ДенсаулықСаулық үшін

 Тұрмыстық химия денсаулық пен табиғатқа қаншалықты зиян?

Тұрмыстық химия өнімдерін өндірушілер «хлорсыз», «табиғи негіз», «өсімдік ингредиенттері», «эко» деп жарияға жар салады. Бүгінгі мақалада жуғыш заттардың денсаулық пен қоршаған ортаға қалай әсер ететіндігі жайында толығырақ тарқататын боламыз. Сонымен қатар көз тартарлық құтылардың ішінде не жасырылғанын және тұрмыстық химиядағы қандай ингредиенттерден аулақ болу керек екендігіне де тоқталмақпыз.

Теріге және қоршаған ортаға жүктеме 

Күн сайын адам терісіне шамамен 515 химиялық компоненттер түседі. Теріміз химиялық заттардың шамамен 60%-ын сіңіреді.

Ең қымбат синтетикалық жуғыш заттарды өндіру мұнай мен газды өңдеуге арналған арзан шикізат базасына негізделген. Бұл – арзан және экологиялық стандарттарға сәйкес келмейтін жаңа буын. Қарапайым халық оларды «Табиғи және қауіпсіз» деп сипаттайтын өндірушілердің жалған жарнамасына сеніп сатып алады.

Жалпы тұтынушы үшін өнімнің денсаулық пен қоршаған ортаға қауіпсіздігі маңызды емес, заттардың бетіндегі барлық тіршілік иелерінің жойылу жылдамдығы маңызды. Егер қарапайым үй шаруасындағы әйелдің алдына жылдам тазартқыш белизна құралы (айтпақшы, тері мен өкпеге зиян) мен денсаулыққа зиян келтірмейтін құрал (әсер үшін бірнеше минутқа көбірек күш салу қажет, тіпті 100 теңгеге қымбат төлем жасау қажет болар) арасында таңдау қоятын болсаңыз, сірә, ол бірінші нұсқаны таңдайды.

Әдетте, таңдау тұтыну тауарлары мен олардың құрамы туралы жеткілікті білім болмаған уақытта жасалынады. Анықтап көрейік.

Өндіруші өнімнің толық құрамын айтып отыруға міндетті емес. Ол «бояғыш», «эмульгатор», «хош иістендіргіш», «қоюландырғыш», «тұрақтандырғыш», «күшейткіш», «консервант» деген жалпылама атаулармен де құтылып кетуі бек мүмкін. Ал мұның астарында коммерциялық құпия жатқаны хақ. Мұндай айла туралы хабардар бола отырып, тұрмыстық химия құралын таңдағанда, «сенімді болмасаң – алма» принципін басшылыққа алу керек.

Енді өнімдердің белгілі бір түрлеріндегі қандай компоненттерден аулақ болу керектігіне тоқталайық.

 

Ауа сергіткіштер

Химиялық қосылыстардың шашыраңқы ұсақ бөлшектері өкпе және тері арқылы ағзаға оңай енеді. Осындай көп мөлшердегі маңызды және улы компоненттерді күнделікті қолдану әрі иіскеудің салдары ауыр болуы мүмкін. Мәселен,

  • аллергиялық реакциялардың дамуы;
  • терінің, тыныс алу органдарының тітіркенуі;
  • жүрек айнуы;
  • жүйке бұзылысы;
  • қан айналым жүйесінің бұзылысы. Зиянды құралдарды қолдану балаларға, демікпесі бар адамдарға, аллергиямен ауыратын жандарға қауіпті.

Ең көп таралған ауа сергіткіштердің құрамында:

  • формальдегид,
  • фталаттар,
  • фосфаттар,
  • пропан, изобутан, бутан,
  • бензол,
  • синтетикалық хош иістер,
  • аммиак кездеседі.

Американдық ғалымдардың 2008 жылғы зерттеу жұмыстарының нәтижесінде үйлерінде жаппай нарықтағы ауа сергіткіштерді пайдаланатын адамдардың табиғи тазартқыштарды құп көретіндерге қарағанда 130%-ға көп қатерлі ісікке шалдығатындықтары анықталды.

Дәретхананы жууға арналған құралдар 

  • АПАВ,
  • күкірт қышқылы,
  • тұз қышқылы,
  • құмырсқа қышқылы,
  • улы бояғыш заттар,
  • хлор,
  • синтетикалық хош иістерден тұрады.

Біріншіден, бұл компоненттер қоршаған ортаны уландырады. Өйткені, дәретхананы тазалайтын құралдардың бәрі ағынды суларға жіберіледі. Екіншіден, тазалық жүргізу барысында жабық кеңістікте дем алу да зиян.

Айта кетерлігі, тазалау кезінде сорғышты қосуды ұмытпаған жөн, себебі өнімдерге қосылатын күкірт, тұз, формикалық қышқылдар күшті тотықтырғыштар болып табылады. Тотықтырғыштар абайсызда теріге немесе шырышты қабаттарға тиетін болса, ауыр химиялық күйіктер болуы ықтимал. Сондай-ақ, қышқылдардың ұшпа қасиеттері туралы да ұмытпау қажет, өйткені олардың молекулалары газ фазасына тез өтеді. Осындай химикаттармен тазалық жүргізу кезінде қауіпсіздік шараларын сақтаған дұрыс. Тіпті зертханалардың өзінде аталған компоненттермен жұмыс істегенде қауіпсіз жұмыс процесі үшін нақты ережелер қойылып, арнайы жұмыс киімі беріледі, сондай-ақ белгілі бір шарттар жасалады.

Еден жууға арналған сұйықтықтар

  • Анионды ББЗ,
  • фосфаттар,
  • синтетикалық консерванттар,
  • хош иістерден жасалады.

Еденді осындай қоспамен жуып, бүкіл отбасыңызбен бірге «альпілік балғындықпен» дем алдыңыз делік, ал сәбиіңіз осы еденде еңбектеп, алақанымен нәзік беттерін уқалайды. Балаңыздың, жанұяңыздың денсаулығы үшін жиналған шаңды жай сумен де кетіруге болатындығын ойлаңыз. Егер еденнің мұңтаздай тазалығын қаласаңыз, бу генераторын қолданыңыз.

Ыдыс-аяқ жууға арналған құралдар

Құрамның басым бөлігі агрессивті консерванттармен және хош иістендіргіштермен байытылған беттік белсенді заттар немесе А-тензидтер болып табылады.

Қауіптілігі – сумен жақсы жуылмайтындығынан ыдыс-аяқтың бетінде пленка түрінде қалатындығы. Өнім қалдықтарының ағзаға енетіндігі, әлбетте, денсаулығымызға зиян.

Ал мұндай залалдың дәрежесі қауіпті компоненттердің саны мен түріне байланысты болмақ. Олар ағзада жиналып, іштен улайды. Тіпті, ең табиғи және қауіпсіз құралдармен жұмыс істеген кезде де дерматологиялық реакцияларды болдырмау үшін арнайы қолғап киген дұрыс.

Кір жуғыш ұнтақ

  • Агрессивті беттік белсенді заттар немесе атензидтер (көбінесе бұл сульфаттар – натрий лаурет сульфаты, натрий лаурил сульфаты),
  • фосфаттар мен фосфонаттар,
  • фталаттар,
  • синтетикалық хош иістер,
  • оптикалық ағартқыштар,
  • хлор,
  • синтетикалық консерванттар,
  • ГМО ферменттерінен тұрады.

Мұндай химиялық қосылыс мата талшықтарынан оңайлықпен жуылмайды. Киім-кешек, іш киім және төсек-орын жабдығы терімізбен тәулік бойы байланыста болатыны белгілі. Зиянды компоненттер терінің тосқауылдық қасиеттерін бұзады, өйткені олар терімен үнемі байланыста болады, осылайша патогендік бактериялардың ағзаға енуіне көмектеседі. Салдары:

  • иммунитеттің төмендеуіне,
  • контактілі дерматологиялық реакцияларға,
  • жүйке жүйесінің бұзылысына,
  • бауырдың, бүйректің және өкпенің зақымдалуына әкелуі әбден мүмкін.

Кез келген кір жуғыш ұнтақты герметикалық жабық қаптамада сақтау қажет. Ал оларды кір жуғыш машинаға құйған кезде бетперде мен қолғап киген жөн. Яғни, кір жуғыш заттардың сұйық түрлеріне көшкен дұрыс. Бірақ сұйықтықтардың да құрамында жоғарыда аталған компоненттердің кездеспеуін қадағалаңыз.

Химия ағынды суларға түсу арқылы қоршаған ортаға орны толмас зиян келтіреді, сонымен қатар денсаулығымызға да теріс әсер етеді.

Терезе мен әйнекті жууға арналған құралдар

  • Ниондық ББЗ,
  • аммиак,
  • консерванттар,
  • улы бояғыштар,
  • хош иістер.

Мұның бәрі бүріккіш бөтелкенің ішінде болады. Ал мұндай заттардың қаптамасында құрамы толық жазыла бермейді. Осындай химиялық қоспамен тыныстаудың өзі айтарлықтай зиян, сондай-ақ ол теріге, шырышты қабықтарға, көзге түсіп, тітіркенуді тудырады.

Кір сабын

  • Disodium EDTA,
  • Trietanolamine,
  • бояғыштар (кездесіп жатады),
  • жануарлар майларындағы май қышқылдарының натрий тұздығы,
  • ферменттер,
  • оптикалық ағартқыштар.

Мұндай сабындар жануар майынан жасалады, бұл жағымсыз әрі этикаға сай емес. Нарықта өсімдік майына негізделген сабындардың бірнеше түрлері бар.

Сабындардың құрамында жиі ұшырасатын триэтаноламин күшті аллерген болып табылады: ол байланыс дерматитін немесе ағзаға одан да зиянды дүниелерді (белгілі бір жағдайларда ол канцерогендік қосылыстарды тудырады) тудыруы мүмкін. Сондықтан құрамында аталған компонент кездесетін өнімдер ешқашан теріге тимеуі керек. Ал кір сабынның құрамында ол терінің өткізгіштігін арттыратын және тітіркенуді тудыратын EDTA динатрийімен біріктіріледі. Мұндай сабынды күнделікті қолдану денсаулыққа жақсы әсер етуі екіталай.

Осы орайда «Ал енді нені таңдау қажет?» деген орынды сауал туындайды. 

Бүгінгі мақаладан қандай компоненттерден аулақ болу керектігін жете түсінген боларсыздар. Өндіруші жапсырмада қаншалықты «эко», «био», «табиғи» деп көрсетсе де, өнімі бар бөтелкенің ішінде көп дегенде 2% ғана табиғи ингредиент кездеседі. Мысалы, 2% аскөк сығындысы мен 98% хлоры бар құрал заңды түрде табиғи болып саналады, өйткені оның құрамында табиғи ингредиенттер бар.