Екеудің құпиясыЖан әлемі

Сүйіктім өзгенің бағына айналды…

Ата-ананың разылығын алмай бақыт табу мүмкін емес. Замандастарымның бақыт іздеп, ата-анасынан неге жырақтайтынын түсінбеймін. Түн ұйқысын төрт бөліп, өсіріп-жеткізген ата-ананың қартайғанда аузына су тамыза алмасақ, перзенттігіміз қайда? Нағыз жұмақ пен бақыт – солардың батасын алу емес пе? Ендеше неге қыздар сүйгенінің әке-шешесіне ізет танытқысы келмейді? Неге үйлене салып, бөлек шығуға асығамыз? Жұмақ пен бақыттан осыншалықты неге қашамыз?

Жадыра бізден бір сынып төмен оқыды. Ол кезде мен 8-сыныпта оқитынмын. Бізді табыстырған – сабақтан үйге қайтатын ұзақ жол. Алғашында оқушылармен шуылдасып-шұрылдасып қайтатын едік. Кейіннен Жадыра екеуміздің әңгімеміз жарасып, топтан ерекшеленіп, соңында қалып қоятын болдық. Сабақтан ерте шыққан күні оны күтемін. Ол ерте шықса сабақтан қашып кететінмін. Үзіліс сайын достарымнан ғашықтық хатын жіберемін. «Жаным, күнім…», – деп ол да сүйетіндігін жазатын. Хатты жібергеннен кейін Жадыра оқитын №403 кабинеттің дәлізінің алдынан бір жүріп өту – үзіліс кезіндегі ылғиғы әдетіме айналды. Оның дәлізде тұрып, мені көргендегі жымиған жымиысы әлі күнге дейін сол кездегідей көз алдымда сақталып қалған. Шынымды айтсам, сабаққа Жадыраны көру үшін асығатынмын.


Арада 2 жыл уақыт өтті. 9-сыныпты аяқтағанда қалаға оқуға кеттім. Аптаның жұма күнін асыға күтемін. Түс ауа сабақ аяқталысымен, ауылдың кешкі автобусына дайындаламын. Кеш қарая ауылға да жетіп барамын. Сонда өз аялдамамнан емес, орталықтан бірақ түсемін. Орталықта жер қарада ақ сүйек, қарда сырғанақ ойнайтынбыз. Мен автобустан түскенде ойын жаңа басталып жататын. Соның ішінде ойынға шыққан болып, мені күтіп Жадыра да жүретін еді. Қаладан келген бір топ бала ойынды қыздыра түсеміз. Уақыттың қалай өткенін де байқамай, түн ауа Жадыра екеуміз қимастықпен айырылысатын едік. Ех, қайран жастық-ай!!!
Үйге келсем көз ілмей анам күтіп отыратын. Пештің түбінде елдің малын бағып, шаршап келген әкем ұйықтап жатады. Ертесі мен түске жақын тұрғанша әкем күнделікті шаруасына кетіп қалатын. Мен әкемнің 50 жасқа таяғанда көрген жалғыз ұлы болғандықтан үйдегілер тіс батырып сөйлемейді. Анамның бірінші жолдасынан екі қызы бар. Олар тұрмыс құрып кеткен. Әкемнің алғашқы жарынан баласы болмаған екен. Бірін-бірі қимай 30 жыл бірге ғұмыр кешкен. Жұбайы өмірден өткеннен соң, ұрпақ қалдыру мақсатында анама қосылған көрінеді.
Мен колледжді бітірген жылы Жадыра мектеп бітірді. Университетке оқуға түсті. Мен жанармай құю бекетіне жұмысқа тұрдым. Енді күнде кездесеміз. Үнемі біздің сыныптастармен болатын сауық-кештерге бірге барамыз. Ол да біздің бір сыныптасымызға айналғандай. Келесі жылдың күзінде әскерге шақырту алдым. Жадырамен ақылдасып, әскерге барғанымды дұрыс деп шештік. Мен әскерден келгенше Жадыра да соңғы курсқа өтеді. Келгеннен соң шаңырақ көтермекке серттесіп, аттанып кеттім. Күтетінін айтып, қимастықпен жанары жасқа толып қалған еді…
2 жылдан соң әскерден оралдым. Екі-үш дос бала күтіп алды. Жадыраға телефон шалсам, көтермеді. Ауылға тарттым. Кешке сыныптастардың барлығы жиналды. Тек Қайсар ғана келмеді. Оны көп жоқтамадым. Себебі, бұрыннан сыйластығымыз өте жақсы емес болатын. Машинасын аптасына ауыстыратын көкірек, мақтаншақ жігіт. Мүмкін байлықтың буынан солай жасайтын шығар. Үнемі елді кемітіп, басып сөйлейтін. Ағалары – атақты рэкеттер. Оны бүкіл ауыл біледі. Ауылдағы үйін көрсең, хан сарайы ма деп қаласың?! Қақпасынан адам емес, тышқан өте алмайды.
Уласып-шуласып таңды атырдық. Барлығы үйлеріне тарқасуда. Тек жан досым Ермек қана қалды. Екеуміз үстел басында біраз әңгіме айтып тастадық. Бір-бірімізді әбден сағынып қалыппыз. Кенет: «Бек, Жадырадан үмітіңді үз!», – деді.
Ештеңе түсінбеген күйі Ермекке бедірейіп қарап қалдым. «Солай дұрыс болады бауырым», – деп арқамнан қақты. «Ол сен кеткеннен соң да біздің сыныптастармен араласып тұрды. Басында қыздармен келіп жүретін. Кейіннен Қайсармен келіп-кететінді шығарды. Бір апта бұрын менің туған күнімде үйленетіндерін де жайып салды. Жадыра тіптен Қайсарды біреу алып кететіндей жанынан бір елі де қалмайды», – деп сөзін жалғады.
Көзім жасқа толып кетті. Жұдырығымды қатты түйіп үстелді бір ұрдым. Ермек жүгіріп келіп: «Бек, қой енді», – деп құшақтай алды. Өкіріп жылап жібердім. Түрлі ойға баттым. Не де болса Жадыраның өзімен сөйлескенім дұрыс деген ойға келдім. Бірақ бұл ойымды Ермек қолдамады. Олардың жарты жылдан бері қарай бірге тұрып жатқандығын айтып, тіптен қайғыға батырды. Сенгім келмейді. Жадыраның қоштасардағы қимастықпен қараған жанары есіңе түссе, ол мүмкін емес дерсің. Бірақ, Ермек өтірік айтатын жігіт емес. Менікі өзімді-өзім алдау ғой.
Ермектің айтқандары айдай келді. Байларға той жасау қиындық туғызып па? Бір аптада ұзатып та, үлкен той жасап та үлгерді. Ішімді қанша өшпенділік пен кек кернесе де сыныптастарымнан қалмай тойға мен де бардым. Шаһардағы алып ресторанның алдына үш лимузин қатар-қатар келіп тоқтады. Соның бірінен Қайсар мен Жадыра түсті. Жадыраның екі езуі құлағына жеткен. Жүрегім лүпілдеп кетті. Сонда да сыр бермей жақынырақ барып амандастым. Жадыра селт етпеді. Көппен бірге бетінен сүйіп, құттықтадым. Сүйген жанымның арманы керемет той мен көлік, қаладағы үй, тойып ішіп-жеу екендігіне іштей бір күрсініп алдым. Ал менде ол қайдан болсын?! Дүркіретіп той жасамақ түгілі қарт әкем қазір мал бағуға да жарамайды. Аз-маз зейнетақысымен жан бағып отыр. Бірақ, Қайсарды зор, мені қор етіп отырған қу дүниеге бірге адал еңбекпен қол жеткізсек болмас па еді? Соны түсінбедім.
Одан бері де 11 жыл өтті. Биыл мектеп бітіргенімізге 15 жыл болады. Сыныптастарымның алдының бес баласы бар. Жадыра да төрт балалы болды. Ал мен әлі жалғызбын. Қыздар болған жоқ емес, болды. Бірақ мен ашығын айтамын: қарт әкем мен анам бар екендігін, солармен ауылда тұратындығымызды, оларды тастап ешқайда кетпейтіндігімді. Ешқайсысы келіспейді. Сонда не істеу керек? Әлде өтірік айтып алып келуім керек пе? Келгеннен соң ел-жұртқа масқарамды шығарып кетіп қалса қайтпекпін? Әбден басым қатты. Қайтсем екен?