ДенсаулықСаулық үшін

Тіс винирі: Пайдасы мен зияны

Тістің сыртқы қабатын ауыстыру кімге, қандай жағдайда керек? Сұраққа  «Добро Дент» тіс емханасының дәрігеріАйдос Нұртайұлыжауап берді.

Винир дегеніміз не?

Винир – бұл тістің сыртқы қабағын алмастыратын жапқыш. Винирлер негізінен керамикадан және композиттік материалдардан дайындалатын жұқа қаптамадан тұрады. Бұл материалдар тістерге табиғи түр бере алады, сонымен қатар жеткілікті шамада берік және тозуға төзімді болып келеді. Ол қаптаманы әдетте винирдың қойылу мақсатына байланысты дәрігер нұсқауымен таңдайды. Мысалы, тістерді қалпына келтіру үшін ол қалың болуы мүмкін. Винирдің бетін алдын ала арнайы желіммен дайындап, оны тіске жабыстырады. Бұл әдісінің артықшылығы  – әппақ түсті тіске ие болып, «галливудтық күлкі» сыйлайды.

Винирдің түрлері:

Толық емес винир – бұл тістердің сыртқы түрін жақсарту үшін тістің көзге көрінетін бөлігіне орнатылатын фарфорды пластинка.

Толық винир – бұл бұзылудан қорғау үшін тіске орнатылатын фарфор қалпақша. Мұндай винирлер толық емес винирлер сияқты тістің сыртқы түрін жақсартады.

Винир қоюға себеп болатын жағдайлар:

Қазіргі таңда винир қойдыратын адамдардың қатары көбейді. Оған тістегі түрлі мәселелер себеп болуы мүмкін. Атап айтар болсақ, тіс эмалының туған кезде немесе кейіннен пайда болған (флюороздық дақтар, тетрациклиндік тістер) ақауларын қалпына келтіру үшін, тісті пайда болған кетіктер мен дұрыс емес пішіндерді түзету, тіс араларындағы ашықты жабуға және патологиялық желінуі кезінде алдыңғы тістерді қалпына келдіру үшін винир қойдыра алады.

Винир: пайдасы мен зияны

Пайдасы: Дәрігер ретінде винирлерді орнату, мүлдем қауіпсіз және қарсы көрсетілімдері жоқ екенін айта аламын. Сондықтан да болар, көпшілік тістерді жақсартудың осы жүйесін пайдаланады. Ол жоғарыда атаған проблемаларды шешуге мүмкіндік береді. Мұның артықшылықтары – тез дайындалатыны және ұзақ мерзімге шыдамдылығы. Қазір эстетика трендте болғандықтан, біз винир орнатқанда барынша адамның табиғи түсін, күлкісін сақтауға тырысамыз.

Зияны: Ал, кемшілігіне тоқталсақ, тістің 0,1-0,2 мм эмалын жоямыз. Бұл ұлпаға зақым әкелмейді, одан тісте сезімталдық пайда болмайды. Ең бастысы, винир салтыратын адам дәрігерді дұрыс таңдағаны абзал. Егер дәрігерді дұрыс таңдамасаңыз тісіңізді зақымдап аласыз.

Одан бөлек:

  • Дайындау барысында дәрігер қателік жіберсе, пластинкалардың түсі өзгеріп кету мүмкін;
  • Маман тіс бетіне винирді дұрыс орнатпаса, тістің сезімталдығы жоғарылайды;
  • Керамикалық винир кезінде тіс жиегіне зақым келуі мүмкін;
  • Науқастың тіс жиегі шаршап, біршама уақыт өткен соң винир сынуы мүмкін;
  • Винир салдырған соң қандай күтім жасау керегін әрбір адамға мамандар ескеретеді. Егер оны мұқият сақтамаса, түрлі зақымдар келіп, ұзақ уақытқа шыдамауы мүмкін.

Винирдың бағасы:

Нарықтағы бағасы әртүрлі болып келеді. Ол клиника мен оның орналасқан жеріне де тікелей байланысты. Алматы қаласында шамамен 50 мыңнан басталып, 90 мыңға дейін табуға болады. Бұл бір винирдың ғана бағасы.

Тіс дәрігерінен кеңес: Тіс – барлық ағзаның саулығының кепілі. Тісті күту денсаулығыңызды қорғау деп айта аламыз. Тіс өте сезімтал, сондықтан оны күтімі әр адамның ұқыптылығына байланысты. Тісті күніне екі рет пастамен жуғаннан бөлек, әр тамақтанған сайын сумен тазалап отыру керек. Одан кейін дұрыс тамақтанбау, темекі секілді зиянды заттарды тұтыну тіс эмалының құртылуына алып келеді. Ол табиғи тіске немесе винирға болсын теріс әсер береді. Тағы бір ескертетін дүние тісті ағартатын пасталарды үнемі қолдануға болмайды. Екі-үш рет тазалағаннан кейін қарапайым тіс пасталарына ауысу керек. Олардың да біреуіне ғана тұрақтамай ауыстырып тұрғанның артықтығы жоқ. Ал, тіс щеткасын екі айда бір рет міндетті түрде жаңалап отырыңыздар.