Жан әлеміӨзіңді дамыт

Сүйгенім әлеуметтік желі құрбаны

Айдана екеуіміз екі жылдан бері біргеміз. Ол – ақылына көркі сай, қылықты да сүйкімді жан. Оның сұлулығы кім-кімді болса да, тамсандырмай қоймайды. Мінезі де жайсаң, осы уақытқа дейін біреумен бет жыртысып, дауласқанын байқамаған едім. Енді сол сүйіктімнің бір ғана кем тұсы бар. Ол – әлеуметтік желі. Нақтырақ айтсам, инстаграмға деген тәуелділік. Иә, иә, Құдайдың құтты күні кездесіп, үнемі жанымда жүретін қызымның инстаграм шырмауына қалай ғана түсіп қалғанын түсінбей-ақ қойдым!

-Айдана, дәмханаға келгенімізге бір сағат болды. Бір уақыт телефоныңды қойып, маған қарашы!

– Не? Не болды?

– Инстаграмнан шық! Тым болмаса алдыңда тұрған тамағыңды ішші! Менімен кездескенде көріп қаласың ба осы телефонды?

– Туй бір, мен үшін оның қаншалықты маңызды екенін білесің ғой! Бұл менің жұмысым десем де болады! Бір рет үндемей қойсаң, нең кетер еді?

– Ал, мен ше? Мен сен үшін маңызды емеспін бе?

– Сұлтан, қойшы! Үнемі менімен салғыласып отырасың! Әбден шаршаттың…

– Сұрағыма жауап берші? Сен үшін менің қадірім қалмаған ба?!

– …Сұлтан, түймедейді түйедей етпе! Менің саған деген сезімімді жақсы білесің.

Соңғы кездері оның маған деген шынайы сезіміне күмәнданамын. Әңгімеміз осы бір инстаграмға тіреледі де отырады. Сұрағыма нақты жауап ала алмаймын. Сүйгенімнің үнсіздігі, кертартпа қылықтары титығыма әбден тиді. Ол әр кез мені кінәлі етіп шығарады. Ал, менің жазығым не? Сүйіктіммен уақыт өткізгім келгені үшін, оның көңілін өзіме аудартпақ болғаным үшін кінәлімін бе?

Шынымды айтсам, қазір екеуіміз кездессек, өзге жұптар секілді әңгіме-дүкен құрып отыра алмаймыз. Көзі ұялы телефонның экранынан басқа нәрсені көре алмайды. Оған қолындағы гаджетті жоғалтқанша, мені жоғалтқан артық сияқты. Расымен оның жылулығын, қамқорлығын енді тіпті сезінбеймін. Алматының кереметтей әсем жерлерін тек суретке түсу мақсатында шарлаймыз. Тамақты да инстаграмға салу үшін тұтынатын секілді. Бар ойы – оқырмандары, лайк, жаңа сурет! Оған қоса қалтасындағы қаражатына ие бола алмайды. Инстаграм үшін күнде сауда орталықтарын шарлап, көзіне іліккен дүниесін сатып ала салады. Соңында шығындарын мен өтеп жүремін. Жо-жоқ, ол менің қалтамды қақты деп арызданып отырғаным жоқ. Өзім қаладағы белді компаниялардың бірінде жұмыс істеймін. Жалақым да жақсы. Әрине, оған қамқор болғым келеді.

Дегенмен, алды-артын ойламай, бүгінгі күнмен өмір сүретіні ұнамайды. Менен ақша сұрағанын қоймай, енді, банктерден несие алып, киімді де қарызға алатынды шығарды. Оны қойшы, су жаңа модельдегі телефон, сексен мың теңге тұратын құлаққап, бағалы сөмке сатып алып, шалқып жүр. Жақында құрбысы екеуі шетелге шықпақ. Қазір қолында ақшасы бар-жоқтың бәрі шетел кезгіш болып кетіпті ғой. Енді сол саяхаты үшін де несие алмақ ойы бар. Өзі ел танитын мамандықтың иесі, бетке ұстар қызметкерлердің бірі. Тапқан қаржысы өзіне жетпейді. Оған қоса қарыздары бастан асады. Бұл мәселенің тек бір жағы. Соңғы күндері тіпті өзінің мүсінін жарқыратып, суретке түсетінді шығарды. Бұл қылығы әбден титығыма тиді. Кім үшін, не үшін мұндай сұмдыққа жол беріп жүр? Осы жөнінде талай әңгіме қозғап көріп едім – нәтижесіз.

Мен инстаграмды бір вирус дер едім. Иммунитеті төмен адам оны бірден жұқтырып алады. Сондай адамның бірі – Айдана. Оның бұл қылықтары ауруға ұласып бара жатқанын айттым. Ол болса, менің сөзімді жоққа шығарады. Айдана үшін мен түк түсінбейтін ақымақпын, ескінің адамымын. Мен бұл тақырыпты көтерген сайын арамызда үлкен дау туады. Соңында «айырылысамыз» деуден де тайынбайды. Мен оны шын жүрегіммен сүйемін. Бойындағы бар жақсы-жаман қасиеттерімен жақсы көремін. Десе де, оның бұл тәуелділігі арамызды ажырата алатынын түсініп келемін. Оны жамандыққа қимаймын. Біреуге бұл түкке тұрғысыз дүние болып көрінуі мүмкін. Алайда, мен «екеуіміз қосылсақ, бақытты бола аламыз ба?» деп көп уайымдаймын. «Айнаның алдынан шықпайтын, қолынан ұялы телефоны ажырамайтын қыз ертең қандай жар, ата-анама қандай келін болмақ?» деп ойланамын. Инстаграм – уақытша дүние. Ол жердегі достарың ертең басыңа қиындық түссе, жаныңнан табылмасы анық. Бұл аурудың емі бар ма? Сүйгенімді жоғалтқым келмейді…

Сұлтан, Астана қаласы