Бала тәрбиесіОтбасы

Тәрбиелі баланың 10 қасиеті

Балаңыздың тәрбиесімен ерте жастан айналыспасаңыз, әдептіліктің қарапайым қағидаларын білмей өсуі мүмкін. Есейген сайын оның ақпаратты жадыда сақтау қабілеті жоғарылайды. Сондықтан, мынау ережелерді балаға көрінетін жерге іліп қойғаныңыз жөн. Ертеден берілген тәрбие – баланың алдағы өміріне әсер ететінін есте сақтаңыз.

824Қаралымдар

Өзге адамның сырт келбетін сынап-мінемеу

Біз бала күнімізде көрген, естіген нәрселерімізді ойланбай, жарияға жар салуға асығатынбыз. Ол сөздерден адам айтарлықтай зардап шекпегенімен, көңіліне алып қалуы мүмкін. Сондықтан балаңызға өзгенің сырт келбетін, киімін, жүріс-тұрысын, сөйлеген сөзін сынап, келеке қылмауды үйретіңіз. Ең бастысы, адамның дене піші мен түр-әлпеті Жаратушыдан берілетінін ұқтырыңыз. Ол оны өзі жасап алған жоқ. Қайта адамдар туралы жағымды пікір білдіріп, олардың жақсы жағын  айтуды үйренсін. Өйткені жақсы сөз – адамдардың қарым-қатынасын нығайтып, көңіл-күйлерін  көтеретін құрал іспеттес.

Адамдармен хал-жағдай сұрасу

Біреу балаңыздың көңіл-күйі мен хал-жағдайын сұрады делік. Мұндайда балаға тек құрғақ жауап қатпай, әлгі адамның өз жағдайын да сұрау керектігін түсіндіріңіз. Адамның кез келген жерде тек өзі туралы айтуы дұрыс емес. Бұлай жағдай сұрасудың өзі оның болашақта адамдарға жанашыр болуына септігін тигізеді.

 Үстел басында өзін дұрыс ұстау

Көп ата-аналар уақыт тапшылығына байланысты бұл мәселеге жіті назар аудармайды. «Баланы жастан» демекші, егер оның үстел басындағы тәртібін ертеден қадағаламасаңыз, өзін бейберекет ұстауды әдетке айналдыруы мүмкін. Ежелгі даналар: «Ата-ана – әдептіліктің ең үздік үлгісі. Сондықтан олардың іс-әрекеті үйреткен сабақтарымен үйлесуі тиіс» деген екен.

 Өзінің ізін жинап жүру

Бала өсіп, шамасы келетін кезде қолданған ыдысын жуатын жерге, ойнаған ойыншықтарын өз орнына апарып қоя білуі тиіс. Жуылмаған ыдысты әр жерде қалдырып, заттарын жан-жақа шашып жүретін ересек адамнан жаманы жоқ.

 Алғыс білдіру

Балаға адамдардың жасаған жақсылығы үшін «рақмет» айтуды, жағымды пікірлері мен сый-сияпаттары үшін алғыс білдіруді ерте жастан үйретіңіз. Ол өзгелердің жақсылығын міндетсінбей, барлығына ризалықпен қарауы тиіс. Философ Жан Баррек: «Ризашылық білдірілмеген жерді, жақсылықты білмеушілік толтырады. Оның артынан бассыздық пен дөрекілік орын алады» деген екен.

Рұқсат сұрау

Балаңызға бір затты алмас бұрын рұқсат сұрау керектігін  түсіндіріңіз. Ол баланың мектепте немесе балабақшада өз білместігі үшін күйзеліске ұшырауынан сақтайды.

 Адамдарды аты-жөнімен шақыру

Алдыңызда тұрған адамның атын атап сөйлесу – құрмет пен ілтипаттың белгісі. Көп жағдайда адамдар басқалардың есімдерін жаттай алмайтындары туралы айтады. Шын мәнінде, олар есімді есте сақтауға талпынбайды. Ертеде көршісінің есімін білмеу – әбестік болып көрінетін. Ал қазір бір ғимаратта жұмыс істейтін әріптестердің өзі бір-бірінің аттарын білмей, амандасып жүре беруі мүмкін.

Үлкендерді сыйлау

Балаңызды мұқиятттылыққа, өзгелердің көңіліне қарау, ата-ана мен мұғалімдердің өтініштерін орындау секілді жақсы қасиеттерге баулыңыз.

Бейтаныс адамдарға көмектесу

Әрине, баланың қауіпсіздігі маңызды. Дегенмен, оған көмекке мұқтаж адамды көргенде, жанашарлық танытып, демеп жіберуі керек екендігін ұқтырыңыз. Танымайтын адамдарға бірден қаталдықпен немесе немқұрайлықпен қараудың қажеті жоқ.

 Басқалардың жеке кеңістігін құрметтеу

Балаға барлық адамның жеке кеңестігі бар және оны құрметтеген дұрыс деп түсіндіріңіз. Есікті ашпас бұрын тоқылдату, адамның шамына тиіп, жөн-жосық сұрақтар қою – әдепсіз қылыққа жататынын әрбір бала білуі керек.