Бала тәрбиесіОтбасы

Тәрбие негізі – еңбек

Адамды адам еткен - еңбек. Жігерлік пен жауапкершілік сияқты қасиеттер әр адам өмірінде шешуші рөл атқарады. Бұл қасиеттер сәби кезден басталып, баланы еңбекке баулу арқылы қалыптасады.

Ата-аналар көбінесе баланы аяп үй жұмысына араластырмайды. Үй жұмысынан босаған олар кейін икемсіз және өзгенің еңбегін бағалай алмайтын болып өседі.

Кейбіреулер үй жұмысы бұл тек қыз балалардың міндеті деп есептейді. Ұлдар «қыз жұмысынан» ұялып, істеуден бас тартады. Бұл – қате ұғым. Ер баланың кейінгі өмірі үшін жауапкершілік және жігерлік сияқты қасиеттер өте маңызды. Оны қалыптастыру үшін ұл баланы көбірек еңбекке тарту керек. Үй жұмысының барлық түрін ұл мен қызға бірдей үйрету, өз-өздеріне қызмет көрсете алу өте маңызды екенін ата-ананың түсінгені жөн. Балаға тапсырма берерде жасы мен мүмкіндігіне қараңыз.

6 – 9 жас аралығындағы баланың еңбек етуі ­ мектепте оқу және үй міндеттерін атқару болып табылады.

Бір айта кетерлік жайт, балаңызға беретін тапсырманы «анаңа көмек» деп қарастырмаған жөн. Өйткені, «көмекке кел» деп баланы ылғи да көндіруге тура келеді. Ол аздай бала өз еңбегінің өтемін талап етуі мүмкін. Оны болдырмау үшін:

1. Балаңызға күнделікті жасалатын жұмыс түрлерін көрсетіп, отбасының қай мүшесіне қандай жұмыс тиесілі екенін түсіндіріңіз. Есейіп қалған балаңызға отбасыңыздың толыққанды мүшесі болуы үшін өз міндетін таңдауды ұсыныңыз.

2. Үй жұмысы әр адамның міндеті екендігін, сондай-ақ, оны рахаттана атқаруға болатынын түсіндіріңіз. Бұл өмірде әр адамның міндеті бар екендігін және бұл оның есейгенінің белгісі екенін айтыңыз. Сонда бала оны қуана орындайды.

Бұйырып айтудан аулақ болыңыз. «Істе! Істеуің керек!» деу баланы ренжітіп, жабырқатып жібереді. Оның орнына балаға өзі таңдаған жұмысты уақытында орындауы қажет екенін жаймен түсіндіріңіз.

Барлық жұмысты өзіңіз атқара берсеңіз, бала оның бәрін солай болуы тиіс деп қабылдайды.

6 жасқа дейін балаңызға ешқандай жұмыс істетпеген болсаңыз, жұмыстың ең оңайынан бастаңыз. Есейе келе тапсырмаларыңызды күрделендіріңіз. Бұл баланы қанау емес, өзіне деген сенімі мен тәуелсіздігін тәрбиелеу. Баланың күтушісі, тамақ әзірлеушісі немесе ата-әжесі жанында болған күннің өзінде бала қарапайым үй жұмыстарын істей алуы шарт. Себебі, күндердің күнінде олар қасында болмай қалуы мүмкін. Мысалы, балаңызды демалыс орнына жібердіңіз дейік. Бала өз-өзіне қызмет көрсете алуды бір күннің ішінде үйрене алмайды. Оған да уақыт қажет. Сол үшін өз-өзіне қызмет көрсете алу есейгендіктің, дербестіктің белгісі» деп түсіндіріңіз.

Балаға тапсырманы өз бетінше орындауына, тіпті қате жіберуіне мүмкіндік беріңіз. Егер қателіктерін қадағалап, өзіңіз бұл жұмысты баладан гөрі жақсырақ істей алатыныңызды атап көрсетсеңіз, оның жұмысқа деген ынтасын жойып жіберуіңіз мүмкін. Тура сол секілді, «Былай тұр, өзім істеймін» десеңіз – баланың өз-өзіне деген сенімін жоғалтасыз.

Ата-ана мен балалары үй тірлігін бірігіп жасауы олардың жұмысқа деген сүйіспеншілігін арттырады. Басында негізгі жұмысты ата-анасы жасап, балалары тек оңай тапсырмаларды орындайды. Уақыт өте келе, бала бұл жұмысты өз бетінше істейтіндей дәрежеге жетеді.

Жұмыс істеу барысында балаңыздың көңілін көтеріп, қызықтырыңыз. Түрлі әндер айтып, қолданып жатқан нәрсе жайлы танымдық оқиғаларды айтып беріңіз. Қосылып істеген жұмыстарыңыз көңілді өтуін қадағалаңыз.

Сіздерге төмендегі қарапайым ережелерді қолдануды ұсынамыз:

  • Балаңыздың әрбір атқарған жұмысына қуанып, оған мақтау айтыңыз.
  • Тапсырма бергенде жұмысты жүйелі атқаруын тапсырыңыз. Мысалы, «алдымен шаң сүртіп, содан кейін ғана еден жуу керек» деп жұмыс ережесін рет-ретімен атқару қажет екендігін түсіндіріңіз.

  • Балаңызға үлгі болыңыз. Алдымен көрсетіп, одан кейін бірге істеп, сосын ғана баланың өз бетінше жұмыс істеуіне рұқсат етіңіз.
  • Жұмыс істеу барысында балаңыздың көңілін көтеруді ұмытпаңыз.

    Баланың қолынан келетін үй жұмыстары:

  • шаңсорғышпен шаң сору, шаң сүрту
  • өз бөлмесіндегі үстелді және бөлме ішін жинау
  • тамақтың оңай түрлерін пісіру (ата-ананың қадағалауымен)
  • өзінен кіші іні-қарындастарына қарайласу, үй жануарларына қамқор болу
  • өзінің аса кірлемеген ұсақ киімдерін жуу
  • тамақ ішіп болғаннан кейін өз ыдысын жуу
  • қоқыс шығару