ОтбасыОтбасы бюджеті

Шығынсыз шопинг. Артық киімнен арылыңыз!

Fashion portrait young smiling woman wearing a shopping bags, straw hat over colorful blue

Әйгілі Apple компаниясының негізін салушы Стив Джобс қара водолазка, көк джинсымен есте қалды. АҚШ-тың бұрынғы президенті Барака Обаманы көк және сұр костюмімен, Фейсбук әлеуметтік желісін ойлап тапқан Цукербергті сұр жейде және джинсымен көріп жүрміз. Олар не үшін мұндай қадамға барады? Үшеуі де бұл әдеттерін мидың энергиясын маңызсыз дүниелерге жұмсауды қаламайтындықтарымен түсіндіреді.

Түкке тұрғысыз көрінгенімен, таңертең қандай киім кием деп ойланудың өзі адамның біршама қуатын сорып алады екен. Қанша дегенмен, сіз күні бойы жайлы жүруіңіз үшін жаңа шешім қабылдауыңыз керек. Ал, шын мәнісінде, киім, брендтердің соңғы үлгідегі өнімдері соншалықты маңызды дүние емес екені анық. Үйіңіздегі бір қабырғаны алып тұрған үлкен шкафты босатсаңыз, тек сөрелер емес, өміріңіз де біршама реттеліп қалатыны анық. Есесіне:

  • Әмианыңызда артық ақша көбірек қалады;
  • Сыртқа шығарда «Не кием?»,-деген сауалға бас қатырған уақытты пайдалы жұмысқа арнай аласыз;
  • Бір артық ойдан арыласыз.

Көп киімнен қалай арыламыз?

Әрине, барлығын ортаға үйіп, керек-керек емес деп бөліп, реттеп алуға болады. Алайда, келесі жолы қалтаңызға салмақ салмайтындай, тағы да шопингке аңсарыңыз аумайтындай етіп жинақтау мүлде бөлек. Ең алдымен, киіміңіздің шамадан тыс көп екенін мойындаңыз да, мына кеңестерге көз салыңыз:

1.Өзіңізге ұнайтын түстегі киімдерді ғана қалдырыңыз. Бәріміздің сүйікті түсіміз бар. Бірден жақсы көңіл күй сыйлайтын, өзіңізге қатты ұнайтын, ыңғайлысын ғана алып қалып, қалғанымен қош айтысыңыз.

2. Сатыңыз немесе қайырымдылыққа жұмсаңыз. Қазір керексіз заттарды сатудың әдістері өте көп. www.olx.kz, www.market.kz сайттары арқылы ескі заттарыңызды қажет адамға сата аласыз. Секонд-хенд, яғни киілген киімдерді өлшеп қабылдайтын дүкендер саны өте көп. Ақша аз түседі демесеңіз, қоқысқа тастағаннан гөрі жақсы. Сонымен қатар, әлеуметтік желіде қолданыстағы киімдерді сататын арнайы парақшалар да бар. Бұл қосымшалар сіздің уақытыңызды үнемдейді, сонымен қатар, аз-маз пайда да алып келеді. Егер сатқыңыз келмесе, балалар үйіне, мешітке апаруға болады. Сонымен қатар, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға көмектесетін арнайы ұйымдарға тапсыра аласыз. Олар қажет деген жандарға бөліп береді.

3. Әр маусым сайын реттеп отырыңыз. Қыс аяқталып, көктем келді. Енді қыстық киімдеріңізді бір қарап шығып, керегін алып қалыңыз да, қажет емес деп шешкеніңізді таратып жіберіңіз немесе сатыңыз. Көктем бітіп, жаз шыққан соң да осы тәсілді жалғастыра бергеніңіз жөн.

4. Жоспарлы шопингті салтыңызға айналдырыңыз. Киім алуға шығатын кезде әбден ойланып, не алу керек екенін тізіп жазып алыңыз. Бала кезімізде анамыз дүкенге жұмсар кезде керек заттарды тізіп жазып беретін еді ғой, дәл солай сізде алатын киіміңіздің тізімін жасап алыңыз. Қанша ақша жүмсайтыңызды да ойланыңыз. Ойыңыздағы сомадан сәл ғана артық алып шықсаңыз болады. Барғанда ақшаңыз шектеулі болған соң, ақылмен жұмсайсыз. Ал, нақты жоспарсыз барсаңыз — шығынға батып қалуыңыз әбден мүмкін.

5. Саннан — сапаға. Жеңілдікпен сатылып жатқан арзан затқа әуес болмай, сапалысын таңдап алыңыз. Сонда ғана ол сіздің сүйікті киіміңіз болып қалмақ. Әрі ұзақ жыл киіс береді. Бір мезгіл ғана киіп, келесі маусымға жарамай қалған күртеше сіздің қалтаңыздың шығынын арттыра береді.

Жеңілдікке әуес болмаңыз! Әлгінде жеңілдік жайлы айтып қалдық. Әрине, жаппай сатылым деген жақсы, алайда, оның да арғы жағында маркетологтардың қулығы жатқанын ұмытпаңыз. Ешкім сізге тегін, ап-арзан дүние бермейді. Жеңілдікке түскен киімдердің дені – бір жері бүлінген, қоймада жылдап қалып қойған, өтпей қалған өнімдер. Ойланыңыз! Шешімді өзіңіз қабылдайсыз.

Ақшаңызды барынша ақылмен жұмсап, шүберекке кеткен шығынды азайтып, оны білім алуға, саяхатқа шығуға жинарсыз?!