Жан әлеміӨзіңді дамыт

Тәкаппарды Тәңір сүймес

Тәкаппарлық – адамда жетістікке жеткен сайын өзін басқалардан жоғары санау негізінде пайда болатын сезім.

921Қаралымдар

Өзіндік МЕНі басым адам өзімшілдікке бой алдырып, жан-жағын жақтырмай, сынап, мінеп, біреуге зәбір көрсетуге дайын тұрады. Өзінің маңыздылығын сезіну мен тәкаппарлану бір мезгілде қарапайым және күрделі түрде пайда болуы мүмкін. Австрия психологы Адлер адамды туабітті қасиеттері басқаратындығын дәлелдеді. Менмендікке де негіз болатын бірден-бір нәрсе – адамның туылар алдындағы кемшіліктері мен бала күнгі естен кетпес оқиғалары екен.

МЕНі өте күшті адамдар өзін жоғары бағалап, қолынан көп нәрсе келетініне, мүмкіндігінің молдығына сенімді болады. Бұл оның жақсы жағы. Ал жаманы – аса жоғары менмендік адамды елеске жетелеп, шынайы әлемнен ажыратып және сол әлемге қарсы қоюы мүмкін.

Адамда тәкәппарлықтың асқынғанын мына жағдайлардан аңғаруға болады:

  • Үнемі, барлық нәрседе өзінікін дұрыс санайды;
  • Әрдайым жеңіске ұмтылады;
  • Ерекше дүние жасауға тырысады;
  • Өзгенің іс-әрекеттері мен тағдырын қолға алғысы келеді;
  • Кез-келген кеңесті қабылдай бермейді;
  • Біреуге көмегі тисе, асқақтап кетеді;
  • Сұрамаса да, ақыл-кеңес бергісі келіп тұрады;
  • Айтылған сөздері мен пікірлеріне шүбә келтірмейді;
  • Адамдарға шын жүректен алғыс айта алмайды.

Адам бойындағы менмендік жан-жағындағылардың ашуын келтіріп, көңілін қалдырады. Мұндай адамдар басқалармен қарым-қатынас жасау кезінде іштей қысымды сезініп, үнемі жайсыздықтарға тап болып жүреді.

Менмендікті еңсеру технологиясы

1-тәсіл: Бұрын өзіңізді лайық емеспін деп санаған «лас» істермен айналысып көріңіз. Бұл сіздің «асқақтаған» сезіміңізді төмендетуге көмектеседі.

2-тәсілі: Адаммен кездескенде, оған іштей бас иіңіз. Ерте заманда басқа адамға бас ию – өзінің маңыздылығын бір саты төмен қойып, өзгеге құрмет көрсетуді білдірген.

3-тәсіл: Сөйлеп тұрған адамға барынша назар салыңыз. Алдымен түсінуге тырысып, содан соң жақсылап түсініп алыңыз. Сұрақ қойған адамды үнсіз тыңдаңыз және бірден жауап беруге асықпаңыз. Әрбір сөздің байыбына бара біліңіз.

4-тәсіл: Адамдардың барлығы сіз қалағандай болуға міндетті емес. Олардың кейбір мінездері сізге ұнамаса да, бар болмысымен қабылдап үйреніңіз.

5-тәсіл: Сіз үшін жасалған әрбір іске күн сайын ризашылық білдіріп, шын жүректен алғыс айтыңыз.

Күнде осы тәсілдердің бірін таңдап, қолданып көріңіз. Бұлар қарапайым және мазмұны терең, тиімді әдіс-тәсілдер. Бұл іс-әрекеттердің нәтижесінде жағымды эмоциялар пайда болып, сізге шабыт пен ризашылық, қуаныш пен қанағат алып келуі ықтимал.

Тәкаппарлық – адамда бәрі жақсы бола бастаған сайын өсіп отыратын арсыз сезім. Адам табысқа кенеліп, жұмысы жоғарылап, мақтауға ие болып, билікке қол жеткізе бастағанда қайдан келгені белгісіз, масаттану сезімі арбайды. Ол өсіп, мықтап күшіне енгенде оны тоқтату қиын. Менмендік, өзімшілдік адамды әуелі жоғары көтеріп, өзінің ұлылығын көрсетеді. Сөйтіп барып, аяқ астынан шыңнан түпсіз тұңғиыққа лақтыратындығын ұмытпағайсыз.