Жан әлеміӨзіңді дамыт

Сынға төтеп берудің 9 жолы

 Өмірде айтылатын сын сөздердің түрі көп. Бірі мінез-құлқыңызды, жасаған ісіңізді сынып-мінесе, енді бірі Құдай жаратқан дене мүшеңізге қатысты жағымсыз сөздер айтуы мүмкін. Сондықтан ең алдымен, сын сөзге және оны айтып тұрған адамның болмысына мән беріңіз. Сөздің мәніне терең бойласаңыз, көптеген мәселеде өзіңізге көмектесе аласыз.

603Қаралымдар

Сабыр сақтаңыз

Жағымсыз пікірге (хатқа, сөзге) жауап бермес бұрын сабыр сақтаңыз. Өзіңізді дереу қолға алу үшін мына техниканы жасаңыз:

  • Іштей 10-ға дейін санау;
  • Бірнеше рет ішпен ақырын терең тыныс алу;
  • Сол сәтте нені ойлап, нені сезініп тұрсыз, барлығын қағазға түсіріңіз. Қаһарыңызды адамға емес қағазға төгіп тастаңыз. Бұл алғашқы эмоцияның өтіп кетуіне жақсы көмектеседі.

Әдетте сын естіген адам бірден ақталып, ескертпенің әділетсіз екенін алға тарта жөнеледі. Ал, бұл кей сыншыға қуаныш сыйласа, кей адамның зығырданын қайнатады. Дәл осы сәтте сабыр сақтап үйренсеңіз, көп бәледен ада боласыз.

Сын арқылы мін түзеледі

Кейбір сындар өзіңіз байқай бермейтін осал тұсыңызды шыңдауға көмектеседі. Егер адам сізге дамытуға болатын кем тұстарыңызды көрсетсе, ренжудің қажеті жоқ. Мысалы, сізге «мына киімің жарасап тұрған жоқ» десе, шынымен де солай шығар? Дұрыс пікірлерді пайдаға жарата біліңіз. Кез келген нәрсені ретке келтіріп, дамытуға болатынына сенімді болыңыз.

Әр адам әртүрлі ойлап, жайдайды да әртүрлі көреді. Олар сіз байқамағанды байқап, сіз көргенді көрмеуі мүмкін. Сондықтан біреудің көзқарасы бір естігеннен тұрпайы көрінсе де, біздің кей тұсымызды толықтыруға көмектеседі. Ол сіздің қарым-қатынасыңызға, жұмы немесе өзіңізге байланысты болуы мүмкін.

Ал, өзгертуге келмейтін тұсыңызды мінеп тұрса, ол үшін уайымға берілмеңіз. Өзгерте алмайтын нәрсе үшін күйіп-пісудің не керегі бар? Одан да оны барымен қабылдап үйреніңіз.

Дәлел келтіруін сұраңыз

Адамдар көп жағдайда жалпылама сөйлегенді ұнатады. Сондықтан кейбір сын сөздердің астарын нақтылай түсіңіз. Егер сізге күйеуіңіз «үнемі осындай жауапсызсың» десе, оған шап бермес бұрын қай жерде жауапсыздық танытқаныңызды және ол қаншылықты жиі қайталанғанын, мысал келтіруін сұраңыз. Егер ол бәрін соқырға таяқ ұстағандай етіп айтып бере алса, онымен келіскен дұрыс. Солайша өзіңіздің кей жерде шынымен де қателік жіберіп, көп нәрсені ескермей жүргеніңізге көз жеткізе аласыз.  Содан кейін сіз көп жағдайда дұрыс жасауға тырысасыз.

Осылай нақты сұрақтар қою сізді жағымсыз эмоцияға берілуден сақтап, босаңсуға мүмкіндік береді.

Біреудің әсерін ескеріп, сөзін тыңдай біліңіз

Сынды соңына дейін тыңдаңыз. Бірден жауап қайтаруға немесе ақталуға асықпаңыз. Асығамын деп, өзіңіз үшін ең маңызды тұстарды жіберіп алуыңыз мүмкін. Бұл өзгенің өзіңіз туралы ойын дұрыс түсініп, өз ойыңызды жинақтауға көмектеседі. Ойға келгенді айта салмай, үзіліс жасау – өзгенің пікіріне құрметпен қараудың белгісі.

Мысалы, жеке дүкеніңіз бар делік. Адамдар ол жерден қалағанын табу қиын екенін, іздеуге көп уақыт кетіретінін айтып шағымданып, басқа дүкендерді үлгі етіп жатса, бұл қорлаудан гөрі жұмысыңызды жақсартуға көбірек көмектеседі. Дүкен адамдарға қызмет көрсететін жер болғандықтан, мұндай пікірлерге бей-жай қарауға болмайды. Бұл адамның сөзіне, істеген ісіне де байланысты. Адамдар одан жағымсыз әсер алса, демек солай болғаны. Өзі туралы тек жақсы сөз естігісі келетін, сын көтермейтін жандардың ісі өрге домалауы екі талай.

Сын шындыққа жанаса ма?

Айтылған сынды бірден өзіңізге қабылдап алудың қажеті жоқ. Оның сізге нақты қатысы бар ма, жоқ па соны бағамдаңыз. Ол адам жағдайды дұрыс түсінбеген болуы мүмкін. Я болмаса, сіз бірдеңені дұрыс жеткізе алмаған боларсыз. Оған қоса, өмірде әр нәрседен ілік іздеп, сынап-мінеп отырғанды жақсы көретін адамдар да бар. Сол себепті өзіңіз жасамаған, не айтпаған сөзге бола таласып-ақталмаңыз. Мәселен, кір жуғыш машинаны хабарлама жіберуге болмайтындығы үшін сынап-мінеу ақылға қонбайды ғой? Сол сияқты жел сөздерді аса елемеген дұрыс.

«Мінсіз» болуға талпынбаңыз

Адам әрдайым басқаның қолдауын қажет етеді. Тіпті, ең мықты басшының өзі шешім қабылдар кезде қол астындағы қызметкерлерімен кеңеседі. Сол арқылы өзінің қателігін көріп, жақсы нәтижеге қол жеткізуге тырысады. Өйткені ол барлық адамның қателесуі мүмкін екенін біледі.

Сондықтан өз кемшіліктеріңізге байыппен қарауды үйреніңіз. Мінсіздікке қанша талпынсаңыз да, оған жете алмайсыз. Себебі әр адам шектеулі қабілеттермен жаратылған. Сын сөзге ілігу кейде адамның ішкі қорқынышынан да орын алады. Жеке басыңызға, жұмысыңызға қатысты сын сөзден қорқа берсеңіз, өзіңізді дамыту қиын болады.

Жағдайды бақылыңыз

Сізді кім сынап тұр? Ол сізге әуелден қарсы адам ба? Басқаларды сынау арқылы өзін биік санайтын біреу ме? Я болмаса, ол сізге жақсылық ойлайтын досыңыз болар? Осы сұрақтарға жауап іздеу арқылы сынға деген әсеріңізді өзгертерсіз. Оған қоса, өзіңізге «Мені неге сынап жатыр? Бұл пікір орынды ма? Ол мені дұрыс түсінді ме? Оған өзім жол берген жоқпын ба?» деген сұрақтар қойыңыз. Мүмкін, шынымен де оларға жағымсыз әсер қалдырған боларсыз немесе бір нәрсені жөндеу керек шығар? Қандай сын болса да адамның Эгосын басуға көмектеседі. Көп жайттың мәніне баруға септігі тиеді. Қайта, өзіңізді дамытқан сын сөздерге алғыс айтыңыз.

    People who blame

Статистикаға мән беріңіз.

Көптеген сын сөздер жеке пікір болуы мүмкін. Біреудің сөзін ести салып, салыңызды суға кетірмес бұрын дәл сол нәрсеге қатысты басқалардың ойын біліңіз. Басым көпшілігі дұрыс көзқараста болып, бір ғана адам сізге шағым айтып тұрса, онда да жақсылап ойланыңыз. Біреудің пікіріне тәуелді болмаңыз.

Керек жерінде төтеп беріңіз

Мақалада басқаның көзқарасына құрметпен қарау туралы айтылды. Бірақ кейбір адамдар шектен шығып кетеді. Ол сізді басынып, төмендетуді ойлайды. Мұндайда сол сөзге сеніп, өзіңізді төмен санап, үнсіз қала берудің қажеті жоқ. Сынаушы позитивті адам болса, орынды әзілмен құтылуға болады. Келесі әдіс – ашу мен әзілді араластыру. Басында берген жауабыңыз қаталдау болсын. Бұл өзіңізге көтеріңкі дауыспен айтылған сөздерді көтермейтіндігіңізді көрсетеді. Артынша сөзіңізді қалжыңмен аяқтаңыз.