Безеу

Безеу – әртүрлі себептерге байланысты туындаған тері май бездерінің қабыну ауруы. Олардың арасында гормоналды жүйенің бұзылуы, ішек-асқазан жолдарының ауруы бар. Косметологқа жазылмас бұрын, дәрігерге тексеріліп алған жөн. Сонымен қатар, гендік тұрғыдан безеуге бейімдік те болады. Бұл жағдайды дұрыс тамақтанбау мен күйзеліс одан әрі асқындырып жібереді.

Безеуден арылу үшін…

«Егер безеудің жеңіл түрі болса, арнайы косметика мен дұрыс күтім жасау жеткілікті. Қабыну болмаса, терінің үстіңгі қабатын тазалап, тесіктерді ашуға скрабтар, тазалаушы лосьондар мен сулықтарды пайдалануға болады», – дейді мамандар. Мұндай күтім нәтиже көрсетесе, салон көмегіне жүгінуге тура келеді. Жабық қара нүктелерді ультрадыбысты және газдысұйық пилингтер арқылы тазалату керек. Ал ашық түрлеріне вакуумдық тазалау жеткілікті. Жеміс қышқылдарының негізінде жасалған химиялық пилингтер мен А дәрумені тері ауа өткізгіштігін жақсартып, безеуге қарсы жасалған амалдардың әсерін күшейте түседі.

Бет терісіндегі тесіктер генмен беріледі дейді. Бұл – қате ұйғарым. Дегенмен, ұлғайған тесіктер генетикаға байланысты болуы да мүмкін, сонымен қатар гормоналды құрылыстың нәтижесі, теріге дұрыс күтім жасамау, ұзақ уақыт күн сәулесін қабылдау және шектен тыс құрғату әсер етеді.

Қалпына келтіру үшін…

Тері тазалығына баса назар аудару керек. Таңертең және кешке тазартқыш гель, майсыз крем, эмульсия және сары суды пайдаланып, аптасына екі рет қабынуға қарсы маска жасаудың көмегі көп. Маска үшін әмбебап өнім – ақ саз. Белгілі бір кезеңдерде бетке безеу шығатын болса жасыл сазды тұтынады. Олар қабынуға қарсы тұратын күшке ие. Тесіктерді тарылтатын заттардың ішінде салицил қышқылының, бөрітарақ сығындысының, гамамелистің, атбас талшынның және В дәрумендер тобының барына көз жеткізу қажет. Салондағы емдеу шараларының ішінде пилинг, қуатты тоқпен емдеу, ультродыбысты пилинг, микродермабразия теріні ажарландырады. 4-5 қабылдаудан кейін тері көлемін кішірейтумен қатар үлкен дақтарды кетіріп, коллагендердің өнімділігін арттырады және бетті сау әрі сергек етеді.

 Қара нүктелер

Қара нүктелер мен комедондар терінің терең ластануынан пайда болады. Артық майлар шаңмен араласып қышқылданады. Нәтижесінде тері майы қараяды. Май бездері жолының бітіп қалуы бет реңкін өзгертеді. Комедондар бактериялардың өркендеуіне жағдай жасайды. Сондықтан олардың пайда болуына жол бермеу керек. Қара нүктелер беттің Т-аймағында болады. Майлы және аралас тері иелері мен теріні дұрыс тазаламайтындарда жиі кездеседі.

Қара нүктені кетіру үшін…

Комедондарды өз бетінше кетуріге мүлдем болмайды. Орны тыртық болып қалып, кейін жазылуы күрделі қиындыққа тап келтіреді. Қара нүктелерден арылудың ең қарапайым жолы – салонда механикалық тазалау жүргізу. Кейін пайда болмасы үшін бетті күніне екі рет тазалауға дағдылану керек. Аптасына екі рет скраб пен гоммажды пайдаланған жөн. Халық емдерінің ішінде бу ваннасын жасау кең тараған. Алайда бұл әдіс барлық тері түріне сәйкес келмейді. Егер тамырлар терінің жоғарғы қабатына жақын орналасса, булау әдісін ұмытқан дұрыс.

 Майлы жылтыр

Бұл – орта жастағы әйелдер арасында кең тараған мәселе. Қаншалықты қарама-қарсы болса да, май ылғалдың жетіспеушілігінен пайда болады. Аралас, қалыпты және майлы терілердің құрғауынан май бездері белсенді бола түседі. Беттің майлы жылтырынан ылғалдандыратын және қоректендіретін заттарсыз арылуға болады деген көзқарас бар. Алайда тәжірибеде мұндай жағдай керісінше теріні құрғатып, бездердің көп бөлінуіне алып келеді.

Теріні ылғалдандыру үшін…

Күнделікті күтімге гиалурон қышқылы қосылған сары суды қосыңыз. Ол ылғалды қалпына келтіріп, құрғауды тоқтатады. Теңіз балдырлары негізінде жасалған өнімдер теріге нәр беріп, бездер жұмысын реттейді. Бетке әр беретін кремдерді жаққанда абай болыңыз. Оны күнделікті қолдану сырттай майлы жылтырларды жасырғанымен теріні құрғатып, майлардың жұмыс қарқынын арттырады.

 Бөртпе

Ұнды және тәтті тағамдарды көп пайдаланып, дұрыс тамақтанбаудан бөтпелер шығады. Асқазан-ішек жолдары жұмысының бұзылуына лас жеміс-жидектер мен көкөністер де әсер етеді. Гормоналды ауытқуларға байланысты ұсақ бөртпелер шығады.

Бетті бөртпелерден тазалау үшін…

Салауатты тамақтану мен жүйелі күтім бетте бөртпелердің пайда болуына тосқауыл қояды. Тазалау кезінде ылғалды қабатқа зияны тимейтіндей спиртсіз заттарды қолданыңыз. Тазартқыш және бактерияларға қарсы маска жасауды әдетке айналдырыңыз. Нүктелі бөртпелерді кетіруге шай ағашы, салицил қышқылынан жасалған корректорлар көмектеседі. Күніне бірнеше рет бөртпе үстіне жақсаңыз, кешке көлемінің біршама кішірейгенін көруге болады.

Безеуден қалған із

Безеуді тазалау кезіндегі сәтсіздік бетіңізге тыртық іздерін алып келеді. Мұны косметологтар кеңейген бет тесігі, дақ, беттің бұзылуы, тері қабынуының зардабы дейді.

Дақты кетіру үшін…

Жеңіл түрдегі химиялық пилинг дақты кетіруге әсер етпейді, ал орташа деңгейдегісі – қауіпті. Балама ретінде газдысұйық пилинг ұсынылады. Мұндай ем-дом жасушаларды қалпына келтіріп қана қоймай, терінің төменгі қабаттарының ауа алмасуын жақсартады. Пиллинг терінің қайта қалпына келуін жылдамдатады. Эпидермистің қалпын кешенді түрде реттейді.

Жасыру құпиясы

Безеу мен майлы жылтырды кетіру уақытты талап етеді. Ем кезінде өз-өзіңізді жайлы сезіну үшін түрлі косметикалық заттардың көмегіне жүгініңіз.

Тері тесіктері кеңейген болса негізгі макияжды қолдану керек. Ол сырт көзге теріні тегістеп тұрады. Кемшіліктерді айқындап тұратындықтан жылтырақ опаларды қолданбаған жөн. Майлы жылтырды кетіруге опа емес, тері жылтырын кетіретін арнайы қағаз сулықтар көмектеседі. Көлемі үлкен безеулерді жасыруға жасыл түсті корректорды пайдаланыңыз. Содан соң ұнтақ опаны жағыңыз.