Cән мен сұлулықNewsМакияж

Сұлулық пен күтім – егіз ұғым

Бұл санымыздың кейіпкері – көпке белгілі визажист, тұңғыш қазақ тілді сұлулық саласындағы «Сен ғажапсың!» атты кітаптың авторы Шынар Ізбасар. Шебер бояушы визаж саласындағы маңызды дүниелерге тоқталып, бет күтімі туралы пайдалы кеңестерімен бөлісіп, әйел бақыты жайында сыр шертті.

Шынар ханым, әңгімеміздің әлқиссасын карьераңызды қалай бастағаныңыз және визажист мамандығына қалай бет бұрғандығыңыз туралы бастасақ.

Мен мектеп кезінен бастап косметикаға, жалпы боянуға қызығатынмын, алайда анамның тарапынан қарсылық болғаны рас, ол әлі кішкентайсың деп сөгетін. Мектеп бітірген кезде өзіме шаш үлгісін жасап, өздігімнен бояндым. Қазіргі қыздар – бақытты. Себебі, олар алдын ала сұлулық салондарына жазылып, түлектер кешіне барынша қамданады. Осыдан 20 жыл бұрын, мен мектеп бітірген кезде мұндай мүмкіндіктер болмады. Кейін қызығушылығым артып, «Өз-өзіңе визажист бол» деген курстарға қатыстым. Базалық білімді Алматы қаласында өттім, Ютуб арналардан бояу техникасына қатысты түрлі видеолар көретінмін.

Мен визажды таңдадым, себебі өз басым сұлулыққа жақынмын. Бұл мамандық арқылы жұмыс кестесін өзім құрамын, өзіме де, балаларыма да көп көңіл бөле аламын, сол себепті тиімділігі зор. «Өзіңе қатты ұнайтын іспен айналыссаң, сен өмір бойы жұмыс істемейсің, өз ісіңнен ләззат алсаң, ол кіріс алып келеді» деп бекер айтылмаса керек. Бұл салаға бет бұрғаныма да алты жылдан асты. Украиналық, Мәскеулік, жалпы шетелдік визажистерден үнемі біліктілігімді арттырып отырамын.
Визажистің бойында қандай айырықша талант пен кәсіби шеберлік болу керек?
Визажистің бойында 10% макияжға деген қабілет, 90% еңбек болу керек. Базалық білімді алған соң, «Мен визажистпін» деп емес, үнемі ізденіс үстінде жүру қажет. Әр жарты жыл сайын визаж саласында жаңа техникалар пайда болады, жаңа косметикалар шығады. Сол үрдістен қалмау керек, бұл салаға тапқан табысынды салып, үнемі дамып отыру маңызды.
Маман бір жағынан психолог та бола білу керек, себебі біздің салада салонға келген адамдармен қарым-қатынас құра білу, өз команданды жинау, оны сақтап тұру шеберлікті талап етеді. Мен өзімді қаталмын деп санамаймын, өз қызметкерлерімнің тілегіне, мақсатына түсіністік танытып отырамын, сол кезде ғана команда тату болады әрі алға жылжиды деп есептеймін. Қазіргі таңда менің «Шынар визаж» деген салоным бар. Мұнда шаш қиюдың барлық үлгілері, шаш үлгісін жасау, макияж, маникюр, педикюр, жалпы айтқанда сұлулыққа арналған барлық қызмет түрлері көрсетіледі. Салондық бизнесте бәсекелес көп. Сондықтан да жарнама жағына, үнемі бір орында тұрмайтын салондық кәсіптің дамуына қаржы құйып тұру керек.

Сіздің тұңғыш қазақ тілді сұлулық саласындағы «Сен ғажапсың!» атты кітабыңыз жарық көрмек екен. Бұл кітапты жазуға не түрткі болды?
Менің бұл кітабым 1-2 күнде типографияға жол тартады, жақын арада оқырманына қауышады. Иә, тұңғыш қазақ тілді сұлулық саласына арналған кітап екені рас.

Қысқаша мазмұндасам: бұл басылым жалпы сұлулық саласына арналған, оның ішінде қалай визажист болуға болады, визажист болғанда қандай қателіктерге жол бермеу керек, салондық кәсіптің қыр-сыры, бет күтімінен бастап дұрыс тамақтануға дейін қамтылған.

Кітапты жазуға сұлулық саласына қатысты ақпараттарды тек орыс тілді сайттардан алатындығымыз түрткі болды. Сол себепті қазақ тілді қыздарға көмек болсын деген ниетпен жаздым.

Отбасылық өміріңіз жайлы не айта аласыз? Білуімше, екі баланың анасысыз…
Иә, менің екі балам бар: бір қыз, бір ұл. Қызым – сегіз жаста, ұлым – үш жаста. Мен визажға қызымның кішкентай кезінде келген едім. Жұмыспен отбасылық өмірді қатар алып жүру аса қиындық тудырған жоқ.

Парақшаңызда макияждың қыр-сырын оқыту курстарын жүргізетіндігіңіз туралы жазба қалдырған екенсіз. Жалпы өзіңіз қатал ұстассыз ба? Шәкірттеріңізге қандай талап қоясыз?

Мен бұрыннан бері «Базалық курс», «Өз-өзіңе визажист бол» атты курстарды жүргізіп келемін. «Базалық курста» визажист болып шығады, ал «Өз-өзіңе визажист бол» курсында қыздар өз-өзін әрлеп үйренеді. Қазір онлайн да, оффлайн да нұсқалары бар.
Шәкірттеріме гигиеналық тазалық жағынан қатал қараймын. Бізде 8-9 күн оқиды, емтихан тапсырса, сертификат беріледі, ал тапсыра алмаған жағдайда сертификат берілмейді. Емтиханнан өте алмай қалған қыздар болған, мен оларға уақыт беремін, олар сол уақыт аралығында қайта дайындалу керек.

Бұл жердегі мақсат – ақша табу емес, сапаға көбірек көңіл бөліп, білгеніммен бөлісу. Кейбір курстарда тек боянуды ғана үйрететін болса, бізде бет күтімін алғашқы сабақтан бастап түсіндіреміз.


«Косметиканы көп қолдану денсаулыққа зиянды, ерте қартаюға әкеп соғады» деген пікірге көзқарасыңыз қандай?

Мен, керісінше, ойлаймын. Қазіргі дамыған заманда косметикасыз жүрмеу керек. Яғни, бұл жерде тоналканы шамадан тыс жағу туралы айтып отырған жоқпын, біз косметика арқылы бетімізді сыртқы ортаның зиянды факторларынан қорғаймыз. Өз басым 20 жасымнан бастап бет күтіміне қатты көңіл бөлемін. Қазір жасым 36-да, он алты жылдық тәжірибем бар.
Мен жаз болсын, қыс болсын, қай мезгілде де бетімді жуа салысымен далаға шықпаймын. Міндетті түрде spf-кремін жағамын. Болмаса, BB-крем жағуға болады, ол бетіңізді әдемі қылады әрі қорғайды. Біз spf жақпасақ, күн сәулесі бетімізге қара дақтар, әжімдер түсіреді. Мен үнемі spf сепкішін өзіммен алып жүремін. Қазіргі әйелдер әдемі болып жүру керек деп санаймын. Күтім жасалмаған бет терісі ерте қартаяды деген ойдамын. Күтім жасауды жиырма жастан бастау керек. Көп қыздар тоналканы қалың қылып жағады да, кешкісін бетін жумай, сол күйінде ұйқыға жатады. Кешке бетімізді дұрыс тазалауымыз және оған дұрыс күтім жасауымыз аса маңызды.

Сіздің өмірлік мақсатыңыз қандай және «Әйел бақытын» қалай түсінесіз?

Менің өмірлік мақсатым – әйелдерге сұлулық сыйлау. Әрбір қазақ қызы – әдемі. Ертең тұрмысқа шыққаннан кейін әйел адамдар өз-өздерің тастап жібермесе екен деп ойлаймын, соларға көмектесу мақсатында оларды әдемілікке шақырғым келеді. Ең бастысы, әйел заты өз-өзін жақсы көру керек, сонда ғана барлық салада табысты бола алады.
Әйел бақыты – барлығына үлгеруде, күйеуінің қолдауында. Әйел адам өз-өзіңе сыйлы, үнемі даму үстінде болса, шынайы бақыт сол. Ал егер әр кез баламен отырып, күйзеліске ұшыраса, толып, айнаға қарағанда өз-өзіне көңілі толмаса бәрі, керісінше, орын алады. Әйелдер жүрегіңе жақын жұмысты таңдап, сол жұмыстан ләззат алса, онда отбасы да бақытты болады. Ананың көңіл-күйі жақсы болса, баланың да, бүтін бір жанұяның көңіл-күйі көтеріңкі болады. Осыны ұмытпағанымыз абзал!