СұқбатСыр-сұқбат

Тамара Асар: Түсімнен шошып ояндым

Шынайылықты жаны сүйетін өнер адамы алдымен өзін танып, өзімен сырласа алуы қажет деп есептейді. Өзіне сеніп, өзін түсінген жан қиындықты жеңе біледі, ал ауыртпалықты жеңген адам мазмұнды болады деп қорытынды жасапты. Әншінің өмірі мен түйген-білгендерін ортаға салған сұқбатымен таныс болыңыздар.

С: Дарынды адам барлық салада талантты деген бар ғой, соның айғағы болар сізді жүргізушлік қырыңыздан танып жүрміз. Десе де екі кеменің қайсысын сүйреу ауырлау?

– Аса қиналып жүрген жоқпын. Қайта екеуі бірін-бірі толықтырады. Күнделікті ізденістің нәтижесінде сөйлеу мәдениетін қалыптастыруға тырысам. Екеуі де жанымның қалауы ғой. Физиологиялық тұрғыдан шаршаңқырайтыным болмаса, рухани жігер жинаймын..

С: Әдебиетке деген құштарлығыңыз тағы бар. Оқығандарыңызбен бөлісесіз бе? Талқылайтын жандар бар ма қасыңызда?

Өзім үшін ізденіп, оқитын болғандықтан ешкіммен талқыға салмаймын. Кейбіреулер бар ғой, екі беттік мақала оқи қалса, өзін білімді көрсеткісі кеп, оқығаннын жар салып отыратын. Ондайды ұната бермеймін. Шын кітапсүйерлер оқығанына қанағаттанбайды, керегін іздеуден жалықпайтын шығар.

С: Көлікті қай уақыттан бері тізгіндеп жүрсіз?

– Бала кезімде жүргізгенмін. Бірақ, басымнан өткен жағдайларға байланысты қайта үйренуге тура келді. 2003 жылдан бастап көлік менің жолда қалдырмас серігіме айналды.

С: Жылайтын кездеріңіз көп пе?

Көп емес. Жақыным қиындыққа ұшыраса, айналадағы сәтсіздіктерге, кино қаһармандарына, чемпиондар көк байрағымызды көкке көтергенде жылайтын кездерім болады.Негізінен әлде бір қиындыққа менің қолымнан келетін қайран жоқ кезде, көрерменмен бетпе-бет жүздескенде жылаудан қорықпаймын. Ол қуаныштың, тыңдаушының ықыласын сезгендегі бақыттың жасы деп білем. Сезімтал жанмын.

С: Қазақ сахнасында Тамара Асар деген есім пайда болғанда оны бұл есімді партияға қатыстырғандар да болды. Ел арасында жүрміз ғой, әлі солай ойлайтындар бар екен. Осыған өзіңіз түсінік беріп өтіңізші.

Асар деген менің үлкен атам. Отыз алтыншы жылы репрессияға ұшыраған. Өз өңірінің даңқы жайылған емшісі болған екен. Аламан- тасыр жылдары бір байдың жалғыз мұрагерін емдеп-жазғаны үшін қызылдардың өшпенділігіне ұшырап, түрмеге қамалған. Қапастан қашып шыққан атамды қызылдар Өзбекстанға жер аударыпты. Сол жерде жанұя құрмастан өз атамекенін аңсап жүріп өмірден өтіпті.Артында қалған 5 ұлына зияны тимес үшін, ұрпақтарына атын да бермей кетіпті. Ал бүгінгі күні Асар атамның атын арқалап жүру – мен үшін үлкен абырой.

С: Сіздің басыңыздан өткен жағдайды Ресей, Украина журналистері жарыса жазыпты. Шетелдік ғаламтор беттері нәзік жанды батыл қыз деген де тіркес қалыптастырыпты. Қазақ тілді оқырмандарыңызға өткен шағыңыздың жай-жапсарын айта отырыңызшы.

Негізі бұл туралы көп айта бергім келмейді. 1997 жылдың аяғында Ақтау қаласына демалысқа барғам. 1 желтоқсан болатын. Түсімнен шошып ояндым. Терезеден тысқа қарасам алғашқы қар жауған екен. Жақсылығымен жаусын дедім. Содан соң аяғым мына қардан тайып жығылып сынар ма екен деген ой сап ете түсті.

С: Түсіңізді айтыңызшы.

– Қымбат туфлиімінің бір сыңарын жоғалтып алып, оны қайтадан өз қолымнан ағаштан жонып отыр екенмін. Жасап алып киіп, шыр айналып билеп те қоямын. Әкем сынықшы болған соң, адамдардың қолы шығып, сүйегі сыну, омыртқаға келген зақымдарды көріп өскенмін. Сондықтан, сынық деген ұғым мен үшін қорқынышты емес болатын. Түстен кейін көлік апатына ұшырадық. Көліктің екі жағы пышақтай кесіп түскен ғой, аяғым алдыма түсті. Сол күні су жаңа киім киіп шыққанмын. Құндыз тоныммен қанымды әкем мен ағама көрсетпей жасырып жатырмын. Аяғымды сөмкеге салып, көліктің артына лақтырып жібердім. Мені қазақ болғандығым құтқарып қалды. Отбасында екі ұлдың ортасында өскен ерке қызбын. Екі ұлдың алдында үш қыз бар. Берік және Серік деген аға-інімді қастерлеп, олардың алдына бар тәттіні тосып, күтуші боп өстік қой. Көлік апаты кезінде де ағам аман ба екен деп, одан соң өзімнің жанымның қиналғанын оған көрсетпеуге тырысып жаттым. Ет қызуымен байқамасам керек,жастық албырттығым да болар, ол кезде 21-де ғана едім ғой. Белім сынып, ішіме темір кіріп кетіпті. Басқа ұлттың қызы болсам, тағдырым не болды деп жылайтын едім. Ұлды жоғары қою – қазақтың даналығы екен. Тіпті тәрбие-тағдыр сынағын да жеңе алатын болып тұр ғой. Барлығын жылы жаптым, жүректеріне сызат салмас үшін еңсемді тік ұстауға тырыстым.

С:Осы жағдайыңызды естіген жан сізге жігерлі, батыл деген баға беріп жатады. Бұл бағаға келісесіз бе?

– Көп нәрсеге өзімді келістірем. Мәселен, досымнан сатқындық көрсем, құлазып, мазасызданбауға тырысам. Тек қана байланысымды үзіп, өмірімді одан ары қарай жалғастыра берем. Бұл мінез менде бала кезден бар. Есімде, бір ауыз орысша білмеймін. Айтып түсіндіре алмасам керек, мені өзге ұлт шаштаразы ұл екен деп шашымды тақырлап тастапты. Айнаға қарап тұрып, жаңа шаш өседі деп қана айттым. Оқу басталарға бір апта ғана қалған, отыра қалып жылауға да болатын еді, бірақ, одан шашың өсіп кетпейді ғой. Адамдармен қарым-қатынаста да сондаймын, істің жүруіне кедергісін келтіріп, сөзінде тұрмайтындармен байланысты үземін. Кесілген нан қайта бірікпейді. Ұстанымым осылай. Сондықтан, біреулер батылсың десе күлем де тұра берем, ал негізі мен де қорқамын.Мысалы тарақаннан жаным түршігеді.. Жақындарымның болашағына алаңдаймын. Қорқыныштан көзімнен жас шығып кетсе, ұлымнан, туыстарымнан аулақ деп қоям. Батыл болсам бір жігітті күйеу етіп еріп жүрмеймін бе?(күлді)

С: Ұлыңыз Қамбардың әкесі туралы айтыңызшы.

– Бізді қосқан махаббат. Өте адал да ақкөңіл жан болатын. Бірақ, өмірден ерте кетті. Сондықтан ғой ол туралы көп айта бермеймін. Себебі, маған және оның туыстарына оны еске алу тым ауыр. Қайын жұртым мені қадірлейді. Оларға да менің сөзім ауыр тимес үшін, ол туралы әңгіме қозғамаймын. Бастысы жүрегімде ол кісінің жөні бөлек.

С: Енді жалғыздық құдайға ғана жарасады дейді ғой.

– Менің анам айтатын: «жаман аттан жайдағым, жаман байдан бойдағым жақсы»- деп. Әрине, қазақтың жігіттерінің бәрі жаман деген сөзім емес. Алайда көп жағдайда оғаш мінезді дігіттерді көп көрем(ішімдік ішетіндер ұнамайды.) Ал ондай жігіттерді тәрбиелеуге уақытым да, күшім де жетпейді. Біріншіден менің денсаулығым жоқ, екіншіден менің өсіріп отырған ұлым бар. Ер адамға әйел қамқорлық танытуы керек, ал менің өзіме күтуші қажет. Ұлымды өсіруім керек. Бақытымды кездестірем деп кім көрінгеннің етегінен ұстауға бола ма? Маған смс-хат жазатындар бар. Бірақ, мен өзімнің мақсатымды айқындап алғанмын. Ал, жалпы смс, агент дегендерді өзім құптай бермеймін. Адамның өзімен сөйлескен дұрыс. Психологияда зерттелген- көптеген адамдар жазуға алданып қалып жатады екен. Өлген кісілердің естелігін оқуға болар, ал тірі адаммен тірісінде сөйлескен дұрыс қой.

С: Психологиямен көп айналысатын секілдісіз ғой.

– Бұл салаға қатысты магистрлік дипломым бар.

С:Сіз ел-елді аралап, қазақ жерінің әр-әр өңірінде ән салып жүрсіз ғой, бүгінгі қазақ қыз-келіншектерінен не байқадыңыз?

Маған замандас нәзік жандылардың жаңалыққа құштарлығы, әдемілікке талпынып, талғамының өсіп келе жатқандығы ұнайды. Еден жуып тұрса да әдемі киініп жүреді. Қандай жақсы. Ал, бірақ артық айтсам кешірер, еліміздегі 80 пайыз келіншек күйеуін сыйламайды. Еркектен төмендегісі келмейді. Алтын басты әйелден бақыр басты еркек артық деген қағида бел ортасынан бүгіліп жатқандай. Біз қазақпыз, ерді төрге оздыру қажет, олардан аспандап абырой тапса да әйелдің аты әйел.

С: Достарыңыз көп пе сеніп сыр айтатын?

– Күпіршілік болмасын, досым көп емес. Бір ғана құрбым бар.

С: Ұлыңыздан не талап етесіз?

– Соңғы техникалық жетістіктер миын ашытып жүр-ау деп қобалжимын, алаңдаймын. Мені оның телефонмен сабағын қадағалайтындығым қынжылтады. Қазақша сөйлеуін талап етемін. Өзіндік пікірі бар азамат боп өссе деп ойлаймын.

С: Дене бітіміңізді қалай қалыпта ұстайсыз?

– Әдемілік- уақытша берілген сынақ. Оған да төзім керек. Отыздан асқан әйелдің әдемілік- қасиеті, әдемі болмауы- қасіреті. Әдемілік – ептілік пен шеберлік деп білем. Ұйқым келгенде өзімді қинамай жатып дем аламын. Дәруменге бай, құнарлы тамақтар жеймін. Бар құпиям осы ғана.

С: Әңгімеңізге рақмет!

Сұқбаттасқан, Айнұр Төлеу