Бала саулығыДенсаулық

Сөйлеп үйренеміз!

Өткен ғасырдың ортасында дәрігерлер белгілі бір жаттығуларды жасау арқылы түрлі кеселдерді жеңіп қана қоймай, ауырған адамның еңсесін көтеруге болатынына көз жеткізді. Музыка, баяу қимыл, ырғақ арқылы балалардың сөйлеу мәнерін түзеуге, тіпті тұтықпа дертінен айықтыруға болатыны дәлелденді. Осылайша логопедтік ырғақ ғылымы пайда болды.

330Қаралымдар

Жаттығу ережелері

  • Жаттығуларды жасау үшін арнайы білімнің қажеті жоқ. Барлығы ойын түрінде өткені дұрыс. Бала сіз жасап жатқан қимыл-қозғалысты қайталап, үйретушіге еліктеп отырса болғаны. Осылайша ақырындап алдын ала дайындалған сөйлемдерді енгізе бересіз және оның дұрыс қайталанғанын қадағалайсыз. Бүлдіршін дайын болды-ау деген кезде ойынды басқаруды соған табыстаңыз.
  • Балаға барлығы түсінікті және қызықты болғаны абзал. Сондықтан жаттығу барысында мультфильм кейіпкерлерінің киімдерін киіп, ойыншықтарды пайдаланған жөн.
  • Баланың сөздерді дұрыс әрі анық айтуына ден қойыңыз. Ал егер сәби қиналып жатса, ауыр сөзден бас тартып, оның көңілін басқаға аударыңыз. Бірақ кейіннен оны қайта қайталатуды ұмытпаңыз.
  • Музыка таңдауда да талғам керек. Баланың сүйіп тыңдайтын әуендерін жасап жатқан жаттығудың ырғағына орай ауыстырып отырыңыз. Сарқыраған су, орман шуылы сияқты табиғи дыбыстар баланың жүйке жүйесін тыныштандырады, ал балаларға арналған саунтректер ойынның қызықты өтуіне ықпал етеді.
  • Дәрісті баланың мінез-құлқына орай өткізуге болады. Мәселен сәбидің саусақтары әлсіз болса, оған пластилиннен түрлі мультфильмдердегі кейіпкерлердің пішіндерін жасатыңыз.
  • Егер сәбиіңіздің сіз көрсеткен жаттығуларды жасауға шамасы жетпей жатса, шыдамдылық танытыңыз. Өйткені сіздің ренішіңізді байқаған бала келесіде ойыннан бас тартуы мүмкін.
  • Логоырғақпен аптасына екі рет түстен кейін айналысу керек. Сондай-ақ, еңбегіңіздің жемісін тек жарты жылдан кейін ғана көресіз.

0 ден 2,5 жасқа дейін. 

Логоырғақпен бала туыла салысымен айналысуға болады. Ол кезде нәрестеге тақпақтар оқып, ән айтыңыз. Сосын сәбидің қолын жоғары көтеріп, төмен түсіріп белгілі бір дыбыстарға шапалақ ұрдырып ойынға араластыруға болады.

2,5 нан 4 жасқа дейін.

Дәл осы кезеңде логоырғақтың көмегіне жүгінген абзал.  Төменде ойынның түрлері көрсетіледі.

  • «Қыдыру» ойыны (Қимыл-қозғалысты дамытуға бағытталған). Тар көшемен (баяу), аяқтарды көтеріп (бір аяқтан екінші аяққа ауысамыз) жүреміз . Алдымызда дәу тастар (аяқтарды жоғары көтереміз) секіріп-секіріп өтеміз. Бух!(cоңында жерге отыра қаламыз)
  • «Жаңбыр тамшылары» ойыны (баланың дыбысты тану қабілетін арттырады). Үйретуші сәбиге жаңбыр жауа бастағанын хабарлап, арнайы музыка қойылады. 10-15 сек көздеріңізді жұмып, жаңбыр тырсылына назар аударыңыздар. Жаңбыр қатты жауа бастағанда бала алақанымен тізесін тез-тез ұра бастауы керек. Ал саябырлағанда ақырындап ұруы керек.
  • «Оркестр» ойыны (баланың есту қабілетін арттырады). Үйретуші «Жаңбыр!» дегенде– бала: «Ш-ш-ш…» дейді, «Найзағай!» дегенде қоңырауды сылдырлатады, «Күн күркіреді!» дегенде аяғымен жерді тепкілейді, «Тыныштық» дегенде барлығы тоқтайды.
  • «Үйшік» ойыны (саусақтардың әлденуіне әсер етеді). Алаңқайда үйшік тұр (қолдарымызды жоғары көтеріп, саусақтарымызды бір-біріне қосамыз). Үйшіктің есігі жабық тұр (бас бармақтарды бір-біріне қосамыз). Қақпаны біз ашамыз (алақанымызды теріс айналдырып, саусақтарымызды сырт жағынан қосамыз).
  • «Ән айту» ойыны (дем алу, дауысты реттеу және мәнерлеп сөйлеуге машықтандырады). Балаға ұнайтын кез келген әнді қысылмай, қымтырылмай айту керек.
  • «Жел» ойыны (денені босатуға арналған). Жел тұрды, жылы самал бетімізді желпіді. Ағаштар тербелді (бір орнымызда тұрып, ары-бері теңселеміз.) Жел ақырындап басыла бастады (қолдарымызды жоғары көтеріп тербелеміз). Биік-биік ағаштар (аяғымыздағы саусақтардың ұшына тұрып, қолдарымызбен жоғарыға қарай ұмтыламыз).
  • «Боран» ойыны (тыныс мүшелерін дамытуға арналған). Үйретуші: мына боран қалай уілдейді, балалар: У-у-у-у-у… Кім ең ұзағырақ жасай алады, сәби осы кезде терең дем алып, ауаны мұрын арқылы шығара отырып «у-у-у…» деп айтуы керек.
  • «Жаңбыр кезіндегі қыдыру» (баланың қимыл қозғалысының ырғағын анықтауға арналған жаттығу). Бос бөлмеде балаңызбен баяу музыканың әуеніне еліте билейсіз, сосын ырғақты әнді қосасыз. Осылайша әр түрлі әуенге билейсіздер. Ойын соңында жаңбырдан қашып, үлкен қолшатырдың астына жасырынасыздар.

ІСКЕ СӘТ!