Бала саулығыДенсаулық

Шынықса шымыр болар

Сумен шынықтыру жай ғана таңертең суық суды үстіге құю емес. Бұл – адам өзін сергек сезініп, иммунитетін жақсартуға септігін тигізетін толық бір жүйе. Осы ретте сәби ауырмас үшін қалайша дұрыс шомылдыру керектігіне тоқталайық.

Баланың иммунитеті салқыннан емес, ақырын-ақырын төменгі температураға денесін үйретуден көтеріледі. Су, күн, ауа арқылы ем-дом жасауға болады. Бұл ретте су процедурасының әсері күшті екенін ұмытпаңыз.

Шынықтыру әдісі

Оның амалы қарапайым. Суды кең ыдысқа құйып, сәбиді отырғызасыз. Судың температурасын бірсарынды төмендетіп, балаға әсер етесіз.

Бірінші кезең

Шынтақтан білекке дейін және тізеден табанға дейін шомылдырасыз. 30-32 градустағы жылы суды қол-аяғына 1-2 минуттай құйып тұрыңыз. Сосын терісі жеңіл қызарғанша орамалмен сүртіңіз. Тағы бір нұсқа: шомылдырудың орнына ылғал орамалмен денені ысқылауға болады. Бір апта өткен соң судың температурасын 2 градусқа төмендетесіз. Осылайша 18-20 градусқа жеткенше жалғастырыңыз.

Екінші кезең

10 секундтай сирақ пен табанына жылы су, 5 секунд 24-25 градустағы салқын су құйыңыз. 3-4 рет қайталаңыз. Әр апта сайын суды 1-2 градусқа салқындатып отырыңыз. Мына әдісті де қолданып көріңіз: екі ыдысқа салқын және жылы су құйыңыз. Екеуіне баланы кезек кезек отырғызыңыз.

Үшінші кезең

Аяқ-қол процедурасынан кейін сәбиді толық шомылдыру керек. Бірақ суды ескертпей төбесінен төңкере салмаңыз. Бірінші өзіңіз көрсетіңіз. Одан кейін көзін жұмуды өтініп, «Қазір жаңбырдың астында қаласың!», – деп, суды басынан төмен қарай құйыңыз.

МАҢЫЗДЫ! Жүрегі, жүйке жүйесі қатты ауыратын балалардың басынан төмен қарай шомылдыру зиян.

 Жалаң аяқ жүргізу

Бала шымыр бола түссін десеңіз жаз кезінен бастап жалаң аяқ жүргізіңіз. Әуелі 30 минуттан бастаңыз. Екі ай ішінде толық бір күн бойы жалаң аяқ жүруге дағдыландырыңыз. Қысты күні үйдің қоңыр салқын еденінде шұлықсыз жүргізіңіз.

Қосымша

Монша да шынығуға көп көмектеседі. Бірінші рет моншаға балаңызды алып барсаңыз, температураның 80 градустан аспауын қадағалаңыз. Әрі уақытты 5-7 минуттан асырмаңыз. Келе-келе 10 минутқа жеткізесіз. Бала иммунитетін нығайтудағы нағыз батыл қадам – мұздату, қармен ысу, мұзды сумен шомылдыру. Бұл әдістер сәбилер үшін тым қауіпті. Жүректің, жүйке жүйесінің ауруына алып келуі ықтимал. Сондықтан 15-16 жасқа келген жасөспірім шағында қолға алсаңыз да кешікпейсіз.

Негізгі 4 ереже

Үнемі және үздіксіз

Денені шынықтыру мезгіл таңдамайды. Бала ауырып қалған кезде де тоқтатпау керек. Сырқаттанған кезде қандай температурада шомылдырып жүрсеңіз, жазылғанша дәл сол қалыпта қайталаңыз. Жаттығуларды да қалдырмаңыз. Тым әлсіреп кеткен жағдайда тоқтатыңыз. Ваннадағы шомылуды төсектегі ысқылауға алмастыруға болады. Аурудан айыққан соңғы 5-7 күнде жай-жайдан шомылдыруды бастаңыз. Барлығы жақсы болса, суды салқындатуды жалғастыра беріңіз.

Асықпаңыз.

Процедураны жылдамдатудың қажеті жоқ. Ол баланың өміріне байыппен және ретімен енуі керек. Бірден мұзды сумен шомылдыру кері нәтиже береді.

Жеке амал

Шынықтыруды бастарда балалар дәрігерімен ақылдасыңыз. Перзентіңізге қандай әдістің сай келетіні туралы кеңес алыңыз. Дәрігердің бекітуімен аурушаң балаларды да шынықтыруға болады. Барлық процедураны балаңызбен бірге істңіз, оны жалғыз тастамаңыз.

Жағымды сезімдер

Шомылдырып жатқанда балаңыз жыласа, оны қинаудың қажеті жоқ. Судан қорықса, жалаң аяқ жүргізіңіз. Сәбиіңіз белсенді әрі мазасыз болса, ұйықтар алдында шынықтырмаңыз. Судың арқасында өзін сергек сезініп, ұйықтамай қояды. Ұйқыдан тұруы қиын болса, ояна сала салқын сумен жуындыруға әдеттендіріңіз. Жаңа нәрсеге үрке қарайтын балаға екі есе сабырлық танытыңыз. Температураны бірден өзгерту қажет емес. Олардың үйренісіп кетуі үшін ұзақ уақыт керек. Қандай жағдай болса да перзентіңіздің тоңып, денесінің құсеттеніп кетуіне жол бермеңіз.

Денесі тітіркенбесін!

Жуындыру кезінде бойы тітіркенсе, ол сіздің асығыстық танытқандығыңызды білдіреді. Судың температурасы дұрыс таңдалса, сәби оны соншалықты «салқын» қабылдамауы керек. Балаңыздың сезіміне баса назар аударыңыз.

Нәтиже

Перзентіңіздің шымыр болғанын қаласаңыз шыдамды болыңыз. Қазақ халқы «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде», – деуші еді ғой. Шынықтырудың нәтижесінде жиі ауыратын бала бір жылдан соң 2-3 есеге аз сырқаттанады. Дәрігермен жан-жақты ақылдасып, іске кірісіңіз.