Cән мен сұлулықМакияж

Кіршіксіз келбет: Бет негізін жағуға арналған құралдарды таңдайық

Тоналды кремсіз тысқа шығатын аруды кездестіру қиын. Барлық ару мінсіз, сұлу бет келбетті қалайды. Ол үшін сапалы тоналды крем таңдау жеткіліксіз. Сонымен қатар оны тегіс, әдемі етіп жағуды да меңгеру керек. Қазіргі таңда тоналды крем жағуға арналған құралдардың да көптеген түрлерін нарықта кездестіруге болады.

Бүгінде синтетикалық щеткалар трендте десек болады. Мұндай щеткалар экологиялық таза, əрі таклондары табиғи қылшықтан кем емес. Сондай-ақ, өте тиімді, өйткені олар гипоаллергенді және қауіпсіз, әрі табиғи талшықтан ұзағырақ сақталады.

Түрлері: 

Спонждар: Бұлардың көптеген түрлері бар, жұмыртқа әріздес (beautyblender), қиғаш үшбұрыш түрінде, домалақ күйінде де кездестіруге болады. Пішінді таңдау жеке қалауыңызға байланысты, тоналды кремді енді қолданып жүргендер үшін осы бұйым ыңғайлы. Оны таңдаған сәтте тығыздығына назар аударыңыз – неғұрлым тығыз болса, крем соғұрлым тығыз жағылады. Спондждар кұралымы тығыз және орташа тығыз тоналды кремдер үшін, сондай-ақ опаларды жағуға қолайлы. Бірақ, жеңіл текстуралар (BB, CC-кремдер) үшін аса ыңғайлы емес.

Есіңізде болсын! Спонжды қолданар алдында сумен ылғалдап алған ләзім. Осы кезде ол бетке реңкті жақсы сіңіреді. Алайда, бет терісіндегі тесіктерді жаба алмайды.

Щеткалар: Қазіргі кезде тоналды крем жағуға арналған щеткалардың көптеген түрін кездестіруге болады. Оған қоса, мұны ең қолайлы бұйым деп айтсақ болады. Бастысы, щеткалар беттегі тесіктерді бітеп, тегіс болуына ықпал етеді. Бірақ текстурасы қалың кремдер үшін ұсынылмайды. Тонның шын мәнінде мінсіз болуы үшін кремді щеткаға емес, қолыңыздың сыртқы аймағына құйып, содан кейін оған щетканы батыруға болады.

Есте сақтаңыз! Щеткаларды дұрыс қолдана білу керек. Себебі дұрыс қолданбаған щеткалар теріге зиян болуы мүмкін.

Саусақтардың көмегімен: Бұл барлығына ортақ тонал жағатын «құрал» десек болар?! Бірақ саусақпен жағатын кезде бетке зиян келмес үшін, оны тазалап, залалсыздандыру керек. Саусақтың көмегімен жағылған жеңіл текстурадағы кремдер (BB, CC, DD) мінсіз болады. Себебі бұл кремдер тез жағылады. Тек бетке тоналды кремді жақпамай секілді созып жағуға болмайды, керісінше беттің әр тұсына жеңіл шапалақтау арқылы жаққан дұрыс.

Енді осы құралдарды қалай таңдап, нендей күтім жасайтынын білу үшін визажист маманның пікіріне де назар аударған артық болмайды.

Щеткаларды қалай таңдаймыз: Ең алдымен сізге терінің типіне байланысты, соған сай келер құрал таңдау қажет. Мысалы, теріңіз құрғақ немесе проблемалы болса – бьюти-блендерін таңдаңыз. Бірақ, қолданар алдында оны ылғалдандырып алуды ұмытпау керек. Содан соң аз мөлшерде  тоналды кремді алып, блендермен бетке айналмалы қозғалыстар арқылы жағыңыз.

Біз бояу жағатын щеткаларды таңдағанда ең бірінші оның қылшықтарына мән бергеніміз абзал. Олар жұмсақ болса бояу дұрыс жағылады. Одан кейін щеткалар қолмен бекітілген болса, жақсы. Оны анықтау үшін өндіруішілерге мән беру керек. Әрине, көпшілік әдетте бағасы қолжетімді щеткаларды таңдайды. Бірақ сапалы өнімдердің ұзақ мерзім бойы қызмет ете алатынын естен шығармаған дұрыс.

Қандай күтім керек? Щеткаларды қолданған соң міндетті түрде тазалап тұру қажет. Əдетте, мен өзім щеткаларды қарапайым кір сабынмен жуамын. Оларды арнайы силиконды кілемшеге жайып, содан кейін сумен жақсылап шайып, сүлгімен жауып қоямын. Шамалы уақыттан кейін артық ылғалдан арылту үшін іліп қоймын.

 

Ирина Хабер, визажист