Бала тәрбиесіОтбасы

Сын-пікір балаға кері әсерін тигізбей ме?

Егер сіз ата-ана болсаңыз, балаңызды, оның іс-әрекетін белгілі бір сөздермен бағаламай тұрмайсыз. Оған ұрысасыз немесе мақтайсыз. Нақты айтқанда, өз пікіріңізді таңып, іс-әрекетін бастығындай талқылайсыз. Тіпті, сынап-мінеп, өзгелермен салыстырудан тайынбайсыз. Ал, бұл әдістер қаншалықты тиімді? Бала болашағына қалай әсер етеді? Ол жайында психологтар пікірімен астасқан мақаладан оқып біліңіз.

2-сынып оқитын Айбол есімді баланы ата-анасы психологқа алып келеді. Өзі толық, денесі болбыр бала екен. Оған сыныптастары «былжыр» деп ат қойып алыпты. Анасы болса, ұлына сүйсіне қарап: «Міне, біздің қонжық. Өзі тұйық болып алды, сабағы да нашарлап кетті. Соған мұғалімі психологқа апарып көрсетіңіз деп еді», – дейді. Айбол «қонжық» деген сөзден қысылып, қызарып кетті. Анасы оны байқаған да жоқ. Бәрін бақылап тұрған психолог әйелден: «Балаңызды осылай жиі атайсыз ба?» – деп сұрайды. Ол: «Иә, онда тұрған не бар? Жақсы көріп айтамын. Біз үй ішімізбен толықпыз. Жақсы адамдар баршылық екенін көрсетіп тұруы керек ғой!» – деп тырқылдап күлді. Артынша күрсініп: «Ол тәтті сұраса, «жоқ» дей алмаймын. Өйткені мектептен үнемі көңілсіз келеді», – дейді. Психолог баланы жалғыз қалдыруын сұрады.

Айбол жалғыз қалған соң, сыныптастары оны келемеждеп, мазақ қылатынын, әке-шешесіне шағымдана алмайтынын айтады. Өйткені ата-анасы: «Әй, қойшы соларды, көңіліңе алма, не қыласың?» – деп, баланың сезімін маңызды санамайды. Үйде де қолдайтыны шамалы. Анасы оның көңілін тек тәтті-пәттімен аулағысы келеді. Ал, бұл баланың өзіне деген сенімділігін арттырмайтыны анық.

Тағы бір күні баланы психологқа әкесі алып келеді. Ол келе сала: «Негізі, баланың тәрбиесімен анасы айналысады», – деп жауапкершіліктен басын ала қашады. Айбол сол күнге дейін әкесінің орны бөлек екенін, онымен жақын қарым-қатынаста болғысы келетінін сездірген еді. Соны ескерген психолог әкесі мен ұлына қызықты спорт түрін тауып, бірге айналысуға тапсырма береді. Әкесі сонда қуанып кетіп: «Өй, мен деген спорттың түр-түрін жақсы көремін ғой. Бірақ ұлым өзі ынжық, ешнәрсеге қызықпайды», – дейді. Бұл сөзден кейін бала тағы басын салбыратып, иығына тықпалай берді.

Осы тұста бала ата-анадан екі есе кемсітуді естіп тұрған жоқ па? Ата-ананың баласына және өз-өзін ұстауына көңілі толмайды. Екіншіден, өзгеруіне көмектесуді ойламайды да.

Осылай отбасындағы тәртіпке психолог араласқан соң, бала бірнеше ай жүзумен және футболмен айналысады. Одан кейін бала өзін-өзі жинақтап, өзіне деген сенімділігі артады. Сыныбында да оны мазақтауды доғарып, достары пайда бола бастайды. Ал, анасы осы кезде өзін баласына керексіз сезіне бастап, шағымданады. Бұл дегеніңіз анасының өзіндегі мәселені жөндеп алу керектігін байқатады. Яғни, өз өміріндегі көңіл толмаушылықты баланың өміріне таңудың қажеті жоқ.

 Сынап-мінеудің көмегі бар ма?

Егер бала өзі біліп ештеңе істемесе, сабағын оқып, үй жұмысына көмектесуі үшін үнемі түртпектеп, жағымсыз сөздермен сынап-мінеп отыруға тура келсе ше? Мұндайда не істеуге болады?

Бала дүниеге келгенде барлық отбасына қуаныш пен махаббат алып келеді. Бала болған соң, ауырмай тұрмайды. Сол кезде анасы мен әкесінде: «Жақсы адамның баласы бұлай жиі ауырмауы тиіс еді ғой. Мұндай болады деп ойламап едім. Мына баланы-ай!» – деп, баладан мезі болу сезімі пайда болады.

Ал, мектепке барғанда баланың үлгеріміне жақын адамдары ғана емес, айналасындағылар, сыныптастары, мұғалімі баға бере бастайды. Дәл осы сәтте баланың өзін-өзі бағалауы қалыптасып, ол өте сезімтал келеді. Бала ата-анасына қарағанда мұғалімнің сөзіне шексіз сенеді. Ол үшін мұғалімнің пікірі өте маңызды саналады.

Бұл сөздерді естіген баланың анасы: «Енді не істеуім керек? Оған ештеңе әсер етпейді», – дейді. Психолог: «Сонда сізге сынап-мінеу көмектесе ме?» – деп сұраса, «Біраз уақытқа әсер етеді де, сосын қайтып бұрынғы қалпына түседі», – деп күрсінеді.

Мұндай тәрбиенің кесірінен бала өскеннен кейін бірнәрсе жасауы үшін оны үнемі сынап-мінеп немесе қорқытып отыру керек болады. Оған бойы үйреніп кететіні соншалықты өз бетінше бірдеңе жасай қоюы қиындайды. Одан жауапкершілігі мол, мықты маман шығады деп айту да қиын.

Не істеу керек?

1. Баланың зығырданды қайнатқан тұстарына мұқият мән беріңіз. Оның іс-әрекеті жеке басымен немесе жақын адамдарының қасиеттерімен байланысты болуы мүмкін.

2. Балаға жағымсыз, көңіліне тиетін сөздер айтуға ұмтылған кезде ішіңізден 10-ға дейін санап, үзіліс жасаңыз, ұнамсыз әрекеттерін болдырмаудың жолын, оны балаға жеткізудің тиімді бағытын қарастырыңыз. Бала сөзіңізге өкпелеп, көңіліне кірбің алмасын десеңіз, оған ішкі уайымыңызды түсінуге мүмкіндік беріңіз. Мысалы: «Әй, жалқау, сабағыңды оқымайсың ба?» – деп, төбеден дүңк еткізбей, «Балам, 5 минуттан кейін сабағыңды оқуға отыр, сосын бір сағаттан кейін ойнауға шығасың», – деп ақырын түсіндірген жақсы.

Қарым-қатынас – оқиғаға байланысты әрдайым өзгеріп отыратын процесс. Сондықтан әр оқиға кезінде айтылатын сөз және әңгімелесудің өз стилі болады. Соны ескергейсіз.

1. Балаға бір нәрсені үйретудің ең тиімді жолы – өзіңіз үлгі бола білу және шынайы қарым-қатынас орнату.

2. Баланың көңіліне тиген сөздер оның денесінде мәңгі бақи өмір сүреді. Онысы басын төмен салып жүру, жан-жағына үрейлі көзбен қарау, қысылып-қымтырылу, дімкәстығынан көрінеді. Ал, мінез-құлқында өзіне деген сенімсіздік, тұйықтық, өкпешілдік, кекшілдік пайда болады. Сондықтан, баланы сынап-мінер алдында осы жайттарды ескеріңіз.

 Ата-аналарға үй тапсырмасы

Еске түсіріңізші, бала күніңізде сізді кім сынап-мінеп, басқалармен салыстырып еді. Сонда қандай күйде болдыңыз? Бұл сіздің ашылуыңызға көмектесті ме?

Өткен естеліктер өзіміздің де бала болғанымызды еске түсіріп, баланың жай-күйін шынайы түсінуге көмектеседі. Тіпті, ол өте жағымсыз естеліктер болуы мүмкін. Егер сол сөздер мен көзқарастар сіздің өміріңізге, жан-дүниеңізге әлі де әсер етіп жүрсе, одан да сол мәселенің орнын толтыруға тырысыңыз. Ішкі арпалысты балаға мұра етіп қалдырмай, оның алдын алғаныңыз жөн.

Бала естияр болған шақта мектептен қандай көңіл-күймен оралады, мұғалімі қалай бағалап жүр, баламен қалай сөйлеседі, сыныптастарымен қарым-қатынасы қандай – бәріне мұқият мән беріңіз. Баланың жеке басындағы өзгерістерді дер кезінде байқап, оны қолдауға тырысыңыз. «Бойындағы кемшіліктерін қалай түзетуге болады? Оқуын жақсы оқып, адамдармен қарым-қатынас жасап, әлемді танып, дені сау, белсенді әрі ашық бала болуы үшін қалай көмектесемін?» деген сұрақтарға жауап іздеңіз.

Балаға «ол өзі сондай, пәленшеге ұқсап кеткен» деп, ұнамсыз адамды өсіргіңіз келмесе, мұндай сөздер мен сынауларды бүгіннен тоқтатыңыз.