Жан әлеміӨзіңді дамыт

Табысты әйелдің 9 қағидасы

Психологтардың айтуынша, белгілі бір табысқа қол жеткізу жолында нақты ережелерге сүйенудің орны бөлек. Ал, жаны нәзік әйелдер қауымы психологтарға көп жүгінетіндігін ескерсек, айтулы кеңес ешқайсысымызды бей-жай қалдырмасы анық.

609Қаралымдар

Биік белестерден көрінгіңіз келсе, табысты әйелдер ұстанатын 9 қағидаға сіздің де назар аударғаныңыз жөн. Өз-өзіңізді қолға алыңыз. Үнемі істелген іске баға беріп, нық қадам жасауды үйреніңіз. Сонда сіздің де табыстылар қатарынан табыларыңыз анық.

Сонымен, табысты әйел дегеніміз кім?

Ол алдына нақты мақсат қойып, соған қол жеткізеді

Табысты әйел нені қалайтынын, бірінші кезекте, жеке өмірінде қандай белестерді бағындырарын анық біледі. Арқа сүйер азаматын жолықтырып, жеке өмірін қалыптастырады. Көңіл күйі сияқты белгілі бір сұраққа байланысты шешімі де күніне он құбылғанымен, қандай қорытындыға қол жеткізу керектігін нақты біледі.

Ол әрдайым әдемі, жинақы жүреді

Әйел адам қандай қызметте болмасын, өзінің әйел екенін ұмытпағаны жөн. Қыз-келіншектерге нәзіктік пен әдемілік тән. Бұл – олардың негізгі ерекшелігі ғана емес, «басты қаруы» да. Сондықтан қандай қарбалас болмасын, түр-келбетіңізге, сыртқы сымбатыңызға көңіл бөліңіз. Керек болса, уақытылы сән салондарына, жаттығу залдарына барып тұрыңыз. Әдемі мүсініңіз бен келісті келбетіңіз көңіліңізді көтеріп, жұмысыңыздың алға жылжуына да себепші болады. Көпшіліктің алдында өзіңізге сеніміңіз артады.

wallup.net

Ол жылдам өзгере алады

Қол сөмкеңізде кез келген уақытта жаңа келбет сыйлар «сиқырлы әшекейлер» мен ерекше косметикаларыңыз (айталық, ерніңіздегіден басқа түсті далап) дайын жүрсін. Әдемі түйрегіш, салпыншақ сырға немесе шашқа тағатын жалт-жұлт еткен «жанды» әшекейлер әп-сәтте сізге жаңа келбет сыйлары сөзсіз. Қызметтегі қатал стиліңізге осылардың көмегімен нәзіктік сыйлап, кешкі кездесуге кешікпей баруыңызға болады.

Ол жан-жақты

Әрнәрседен хабары бар, жан-жақты адамдармен әңгіме-дүкен құру да, бірлесе жұмыс істеу де өте қызықты әрі жемісті. Айтар әңгімесі, үйретер ісі бар жанға әркімнің жақын болуы да сол себепті. Ендеше, табысты әйелдердің қатарынан табылып, көптің назарында болғыңыз келсе, жан-жақты болуға тырысыңыз. Негізгі атқаратын ісіңізден бөлек, түрлі хоббиіңіздің де болғаны жөн. Қолөнермен айналысыңыз, биге, спорт түрлеріне қатысыңыз… Жаңа қырларыңызды аша біліңіз.

Ол «Жоқ» дей алады

Көп жағдайда жақындарымыздың көңілі үшін «Иә» деп, әлденеге келісе салып, артынан санымызды соғып отырамыз. Сондықтан керек кезде «Жоқ» дей алудың өзі үлкен істі тындырғанмен пара-пар болып жатады. Әрине, кісі алдында кішірейе білу – тәрбиенің белгісі. Десе де, «Жоқ» деуді де үйрену керек.

Оның айтар өз ойы бар

Кез келген жағдайда айтар өз ойыңыз болсын. Тіпті ондаған адам сізге қарсы тұрса да, жеке пікіріңізді іште сақтамай, сыртқа шығаруды үйреніңіз. Бұл, әрине, өзгелерге қарсы шығып, өз ойыңыздың дұрыс, өзгелердікінің бұрыс екенін дәлелдеу керек деген сөз емес. Олай етудің қажеті де жоқ. Бар болғаны, бір қоғамда өмір сүріп жатқаннан кейін, сол ортаның тіршілігіне бей-жай қарамайтыныңызды, орын алған жағдай туралы сіздің де жеке пікіріңіздің бар екенін білдіріңіз.

Ол таңғалдыра алады

Табысты әйел – тосынсыйдың шебері. Кел келген ұсақ-түйектен таңғаларлық сый жасау – олардың бір артықшылығы. Жоқтан бар жасайды. Жанындағыларға қалай қуаныш сыйлауға және оларды қалай таңғалдыруға болатынын біледі.

Ол әрдайым жайдары жүреді

Қабағы қатулы адаммен қандай да бір мәселені талқылау былай тұрсын, жүзіне қарағың да келмейтіні рас. Ондай жандармен табысқа жетемін деу – бос әурешілік және бірге жұмыс істеу де қиын. Сондықтан әрдайым жайдары жүруге тырысыңыз. Көңіліңіз көтеріңкі болсын. Жеке басыңыздың мәселелері қызметіңізге кері әсерін тигізбеуі керек. Қандай жағдай болмасын, айналаңыздағылардың сөзін мұқият тыңдап, жылы жауап қайтаруды үйреніңіз. Мейлі, жауабыңыз ол адамның күткеніндей болмаса да, оны жеткізуіңіз әдепке сай болсын.

Ол сұранысқа сай

Демек, ол – өз ісінің шебері. Міндетін абыроймен атқара алады. Соңынан ерген жастарға үлгі болуға лайық жан. Ендеше, кез келген істі сеніп тапсыруға болады. Тиісінше, мұндай мамандарға сұраныс та көп. Ал сұраныс болған жерде табыстың да болары сөзсіз.