Отбасы

Кемер белбеу белге сән…

Қазақ халқында зергерлік өнер ерте ғасырдан бастау алады.  Бұл ұлттық мәдениет пен ежелгі дәстүрлердің ұштасуымен қалыптасқан өнер. Сондықтан ертеде зергерлердің қолынан шыққан әр әшекей тарихтан сыр шертетін. Әшекей бұйымдар өз ішінен түрлі топтарға бөлінеді. Соның ішінде киімге тағылатын әшекейлерге: түймелер, жапсырмалар, танакөз, қапсырмалар, белдік, белбеу, тана, тал моншақ жатады. Қазақ қыз-келіншектерінің ең көп тұтынған әшекейі – белбеу. Бел» және «бау» сөздерінен шыққан әйел адамдар буынатын белбеудің түрлері өте көп.

446Қаралымдар

Филология ғылымдарының докторы, зерттеуші Рүстем Шойбеков белдіктің көптеген түрлерін көрсетеді. Олар: алтын белбеу, алтын есел белбеу, берен, гауһар кемер белбеу, зер, қамар белбеу, қаптарма, қылышбау белбеу. Қазақ халқы қыздарын айрықша ардақтаған, оларға арнайы белдік жасаттырған. Таққан белбеулердің өзіне тән мән-мағынасы, айтар ойы бар. Жігіттер  тұрмыс құруға дайын бойжеткендерді белбеулеріне қарап танитын болған. Себебі, белбеуде бейнеленген ою-өрнектер қыз-келіншектердің жас ерекшеріктерінен хабар берген. Мысалы, кісе – жасы үлкен кісілерге арналған. Ал, кемер белбеуді орта жастағылар тұтынатын болса, күміс үзбелі белбеу – ұзатылатын қазға арнап жасалады. Тарихи деректерге сүйенсек, осы белбеудің тамаша үлгісі Қазақстан мемлекеттік ССР-нің орталық музейінде сақтаулы. Бұл белбеулердің қапсырмаларына көркем ою-өрнектер жүргізіледі. Сонымен қатар үш бірдей ақық тастар орнатылады. Зергерлер белбеуді жасауда түрлі асыл тастарды пайдалаған. Сол себепті белбеулер киген киімге үйлесіп, белге ерекше сән беріп тұрады. Қазақ қыздары бойжеткен шағында зер белбеу пайдаланған. Зер белбеудің негізгі қызметі белдің қыпша бел болып өсуіне ықпал еткен. Бұл белбеуді қыз ұзатылып,  болашақ жұртына барған алғашқы түнде шешкен.  Оны «Қыз Жібек» фильмінің мына тұсынан көруге болады.

Жібектің анасы: «Тәу-тәу, От-Ана, тәу-тәу, Жер-Ана, тәу-тәу, ақ төсек, тәу-тәу, зер белбеу! Өзіңе тапсырдым» – дейді,

Жібектің жеңгесі: «Төрлетіңдер!  Неке қиылғанша зер белбеуден аттауға болмайды» – десе,

Төлеген: Жібекжан арамызда жатқан мынау зер белбеуге қарасам…

Жібек: Екеуміз асау Жайықтың екі жағында тұрғандай көрінеміз бе?                   

Кемер белбеу – былғарыдан тігіліп, алтын, күміс тастардан жасалған сәндік бұйымдармен әшекейленеді. Кемер белбеу басқа белбеулерге қарағанда күрделі техникалық нақыштармен, ою-өрнектермен безендіріледі. Өте қымбат белбеу болып бағаланады. Ол адам белін бір рет қана орайтындай қысқа болады. Екі басына темірден қапсырма орнатылады. Жағалы киімнің ішінен буынатын өрнек-нақышпен бедерленген жалпақ, былғары белбеу.  Сондықтан болар халық арасында:

«Кемер белбеу белге сән,

 Кемелді жігіт елге сән», – деген мақал  қолданысқа енген.

Қазақ әшекейлері тәлім-тәрбиеге, әдет-ғұрыпқа, салт-дәстүрге лайық туындалған.Халықтың көшпелі тұрмыс жағдайында адамгершілік, мейірімділік, әділеттілік, тәрбие ұғымын жастарға осындай дүниелер арқылы жеткізіп, түсіндірген. Белбеудің байырғы өзіндік тағы бір белгісін фразеолог ғалым Уәли Мақажанұлы Нұргелді көрсетеді. Белбеу тек белге буынатын бұйым болумен бірге ертеде лауазым, дәрежені көрсететін белгі де болған. Лауазымды дәрежені немесе тектілікті белбеу арқылы да танытқан. Мұның өзі қазақ киімінің табиғатындағы екіжақтылықты, тұрмыс қажеті мен сымбатты болумен аңғартатын жағдай. Себебі заттық өндірістің өзі түптеп келегенде, халықтың сезімталдық талғамымен біте қайнасып жататын құбылыс.

Сондай-ақ педагог ғалым-этнограф, тарихшы Өзбекәлі Жәнібековтің, пайымдауынша қыздар белі қымталған, етек-жеңіне желбезек салынған қос етекті көйлек, оқалы камзол киіп, беліне металл шытырлармен безендірілген немесе ширатпалы күміс белдік буынады. Қыз бала үшін белдігін жоғалту арынан айрылғанмен тең болған.

Сонымен белбеу жасалу қасиетіне қарай зергерлік өнер туындысының озық үлгісі болып табылады.

Ұлдай Ибайдуллаева, журналист