News

Танымал әнші KALIYA ЮНФПА-ның Қазақстандағы құрметті елшісі болып тағайындалды!

Kaliya және UNFPA әйелдердің, қыздар мен жастардың жыныстық және репродуктивтік денсаулық туралы ақпарат пен қызметтерге қол жетімділігін арттыру және гендерлік теңдікті ілгерілету бойынша өздерінің күш-жігерін біріктірмек

685Қаралымдар

Адамдар ұзақ уақыт бойы жыныстық жетілу, етеккір, контрацепция, қалаусыз жүктіліктің немесе жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың алдын-алу сияқты тақырыптар бойынша сұрақ қоюдан қымсынады. Бұл әйелдердің, қыздардың және жастардың ең қарапайым қажеттіліктері мен құқықтарын бұзады ,-дейді Калия

13 мамыр 2021 жылы  KALIYA сахна есімімен танымал әнші және белсенді Ақмаржан Көшербаева БҰҰ Қазақстандағы халық қоныстану қорының (ЮНФПА) құрметті елшісі болып тағайындалды. ЮНФПА мен Калия арасындағы серіктестік 2017 жылы «Қыз тағдыры» (орысша – «Ее будущее») әнімен басталды, ол кейінірек гендерлік зорлық-зомбылықты, ерте және жоспарланбаған жүктілікті және жас әйелдер мен қыздардың басқа да мәселелерін қамтитын «Қыз тағдыры» жобасына айналды. Осы жобаның арқасында ол Қазақстандағы әйелдер мен жастардың жыныстық және репродуктивті денсаулығы бойынша ЮНФПА спикері болды.

ЮНФПА Біріккен Ұлттар Ұйымының жыныстық және репродуктивті денсаулық мәселелері жөніндегі агенттігі болып табылады. Оның миссиясы – әрбір жүктіліктің қалаулы болуына, әрбір босанудың қауіпсіз болуына, барлық жастардың өз әлеуетін жүзеге асыруға мүмкіндігі болуына септігін тигізу.

Қазақстан жастардың сапалы репродуктивті денсаулығы туралы ақпарат пен қызметтерге қол жетімді болуын қамтамасыз етуде айтарлықтай жетістіктерге жетті. Бұл жұмыс акушерлік-стационарлық көмек, босануға дейінгі күтім, отбасын жоспарлау, жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың, соның ішінде АИТВ-ның алдын-алу және емдеудің сапасын жақсарту, жасөспірімдер мен жастардың сапалы және достық кеңестер мен қызметтерге қол жетімділігін қамтамасыз ету, сондай-ақ гендерлік зорлық-зомбылықтың алдын-алу және оған қарсы әрекет етуді қамтиды.

«Әйелдер мен қыздар қашан үйленетінін, кімге тұрмысқа шығатындығын және балалы болуды өздері шешуі керек. Орталық Азия елдерінде гендерлік теңсіздікке ықпал ететін патриархалды көзқарастар бар. Сондықтан қоғамға пайдалы дәстүрлерді насихаттау және қолдау маңызды және жалпы қоғамға зиян келтіретін әлеуметтік нормаларға қарсы тұру керек», – деді ЮНФПА-ның Қазақстандағы өкілі, Қырғызстан мен Түрікменстан үшін елдік директоры Джулия Валезе.

Ақмаржан Көшербаева әрдайым гендерлік теңдікті және Қазақстандағы гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы күресті жақтады. Соңғы бірнеше жыл ішінде ол репродуктивті денсаулық саласындағы ақпарат пен қызметтерге құқықты ынталандыруға және әйелдердің денсаулығын нығайтуға бағытталған бірқатар ұлттық, аймақтық және жаһандық іс-шараларға қатысты.  Калияның әні 2019 жылы Найроби саммитін ашты, онда Қазақстан МКНР күн тәртібін одан әрі ілгерілету бойынша бірқатар міндеттемелер алды.

Шоу-бизнес саласында мықты беделге ие бола отырып және репродуктивтік құқықтар мен гендерлік теңдікті қоса алғанда, адам құқықтарының қорғаушысы бола отырып, Ақмаржан Көшербаева Халық саны және даму жөніндегі халықаралық конференциядағы күн тәртібін және 2030 жылға қарай орнықты даму мақсаттарын ілгерілету бойынша жұмыс істейтін болады.