СұқбатСыр-сұқбат

СЫНИ ОЙЛАУ – ДЕҢГЕЙІҢДІ ӨСІРЕДІ

Қазақстандағы қолтаңбаңыз ерекше, ең ықпалды кинотанушысыз. Кинотанушыға қандай жеке қасиеттер қажет?

Дүниетанымыңның ауқымы кең, қолтаңбаң қалыптасқан, жауапкершілігің зор болуы керек. Әр маман өз өресінің деңгейінде баға береді.

Жазу стилің, өзіндік ерекше қолтаңбаң қалыптасуы да маңызды. Шеберлік өзі айқын көрініп тұрады.

Баға беруде бір ғана фильм емес, жеке автордың шығармашылық тағдырына жауапкершілік аласың. Ұстанымдарыңа берік болуың керек.

 

Сынның ықпалы мен киносыншы болудың жауапкершілігі қандай?

Сын айтудың жауапкершілігі зор. Өзіндік саясаты мен мәдениеті бар. Кім өзіне сын айтылғанын қалайды?! Ешкім. Әркім өзін керемет санайды. Сын айту үшін қырағылық қана емес, көрегендік керек. Мергендік сияқты нысанаңа оқты дөп басуың керек.

Адамның ар-ұжданына тимей, кемшіліктерін түзеудің сауатты жолдарын ұсына отырып, дамуына оң ықпал жасау маңызды. Жаңаша ойлануына мүмкіндік беру, жігерлендіру. Орынды сын – жаңа деңгейге көтереді.

Сынның табиғатына тереңірек тоқталсаңыз. Сыни ойлаудың жеке тұлғаның ғана емес, қоғамның дамуына тигізер пайдасы көп емес пе?! 

Сынның табиғаты күрделі. Ол вирусқа қарсы егілетін емдік қасиеті бар дәрі іспетті. Ең бастысы – нәтиже. Егер сын әділ, орынды болса, жақсы өзгеріс міндетті түрде болады.

Әр адамға өзі жайында сыни ойлай білу маңызды. Бұл өзіңді, өміріңді, ойларыңды, жаратылысыңды, талғамыңды – рентген аппаратынан өткізгендей әсер береді. Яғни, осал, емдеуді қажет ететін тұстарыңды дөп басып табасың. Жаман қасиеттеріңнен, дағдыларыңнан, ойларыңнан арыласың.

Сыни ойлау – деңгейіңді өсіреді. Айнаға қарағандай, кейде, өз кемшіліктеріңе тура қарай білу керек. Барыңды да, жоғыңды да әділ мойындау маңызды.

Жеке адамдар өздерін жақсы жаққа өзгертсе, қоғам сөзсіз өзгереді.

 Фильмге баға беру кезінде ең бірінші нені ескересіз?

Идеясының түпкі мақсатын тануға басымдық беремін. Ойды жеткізу шеберлігін талдаймын. Оның маңызы мен құндылығын ашуға тырысамын. Көркемдік шешімдеріне назар аударамын. Автордың дүниетанымына зерттеу жүргіземін. Өресін бағалаймын. Кез келген фильмді ғана емес, оның артындағы автордың жеке әлемін тану, ашу, талдау жасау өте қызық.

Қазіргі уақытта белең алып отырған әлемдік ахуал кино саласына да елеулі әсер етті. Сіздің ойыңызша, Қазақстандық кинематографтың ертеңгі күні қандай болмақ?

Әлемдік киноөндірісіне әсер еткені рас. Қазір ұзақ үнсіздік, үзіліс. Бұл уақыт та шығармашылық тұлғаларға оңашада ойлануға мүмкіндік береді.

Меніңше, осы уақытқа дейін жасалған кино қоры карантин уақытында өз миссиясын артығымен орындады. Көрермендер әлемдік кинематографтағы үздік фильмдерді іздеп көріп, уақытын өткізді.

Прокат уақытша тоқтағаны рас. Бірақ, бұл киноөндірісінің жұмысы түбегейлі тоқтады дегенді білдірмейді. Барлық сала бойынша жұмыс қарқыны жанданатын уақыт келеді. Барлығы түзеледі.    

Отандық кинематографтың бүгінгі деңгейі қандай?

«Оскар» алған жоқпыз. Бірақ, жақсы талпыныстар бар. Авторлық кино бағытында ерекше, терең ойлайтын режиссерлар жеткілікті. Халықаралық кинофестивальдерде мойындалған фильмдер бар. Бұл біздің отандық кинематографтың деңгейін айқындайды.

Алайда, әлі де ізденістер, масштабты идеялар, шеберлікті шыңдаудың қажеттілігі бар.

Коммерциялық фильмдер бағытында бәсекелестердің қатары көбейгенін қалаймыз. Әуесқой режиссерлардан бөлек, өзіміздің кәсіби мамандардың фильмдері прокатта үлкен жетістікке жетсе, керемет болады. Олар қанша дегенмен сапалы өнім ұсынады.

 Көрермендер аудиториясына салмақты, ой салатын, оқиғалары қызықты да сапалы дүниелер көптеп ұсынылса деген тілек бар.  

Прокатта арзан комедиялар көбейіп кетті дейміз. Көрермен талғамын өсірудің жолдары қандай?

Көрермендер әртүрлі. Әр адамның дүниетанымы бөлек. Талғамы да. Мен негізі көрермендерді айыптамаймын. Керісінше, авторлардың өз деңгейлері туралы ойланғанын қалаймын.

Аудиторияға фильм ұсындың ба, көрерменге де құрмет болу керек. Сұраныс бар екен деп, кез келген қоқысты тықпалай беруге болмайды. Көрермен – тұтынушы. Қандай өнім ұсынасың, кейде онан басқа таңдау болмаса, амалсыздан қабылдайды.

Авторларға көбірек іздену керек. Олардың өресі жоғары болса, соған сай дүниені ұсынады. Оны көрген көрермен де сол деңгейге теңесіп, қалыптасып, өседі. 

Өресі жоғары көрермендер де болады. Қалыптасқан. Талғап көреді. Олар арзан дүниені қарамайды. Назар да аудармайды.