Cән мен сұлулықБет күтіміМакияж

Сұлулық сағаты… Бүгінгінің бет бояуы қандай?

Әрбір сылқымның күнделікті мінсіз әрі сұлу болып жүргені абзал. Ол үшін бет бояуының өзі жеткілікті. Бірақ, көптеген арулар макияж жасау барысында қателіктерге ұрынып, күндізгі бет бояуын кешкі макияжбен шатастырып жатады. Өміріңіздің маңызды сәттерінде жарқыраймын десеңіз, мынадай қарапайым ережелермен таныс болыңыз.

Бүгінгі күні сұлулық әлемінде сұранысқа ие 3Д макияжы қандай болу керек? Nude бет бояуының артықшылығы қандай деген сұрақтарға өз ісінің маманы, визажист @gaukharvizazh_almaty сұлулық салонының мамандары жауап береді.

Nude макияжы
Артықшылығы

Бұл макияжда түрлі-түсті бояулар қолданылмайды. Табиғи, бет терісіне жақын түстерді таңдаған жөн. Nude – әртүрлі жастағы қыз-келіншектерге сай келетін, табиғи сұлулыққа бағытталған макияждың түрі. Бұл макияжда көзді бояу кезінде қоңырқай, ашық қоңыр түстер қолданылады. Қасты табиғи сұлулығын сақтай отырып, қылқаламмен сәл ғана бояп қойған дұрыс. Айтулы макияж кез келген жерде ұтымды көрінеді.

Түрлері

Nude макияжының басты міндеті – қыз-келіншектердің бет әлпетіне реңк беру. Визажистер клиенттің қалауына қарай бұл бет бояуын түрлендіріп жасайды. Мәселен, бірі екпінді көзге түсіргісі келіп, жапсырмалы кірпік жалғайды. Ал екіншісі – тек кірпікке арналған сүрмені жағып, бет әлпетті барынша табиғи етіп көрсеткісі келеді. Кейде көзді сарғыш, қызыл түстермен бояуға да болады. Тіпті көздің ішкі жақ бұрышына азғантай жылтыр жақса да макияж ұтымды көрінеді. Ол күн шағылысқанда көзді жарқыратып көрсетеді.

Сәнді nude

Қазіргі таңда nude макияжы сән әлемінде сұранысқа ие. Аталған бет бояуы көп косметиканы қажет ете бермейді. Мұндағы екпін бет терісіне түседі. Тональді крем мен корректордың арқасында тегіс бетті қалыптастырып, оны балғын етіп көрсетуге болады. Жылтыр еріндер биылғы жылдың сәні болып тұр. Аталған макияжда жылтыр далап қолдану – бет әлпетін одан әрі сүйкімді етіп көрсетеді. Нюд макияжын кез келген жерге жасап барсаңыз – жеңілмейсіз.

ЗD макияжы
Артықшылығы

3D – қазіргі таңда көптеген қыз-келіншектердің сүйікті макияждарының біріне айналған. Ол көбінесе қысық көзді қыздар үшін таптырмайтын бет бояуы. Себебі, бұл макияжда ең басты екпін – көзге қойылады. 3D макияжының негізгі міндеті – көзді үлкен әрі жарқын етіп көрсету. Ол қоңырқай, ашық қоңыр секілді нәзік түстерден немесе көк-жасыл сынды қанық түстерден тұруы мүмкін. Арулар өз табиғатына сай, қалауына қарай түстерді таңдай алады.

Түрлері

3D – бет бояуы алғаш араб елінен келген. Макияжды екі тәсілмен жасайды. Бірі – көздің үстін қарандашпен сызып алу, екіншісі – көз бояуының үстіне корректор жағу. Қазіргі таңда екінші тәсіл визаж әлемінде белең алып отыр. 3D – көздің қиығын үлкен әрі айқын етіп көрсетеді. Аталған макияжды ашық түстерді қолдана отырып, нәзік етіп көрсетуге болады. Десе де, 3D-ны күндізгі макияжбен шатастырып алмаған жөн. Бұл бет бояуы көбінесе кешкілік кездесулерге, бітіру кештеріне және тойларға сай жасалады.

2018-2019 жылғы 3D макияжындағы трендтер

Бүгінгі таңда визажистер аталған макияжға түрлі сынақ қоюда. Биылғы жылдың тренді ­ көк, күлгін түске боялған 3D макияжы. Көз бояған кезде ашық, қанық түстер қатар қолданылады. Бар екпін көзге түскендіктен, ерін табиғи түске жақын етіп боялады. Арулар қалауына қарай жылтыр немесе күңгірт далапты таңдай алады. Қазіргі таңда ерінді бір түсті гаммадағы екі түрлі далапты қолдана отырып бояған сәнді. Еріннің шетін қанық түспен, ал ішкі жағын ашық түспен бояйды.

Қандай декоративті косметиканы таңдаған абзал?

Макияж тұрақты болып, маңызды сәтте сізді жарға жықпасын десеңіз, сапалы косметика таңдаған дұрыс. Nude макияжы көп косметиканы қажет етпейді. Барлық түстер нәзік әрі шабдалы түстес болғаны абзал. 3D макияжында түрлі-түсті көз бояулары қолданылады. Егер көз бояуы сапасыз болса түстер бір-бірімен араласып, көздің айналасы былғап, ұсқынсыз көрінеді. Бұл макияжда көзді жылтырдан гөрі күңгірт бояумен бояған жөн.

Контуринг

Контуринг – бет пішінін косметиканың көмегімен өзгерту. Қазіргі таңда жақ сүйегін шығыңқы етіп көрсету үшін контуринг қолданылады. Қоңыр түсті бояумен, яғни, корректормен беттің белгілі бір бөліктерін бояп, арық етіп көрсетеді. Күндізгі макияжда бетті құрғақ корректордың көмегімен пішіндейді. Ал, 3D макияжында ылғалды корректор жағады. Осылайша бет бояуы қанық көрінеді. Ылғалды контуринг көбінесе фотосессияларға арнап жасалады. Себебі, түрлі жарықтар макияжды жұтып қоюы ықтимал.