Cән мен сұлулықБет күтімі

Сұлулық сырлары: Бет ісінуінің алдын алыңыз!

Күнде таңертең ұйқыдан оянғанда бетіңіздің іскенін аңғарасыз ба? Оны басудың жолы қандай? Бұл туралы кеңірек айтатын боламыз. Алдымен, беттің не үшін ісетінін анықтап алайық.

Ағзада артық сұйықтықтың жиналуы салдарынан бет ісінетінін жақсы білеміз. Оған мына жағдайлар әсер етеді:

Дәрі-дәрмек.  Құрамында пенициллин, гликокортикоид және аспирин бар дәрі қабылдайтын болсаңыз, бетіңіздің ісінуі – қалыпты жағдай. Сондай-ақ, жүктілікке қарсы дәрілер, қан қысымын бірқалыпты ұстап тұратын, депрессияға қарсы дәрілер де беттің ісуіне себепкер. Косметикалық құралдардан да беттің ісуі мүмкін.

Денсаулық. Егер бетіңіз үнемі ісіп жүретін болса, дәрігерлерге қаралып, себебін анықтаған дұрыс. Өйткені, аллергия, гайморит, конъюнктивит, қан тамырлары жүйесі, бүйрек пен бауыр, семіздік салдарынан бет ісінеді.

Құрғақтық. Ағзаға су жетіспесе де, артық сұйықтық жиналады. Адам ағзасы солай, егер сұйықтық жетіспесе, артық су, яғни қор жинай бастайды. Сондықтан беттің ісігін қайтарғыңыз келсе, күн сайын 8 стақан су ішіңіз.

Беттегі ісікті қалай басады?

Мамық төсекке жатпаған жөн. Төсегіңіз қандай, қандай жерде ұйықтап жүрсіз? Ең әуелі осыған назар аударған жөн. Егер құс мамығына аллергияңыз бар болса, одан жасалған көрпе мен жастықты қолданбаңыз. Көзіңіз бен бетіңізге бірден бір себепкер осы төсек жабдықтары болуы мүмкін.

Жуыныңыз. Бетті суық сумен жуып, мұз кесектерімен бетті асықпай сүртудің пайдасы өте көп. Ромашка және жалбыз тұнбасынан дайындалған мұз кесегі болса, тіпті, жақсы.

Бетті салқындатуды жалғастырыңыз. Бетті салқандатуға арналған түрлі гелдер, маскаларды қолданып көріңіз. Оны кез келген дәріханадан таба аласыз.

Көкөністер мен жемістер. Олар күнделікті тамақтануда ғана емес, сонымен қатар бетке түрлі маскалар жасау кезінде де керемет көмектеседі. Беттің ісігін тез арада кетіргіңіз келсе, салқындатылған жемістің не көкөністің тілімдерін бетіңізге басып, бірнеше минут отыра тұрыңыз. Әсіресе, мұндайда қиярдың тигізер пайдасы көп.