Екеудің құпиясыЖан әлемі

Сүйген жарымның опасыздығы өмірімізді құртты…

2.89K (1000)Қаралымдар

Күйеуім екеуміз студент кезімізде көңіл жарастырып, бас қосқанбыз. Ол мені қатты жақсы көрді. Екеуміз екі қиыр жақтан келсек те, руымыз бір болып шықты. Мен қатынасымызды үзейік дегеніммен, күйеуім алған бетінен қайтпады. Тіпті күннің қақаған суығында мені далада таңға дейін күтіп тұрған кездері болды. Сөйтіп үй-ішіміз қарсы болғанына қарамастан бас қостық. Үйленгенімізге биыл 5 жыл толады.

Ата-енем, қайын сіңлім және ұлым, күйеуім – барлығымыз бірге, қаланың шетіндегі бір ауылда, шағын үш бөлмелі жер үйде тұрамыз. Күйеуім екеуміз шартпа-шұрт болып жиі ұрысқанымызбен өте алысқа барған емеспіз. Шыны керек, үйленген жылдары арамызда әртүрлі келіспеушіліктер орын алды. Бірақ ұзақ уақыт суынған жоқпыз. Мен бір жылдан кейін топ-томпақ, сүп-сүйкімді ұлды дүниеге әкелдім. Күйеуім қарапайым табыс табады. Бірде жетеді, бірде жетпейді.

Ол мені жақсы көрмейді деп айта алмаймын. Тәрбиесі де жаман емес. Үнемі ұлымыз екеуміздің жанымыздан айналшықтап шықпайды. Жағдайымызды шамасы келгенше жасайды. Әке-шешесінің де бір де бір сөзін бөлмей, мұқият тыңдайды.

Дегенмен өмір болған соң, адамның басына нелер келіп, нелер кетпеген. Өмірімде он ұйықтасам түсіме кірмейтін оқиға орын алды. Күйеуім кейде қала мен ауылдың арасында таксист болатын немесе жұмыстан үйге қайтарда жолдан адам ала кететін. Сондай бір күні, түннің бір уағында жұмыстан қайтып келе жатқанында, оның көлігіне 30-дан асқан бір әйел отырады. Байқап қараса өлесі мас екен. Біраз жол жүргеннен кейін әлгі әйел күйеуіме өзі жабыса бастайды. Жұмыстан шаршап келе жатқан күйеуім де мастығын пайдаланғысы келді ме екен, әйтеуір әлгі әйелдің құшағына құлай кетіпті. Ісін тындырып, әйелді айтқан мекенжайына апарып тастайды. Күйеуім сол рахаттанғанымен үйге келіп, дымын білдірмей, күндегідей тамағын ішіп, жатып қалады.

 

Сұмдықтың көкесі ертеңгісін басталды. Таңертең үйде шай ішіп отырсақ, ішкі істер бөлімінен адамдар келіп тұр. Не дейді дейсіз ғой? Олар менің күйеуімді «адам зорлады» деп айыптап, полиция бөліміне алып кетпекші. Үстінен «зорлады» деген арыз түсіпті. Мен көзім шарадай болып күйеуіме қарадым. Аяқ астынан үйімізде абыр-сабыр басталды да кетті. Ата-енемнің қайғысы бір бөлек, менің қайғым айтпаса да түсінікті болар. Адам зорлау үкімі оңай емесі анық. Қанымыз басымызға шауып, бәріміз оған жабыла кеттік.  Оның көзі шарасынан шығып, түндегі алған ләззаты маңдайына тас болып тигеніне түсінгендей. Сол кезде ол маған барлық болған жайды бастан-аяқ баяндап берді. Қарғайын десем жалғызым, қарғамайын десем жалмауызым болды да қалды.

Енді не керек, күйеуімді жақсы көремін. Оған қоса, ұлымыз бар. Бұл жерде мен  «ажырасамын» деп емес, «күйеуімді қалай құтқарамын» деп ойладым. Әлгі әйел солай ақша табатын қаныпезер болып шықты. Ол бізден екі жарым миллион ақша талап етті. Егер соны бермесе, арызын қайтып алмайтындығын айтқаны сол екен, төбемізді қара бұлт шалды. Екі жарым миллион тұрмақ, 100 мың теңгені қолымызға тұстас ұстап көрмегенбіз. Сүрінгенге жығылған дегендей, сол кезде қайын атам машинасын соғып алған еді. Қазіргі заманда адамдардың бір-біріне көмектесуге шамасы бар ма? Мына жағдаймен ақша сұраудың өзі сұмдық.

Сонымен, күйеуімді, отбасымды сақтап қалу үшін ана әйелдің нөмерін тауып, сан мәрте хабарластым. Үйіне де бардым. Үйінен шықпайды, телефонын алмайды, алса да анасына беріп қояды. Мардымды ештеңе айтпайды. Менің оған балағаттап та, жалынып та жазбағаным жоқ. Сот дегенің тек заңға бағынады, оларға ешнәрсе істей алмайсың. Енді  тек ақша тауып, әлгі әйелдің арызын қайтып алғызу керек. Басқа шара жоқ. Ақшаны аяғымыздан таусылып іздемеген жеріміз жоқ. Сұрамаған туған-туыс қалмады. Үйіміздің әбден берекесі қашты. Құдайдың құтты күні ұрсысатын болдық. Бірақ балам үшін бәріне көндім. «Әйел өзі жабысқан соң, еркекте не шара қалсын» деп өзімді тыныштандыруға тырыстым.

Ақыры күйеуім өзінің бастығынан екі миллион қарызға алып, ана әйелге беріп, құтылдық. Содан ол бір жарым жыл айлықсыз жұмыс істеді. Баламды енеме тастап, мен де жұмысқа шықтым. Жалпы, ата-енем жақсы адамдар. Олардың көзінше дымымды білдірмеймін. Бірақ арасында зығырданым қайнағанда бір шу шығарып аламын. Ашудың үстінде болған жайт айтылып қалатыны да жасырын емес. Ол барынша үндемеуге тырысады. Соңында мені айқайымен тоқтатады. Ал мен пенде емеспін бе? Әйел болғандықтан неше түрлі арам ойлар да келеді. Бір рет өзге әйелдің қойнына жатқан еркек тағы да қайталай ма деп қорқам. Егер ол бір рет осындай опасыздыққа барса екінші рет жасамасына кім кепіл? Ал, мен өмірімнің соңына дейін көзіме шөп салғанына шыдап жүре беремін бе? Қанша дегенмен ой түбіндегі тас бір күні сыртқа атылып, арамызға зиянын тигізе ме деп қорқамын. Не істеймін? Жабулы қазанды жабулы күйінде қалдырайын ба? Мұндай әдеттерден қалай арылуға болады?