Жан әлеміӨзіңді дамыт

Үй жағдайында тиімді жұмыс істеудің 3 жолы

Таңертең ерте тұрып, кеңседегі қағазбасты қызметіне асығатын жандар қашықтықтан жұмыс істейтіндерге аса қызығушылықпен, тіпті қызғанышпен қарайды десек, өтірік айтпаған болармыз.Дейтұрғанмен, үйде отырып жұмыс істеу айтарлықтай оңай емес. Себебі қашықтықтан жұмыс істейтін қызметкерлердің жұмыс өнімділігі төмен болады. Тек 10 адамның біреуі ғана күнделікті тапсырманы жоспардағыдай орындауы мүмкін.

Әдетте үйде отырып жұмыс істейтін қызметкерге тәртіп пен туысқандарының қолдауы жетіспейді. Осы орайда «Сырласу» қашықтықтан жұмыс істеу процесін барынша қолайлы етудің әдіс-тәсілдерін тізіп шықты.

Жұмыс орнын ыңғайлаңыз

Үй – рухани демалатын орын. Сол себепті үйде табысты жұмыс жасау үшін ең алдымен ыңғайлы жұмыс орнын ұйымдастыру керек.

Жұмыс істеуіңізге қолайлы жеке аумақ тауып, ешкім және ештеңе сізді алаңдатпайтынына көз жеткізіңіз.Ең бастысы, үстел үстінде сізге қажеттінің барлығы тұруы қажет. Сонда әркез орныңыздан тұрып, уақытты құр босқа жіберіп алмайсыз.

Айта кететін жайт, жұмыс орныңызда қосулы теледидар, стационарлы телефон және сіздің назарыңызды аударатын кез келген дүниенің болмауын қадағалаңыз.

Тайм менеджментті қолданыңыз

Үй жағдайында табысты жұмыс істеудің екінші құпиясы – уақытты дұрыс пайдалану.  Орындауыңыз керек тапсырмаларды бір күнге және бір аптаға нақты жоспарлаңыз. Шұғыл жасалатын немесе біраз уақытты талап ететін жобаларды бөліп көрсетіңіз. Ең әуелі қашан және не істейтіндігіңізді ұғып алған жөн. Бұл орайда ойыңызды қағазға тиянақты етіп жазыңыз.

Сондай-ақ жеке өмір мен үй шаруасын жұмыспен араластырмаңыз. Әр нәрсенің өз уақыты бар. Мысалы, таңертең және түстен кейінгі уақытты қызметіңізге арнап, кешке асықпай демалыңыз. Егер керісінше түнде жұмыс істесеңіз, бұл жұмыс сапасына да, денсаулығыңызға да кері әсерін тигізеді. 

Күн тәртібіне немқұрайлы қарамаңыз

Қашықтықтан жұмыс істейтін адам шектен шығып, кейде қызметіне барлық 20 сағатты арнауы мүмкін. Мұндай жағдайда ағза әлсірей бастайды. Нәтижесінде қайта қалыпқа келу қиындай түседі. Абзалы тәулігіне тек 8 сағат жұмыс істеңіз. Сондай-ақ, жұмыс процесінде үзілістердің болып тұруын қадағалаңыз. Бұл сіздің жұмысқа деген қабілетіңізді арттырады.