Жан әлеміӨзіңді дамыт

Сөмкеңіз мінезіңіз жайлы сыр шертеді

Испандық ғалымдардың пайымдауынша, әйел затының сөмкесіне қарап, оларға психологиялық мінездеме беруге болатын көрінеді. Оған қоса, көлемі, түсі, пошымы да, иесі туралы дерек жинауға атсалысады. Сөмкеңізге қараңызшы, қандай түрін ұстап жүрсіз?! Ал, біз мінезіңіз туралы айтып көрелік...

Үлкен сөмкені жақсы көретін нәзікжандылар жігерлі, оқымысты, мақсат қойғыш, алайда шыдамсыздау келеді. Олар тамаша жар, қамқор ана бола біледі. Бірақ, өзіне көңіл аударылмай қалғанды мүлде ұнатпайды. Махаббаттан, жұмыстан не оқудан міндетті түрде қайтарым күтеді. Үлкен сөмкелі әйелдер өмір жағдаяттарын ешқашан қиындатпайды. Есесіне барлық кезде жайлылық пен қарапайымдылықты таңдайды.

Кішкене сөмке ұстайтын ханымдар аса ақылдылығымен, ерекше ойлау қабілеттілігімен дараланады. Олар өмірден не қалайтынын өте жақсы біледі. Бүкіл болмысына, сыртқы келбетіне керемет күтім жасап жүргенді ұнатады. Қиялдың қанатына мінген арманшыл нәзікжандылар шағын ғана сөмке ұстай жүріп те, кез келген еркектің жүрегін жаулап ала алады.

Қалыптағы қатаң үлгідегі сөмкелерді таңдайтындар – іскер әрі жинақы әйелдер. Олардың киім түрі талғампаз классика болып табылады. Мұндай ханымдар өз бағасын біледі, әрі өзіне өзгенің ерекше көңіл бөлгенін ұнатпайды. Яғни, осы әсемділігін күнделікті қалыптылық деп біледі.

Айрықша үлгімен жасалған сөмкелерге жақындар – мықты, бастамашыл және жаңашыл жандар. Адамдардың бай рухани әлемі мен әзіл-қалжыңға бейімдерін бағалайды. Жалғандықты жаны сүймейді. Сырттай өзіне сенімді болғанымен, іштей нәзік, тез жараланғыш. Сынды да, жанжалды да көтеруге бейім емес. Мүмкіндігінше, ондайдан аулақ жүргені жақсы.

Қара сөмкені ұстайтын нәзікжандылар ұқыпты, тиянақты болып келеді. Мұндай ханымдарды ашық-жарқын, әңгімешіл дей алмаймыз. Нағыз жақын адамдарды ғана өзіне тартып, қандай тақырып та сөйлесіп кете барады. Досты ғана емес, өмірлік жан-жарын ұзақ таңдап, көп ойланады. Болашақ жарына толықтай сенімді болғанда ғана, өзі де қадамдар жасай бастайды.

Шамадан тыс жарқыраған, түрлі-түсті сөмкелі жандар – тым белсенді, аса батыл тұлғалар. Олар «Өмірден бар қалағаныңды толығымен алу қажет» деген қағиданы жүзеге асыратындар. Алайда, көңіл-күйге шектен тыс берілгіштігі түсінбеушілікке, артық ұрыс-керіске әкеліп соқтыруы бек мүмкін.

Ашық әрі көзге қонымды түсті сөмкелерді романтикаға бейім, тым нәзік, бала мінездес ханымдар ұстайды екен. Олар өте мейірбан. Мұндай ғажап нәзікжандылардың өтінішін таныс жақындары түгілі, бөгделер де жерде қалдыра алмайды. Қиылып, сызыла сөйлегенде шынайылық аңқып тұратындықтан, соны пайдаланып кететіндер де табылады. Десек те, бұл типтегі әйелдер бойындағы ар-намысы мен қадір-қасиетін жоғары қоя біледі. Сонысымен өзгеден үстем тұрады.