СұқбатСыр-сұқбат

“Халық деңгейі биік концерт күтеді”

Айтыста азулыға таланбас үшін талант керек. Қаптаған әншінің шаңында қалмас үшін де талантқа мұқтажбыз. Ал жарқырап шығу үшін талантпен қоса талап қажет. Төреғали – жиырмасында  мұзды жарып шыққандардың бірі.«Алланың бұйырқан күні маңдай алды өнеріміз айтысты  дамытуға ат салысамын. Бұл жай елге жағымпаздану үшін айтылып отырған әңгіме емес»,-дейді ол. Орда бұзар ма екен, оны   кейін көреміз.  Сұқбат 2016 жылы алынған.

«Алло» дуэтіңіз миллиондарды тәнті етті. Идея кімдікі?

Батыс Қазақстан облысының Ақсай қаласында жеке концерт бердім. «Қаншама өнерпаздың  шыққан жері, елге ерінбей барып сәлем беріп қайтайық», – деп бірге жүруге біраз әншіге қолқа салғанымда тек Ерке келісті. Сөзінде тұратындығы маған ұнады.  Сол кезде Алматыда, Астанада өтетін үлкен концертіме дайындалып жүр едім. Ән қоржынымды қарап, Еркеге: «Осы уақытқа дейін бірде-бір қызбен дуэт айтпаппын, екеуміз  ән айтсақ қалай болады?»,-дедім. Ол да: «Мен жігітпен дуэт айтпағанмын»,-деп келісім жасалды. Дуэтке келістік, бірақ не айтатынымыз белгісіз. Бір күні  Баян Есентаева қоңырау шалды. Бейнебаян туралы ұсынысын айтты. Продюсерлігі де маған берілді. Өзім де осыны естігім келген. Әкем екеуі жолығып, барлығын шешті. Қаншалықты қызық болса, бейнебаянды түсіру соншалықты қиын болды.

Несімен қиын?

Еркенің ауылда түсіретін сюжеттері бар. Сол жерде Москвич мініп жүреді. Көліктің иесі түсірілім кезінде қайтыс болған екен.  Біздің бейнебаянға қатысы жоқ. Ажалы келіп тұр ғой. Одан мен бір күн Алматыда болсам, он күн жоқ боламын.  2-3 күнде бітіретін жұмысты 1,5 айға создық.

Көп блоггерлер, журналистер сіздің концертіңізді әлеуметтік желіде насихаттады. Жеке концертіңіз көңілден шықты ма?

Мен ойлаған Төреғали Төреәлінің концерті дайын емес. Әлі толық піскен жоқ.  Өзім репертуарыммен айналыстым. Қалғанының барлығын әкем жасады. Халық бұдан да биік деңгей, бұдан да артық концерт күтетінін сахнада тұрып ішім сезді. Оның үстіне ең алғашқы кеш болғаннан кейін «әттең-айым» көп. Өзім сөйлеп тұрып, «осы жерде былай деп айту керек еді» деп, ішімде монолог жүріп жатты.  Сөйтіп бірінші концертім аяқталам дегенше екінші концертім дайын болып қалды.

«Ақынның ең бірінші бақыты – шығармашылық процесі. Одан басқа тірлігінің барлығы қараңғы туннель»,-дейді Қадыр ақын. Осы пікірге қалай қарайсыз?

Сұлтан Бейбарыс: «Бір істі бағындырып, шыңына жеткеннен кейін қоя қой»,-дейді.

 Шыңына жету деген қандай болады?

Шыңына жету дегеннің қандай екенін білмеймін. Жарты жолдамын ба әлде шыңнан да асып кеттім бе? Бірақ  белгілі бір деңгейде айтысып, айтыстан кеттім. Жапатармағай барлығын жығып  емес, айтысқа жаңа серпін әкелдім. Ол әрбір ақынның міндеті еді. Он жыл бойы бір шапанын қайта-қайта сахнаға киіп шығу қарапайымдылықтың белгісі емес. Арналарды ауыстырып отырған кезде біреу жоқ дегенде сенің шапаныңа ғашық болып қалу керек. Айтысты түсінбейтін, сенің сөзіңді ұқпайтын адам сенің мақамыңа ғашық болуы керек. Айтысты көріңдер деп жастарды теледидардың алдына отырғызып қоя алмайсың.

Ашық айтқаныңыздан таяқ жеген кезіңіз болды ма?

Мен ешкімді қылмысқа шақырған жоқпын. Бас кеспек болғанмен, тіл кеспек жоқ қой. Айтқым келген нәрсенің барлығын айттым. Тек эфирге берілмегені болмаса, ғаламторда барлығы жүр.

 Айтыс па, эстрада ма? Қайсысы жақын?

Туысқандарым болса нағашым жақын, өз жұртым жақын деп айтар едім. Бұл – өнер. Екеуін бөліп жаруға болмайды. Менде ашылмаған өнер көп. Ешқайсысын өзімнен алыс көрмеймін.

 Жұрт білмейтін қандай өнеріңіз бар?

Бір өнердің соңына түсер болсам,  оны белгілі бір деңгейге шығарамын. Домбыраны қуып кеткенімде жоқ дегенде  Қазақстандағы беделді күйшілердің бірі болар едім. Жеңіл-желпі емес, тиімді жолды іздеу қажет. Өйткені уақыт жоқ. Халыққа ойымды жеткізіп қалуым керек.

Эстрадамен ой жеткізіп жүрсіз бе?

Эстрадамен толық жетеді дегенге келіспеймін. Мен тек ән айтып жүрген жоқпын. Түсінген адамға әнмен қоса әңгіме айтып жүрмін.

Әндеріңіздің сөзін қарасам, тәкаппарлық, өктемдік сезіледі. Бұл сіздің табиғатыңызға келеді ме, әлде автордың болмысы ма?

Автор солай жазар болса, онда әндерім әр түрлі болар еді.  Оны тәкаппарлық деуге болмайтын шығар. Ол… біздің қазақтың жігіттеріне тән қасиет қой. Бабаларымыз да, сал-серіліреміз, ақындарымыз қаншама өлең жазды. Бірақ олар дәл бүгінгідей арзандаған жоқ. Көпке топырақ шашпаймын. Әркімнің өзінің бағыты бар.

Анаңыз қалай еркелетуші еді?

Шынымды айтайын ба, әлде кішкене өтірік араластырайын ба?

Тұз себесіз бе, қант себесіз бе, еркіңізде...

…Менің балалық шағым көп балалардікіндей болған жоқ. Біркелкі заман болды.

 Нақтырақ айтсаңыз…

Таңертең тұрып йогурт жеп, кешке қытырлақ жеп, ұйықтар кезде пижама киген жоқпын.Үш ай демалыста нағашымның ауылына барып, аунап-қунаған кездер болды. Бірақ құмарым қанып ойнаған кезім есімде емес.Үйде жүріп, қолыма домбырамды ұстап, елдің алдында отырмын деп кешке дейін  дайындалатынмын. Әкемнің шапанын киіп алып, қасымдағы «қарсыласыммен» айтысатынмын. Айтысты бітірген соң ән айтатынмын.  Балғын шақты еске түсір дейтін болсаңыз, менің ойыма оралатыны осы.

Шоу-бизнестің ақпаратын әншілердің әлеуметтік желісіндегі парақшаларынан алатын болдық. Инстаграм қаншалықты сенімді ақпарат көзі?

Ол жерде отырып кімді алдайсың?! Өз парақшамды 100 пайыз шын деп айта аламын. Өзімнің есімде қалсыншы деген дүниелерді салып қоямын. Аяқ асты өлеңнің төгіліп тұратын кезі болады. Көбінесе жарыққа шығып отырған жаңа әндерді салуға ыңғайлы.

Сіздің айналаңыздағы достарыңыз сіз туралы қаншалықты шынайы ақпарат салады? Мәселен, 2014-тің күзінде тыңдармандарыңыз «үйленді» деген ақпаратпен дүр сілкінді.

Оны кім салды содан сұрайсыздар ғой.

Ол жерде сіз барсыз ғой…

Мен қай жерде жоқпын қазір.

«Даңқ – өте қауіпті рухани есірткі» дейді. Осы сөзге келісесіз бе?

Есірткі дегенді білмеймін. Бірақ, даңқ – асау ат. Әлі жеткен ерттеп мініп жүреді. Әлі жетпеген жүгенді ұстап қалады.

23 жасыңызда Қазақстан таныйды. Осындай дәрежеге жеттіңіз. Мұны даңқ деп есептейсіз бе?

Қалай есептейтінімді білмеймін. Бұл матиматика емес, өмір. Даңқ өзінен-өзі жүгіріп келген жоқ, болмаса біреу  маған келіп: «мына әнді айт» деген жоқ. Адамның өзінде талап, ниет, құштарлық болады. Соған байланысты Алла Тағала бақ береді. Оның қонғанын ешкім белмейді. Кетіп қалғанынан Құдай сақтасын.

Мінсіз әйел, мінсіз ер адам қандай? Кім?

Мінсіз адам болмайды ғой. Қандай болатынын да білмеймін. Мінсіз әйел – менің анам, мінсіз ер – менің әкем дер едім.

Сіздің мініңіз неде?

Менде мін көп… Ешкім білмейтін мін көп…

Алда қандай жоспарыңыз бар?

Жұртты бір серпілтіп, естен кетпес әсер қалдырсақ деген ниетпен елді-мекендерді аралап концерт қоямыз. Құрал Молжановпен бірге «Алғашқы қар» деген ән орындадық. Соған бейнебаян түсіріп жатырмыз. Жақын арада шығады. Бұл әнде бұрынғы әндерімде көп кездеспейтін оқиға бар. Осы жолы қыз қарамай кетеді. Міне, сол қызды тәкәппар деуге болады.

Жанкүйерлеріңізбен қаншалықты байланыстасыз?

Жанкүйерлеріммен ара қашықтық ұстамаймын. Кездесіп қалған жерде сыйлап жіберуге тырысамын. Көпшіліктің ортасында жүрген ұнайды.

Олардың ортасынан өз бақытыңызды тауып қалуыңыз мүмкін бе?

Мүмкін. Мүмкін деген сөзді айтпау мүмкін емес. Өмірде бәрі болады.

Біздің журналдың оқырмандарының дені жас қыздар болғандықтан олар сіздің қандай қызды ұнататыныңызды білгісі келеді деп ойлаймын…

Маған ұнайтын қыздарды ұнатамын. Ол мынадай болу керек деп айта алмаймын. Ол мынадай болмауы керек. Яғни, имансыз болмауы керек. Болды.

Әңгімеңізге рахмет!

 

2016 жыл