Cән мен сұлулықМакияж

Той макияжы: Аққудайын таранған

Үйлену тойының жөні қашан да бөлек. Еңкейген қарттан, еңбектеген балаға дейінгі меймандардың назары ақ көйлек киген келінде болатындығы сөзсіз. Сондықтан бұл күні мінсіз болуға тырысып баққан жөн. Әрине, ол үшін көйлекті талғаммен таңдап, сауатты макияж жасатыңыз.

Қалыңдық қаперіне

Шаңырақ көтеру тойында қалыңдықтың қобалжып тұратыны дәлелденген. Әрине, тұңғыш рет босаға бекітіп, ақ шымылдықтан аттау келіншектің өмірінде тұңғыш рет жүзеге асырылып жатқандықтан қобалжымау тіпті де мүмкін емес. Сондықтан той макияжын жасауда қанша шебер болсаңыз да кәсіби маманның қолына тапсырғаныңыз дұрыс. Негізінен декоративті косметика бетке қонымды әрі ұзақ сақталсын десеңіз, тойға 2 апта қалғанда арнайы дайындық жүргізген дұрыс. Диетаға отырып, майлы аллергиялық реакция беретін тағамдардан бас тартыңыз. Бетте ісік байқалмауы үшін сұйықтықты да мөлшерден тыс тұтынбаңыз. Терінің түсі бір қалыпты болғанын қаласаңыз, 1 ай бұрын аптасына 3 реттен солярий жасатуға болады.

Ескеруге тиіс ерекшекліктер:
  • Үйлену тойының макияжы сұлулық пен балғындықты айқындай түсуі тиіс.
  • Үстіңізге киген көйлек пен қолыңыздағы гүлге, аксесуарларға сәйкес сауатты болғаны жөн.
  • Макияж сізді естелік суретте де сұлу етіп көрсеткені дұрыс. Сонымен қатар, үйлену тойының қай мезгілде өтетіндігін ескеріп, сол уақыттың климаттық ерекшелігіне байланысты косметикалар таңдаңыз.
  • Күн ұзаққа осы макияжбен жүретіндіктен, ерінде ұзақ сақталатын далап қолданыңыз.
Той макияжының ережелері:
  • Бетті боярдың алдында косметикалық негіз жағылатыны белгілі. Бұрын қолданып көрмеген негізді пайдаланудан бас тартыңыз. Себебі оның аллергиялық әсері бар болса, той кезінде әбігерге түсіп қалуыңыз ықтимал.
  • Алдымен таза бетті сергітетін лосьонмен сүртіп, бет тым құрғақ болса күндізгі крем жағамыз. Әрине қалыңдықтың терісі майлы болса дымқылдағыш крем пайдаланудың қажеті жоқ.
  • Макияж жасаудың алдында бетке рең беретін тональды кремді дұрыс таңдау қажет. Тональды кремнің қою, бетке қалың жағылатыны той макияжына қолайсыз. Себебі қалың  тон терлегенде, салтанат сарайының ыстық-суығында «сыр беруі» мүмкін. Бастысы, теріңіздің түсіне сәйкесін таңдауда мұқият болыңыз.
  • Бетке тональды крем арқылы рең беріп болған соң, жеңіл текстуралы жылтыратпайтын опа жағылады. Сондай-ақ, опаны өзіңізбен бірге алып жүріңіз. Той барысында макияжыңыздан сәл ақау аңғара қалсаңыз, ол сізге қажет болады.
  • Терінің қызарған тұстарын арнайы буркемелеуге арналған (маскирующий) қарындаш арқылы жасыруға болады. Тек оны негізгі реңді жағатын кезде қолдануды ескеріңіз.
  • Бет сүйірленіп, әдемі көрінуі үшін құлақ тұстағы жақ сүйектің терісіне  сүт түсті өңлікті (румяна) немесе қоңырқай опаны пайдаланыңыз.
  • Көздің бояуы орнықты әрі ыждағатты болғаны дұрыс. Қара түсті реңдерге көп ерік бере көрмеңіз. Негізінде той макияжының түстері табиғи реңге жақын болуы тиіс.
  • Бүкіл салтанат кеші аяқталғанша сақталауы үшін кірпік бояуының да суға шыдамды әрі сапалысы дұрыс
  • Келіннің келбетті көрінуіне қастың тигізер әсері жоғары. Оның себебі, әдемі қастар көзді айшықтап көрсетеді. Тойға екі күн қалғанда қастың қажетсіз түктерін тазартқан жөн. Дәл той күні түктерлі теру – теріңізді қызартатынын ескеріңіз.

Қалыңдық макияжы тойға арналған шаш үлгісін жасап болғаннан кейін жүзеге асады. Ең бастысы, сізді бояндыратын адам да, сіз де табиғилықты сақтай отырып макияж жасауды қаперден шығармауыңыз керек.