ОтбасыОтбасы бюджеті

Үнем қағидалары. АҚША ҚАЙДА КЕТІП ЖАТЫР?

Шынында, ақша қайда кетіп жатыр? Білгіңіз келсе, біз ұсынған кеңестерді мұқият қадағалап, үнемдеуді үйреніңіз. Сонда көп өтпей-ақ байып шыға келесіз!

Бірінші қадам: Кіріс-шығыс есебі.

Егер толыққанды өмір сүруіңіз үшін сізге қаржы жетпей жатса, онда мұнымен күресуге тура келеді. Алдымен әдемі дәптер арнап, оған кірісіңізді жазыңыз (шәкіртақы, жалақы, сыйақы, кенеттен қайтарылған қарыз). Келесі бетіне өмірлік маңызы бар шығындар (ұялы телефонға ақша салу, интернетке төлеу, жолқаражат, сүйікті журналыңызды сатып алу, жаңа опа мен азық-түлік ақшасы т.б.). Ал енді алғашқы сомадан екіншіні алып тастаңыз да, апта санына бөліп тастаңыз. Нәтижесінен шыққан соманы рақатыңыз үшін жарата беруіңізге болады. Егер мүмкіндік болып жатса, (яғни, қорытындысында шыққан сома көбірек болып шықса), 10%-ын жинақ салынатын құтыға салып қойыңыз. Міне, бұл алғашқы үнемделген ақшаңыз. Тырнағыңызды әрлейсіз бе, жаңа кеудеше сатып аласыз ба, оны өзіңіз шешіңіз.

Екінші қадам: Асыра сілтеуден аулақ болыңыз.

Бір аптадағы шығыныңыз шамадан асып кете бере ме? Сізге бухгалтериямен басынан бастап айналысуға, сөйтіп, неге және қанша жұмсадыңыз, шығынның тізімін тізіп шығуға тура келеді. Бәрін, тіпті сағыз сияқты майда-шүйдеге шейін жазыңыз. Өйткені, ақшаны ұшырып әкететін құйын осындай шөкімдей нәрселерден басталады. Тізім бір ай ішінде сіз сатып алған үш тырнақ бояғыш пен бес әдемі журнал – шектен тыс шығын екенін түсінуге көмектеседі.

Үшінші қадам: Мақсат қойыңыз.

Үнемдеуге ынталандыратын нәрсе табыңыз. Мәселен, ноутбук сатып алуды армандайсыз. Қандайын сатып алғыңыз келеді, соны таңдаңыз (оны көз алдыңызға анық елестетуіңіз керек), оны суретке түсіріп, көрінетін жерге іліп, жанына ақша жинақтайтын ыдысты қойыңыз да, біртіндеп ақша жинай бастаңыз. Егер аяқ астынан жібек мойын орағыш алғыңыз келіп кетсе, ақшаны оған емес, ноутбукке жинап жатқаныңызды еске түсіріңіз.

Төртінші қадам: Ұстамды болу.

Ұстамды болуды үйреніңіз. Жалақы немесе шәкіртақыны алған соң, жолда ештеңені сатып алмастан, бірден үйіңізге қайтыңыз. Психологтардың байқауынша, ақша қолға тиген кезде адам өзін әдеттен тыс бай сезінеді екен де, ақшаны тез жаратып тастайды екен. Бұл бәрімізге таныс жағдай: тоқыма жылы киімді көрдіңіз де, бірден оны сатып алдыңыз. Үйге қайтып бара жатқан жолда жаңа автоқалам, түйреуіш, тәтті тоқаш және кітап сатып ала қойдыңыз. Ұялы телефонмен бес рет сөйлестіңіз…осылайша «үнемдеген» ақшаңызды желге ұшырдыңыз.

Бесінші қадам: Дүние бір тиыннан жаралады.

Көп қағаз ақшаның әмияныңызда умаждалып, ал тиындардың әр қалтаңызда шашырап жүруіне жол бермеңіз. Егер тиындар шектен тыс көп жиналып қалған болса, банкке апарып, қағаз ақшаға айырбастап алыңыз. Үнемдей біл. Темекіден бас тарт. Оның бір қорабы 200 теңге тұрады. Ол шамамен екі күнге жетеді десек, бір жылда 36 400 теңге үнемдейсің. Сағыз 85 теңге тұрады. Бір қорап сағыз екі күнге жетеді десек, бір жылда 14 560 теңге қалтаңда қалады. Одан да бұл ақшаны басқа, маңызды нәрсеге жұмсаған жақсы емес пе? Бір банка сусын 150 теңге, бір жылда 54 750 теңге.

Алтыншы қадам: Қиялға ерік бер.

Киім тоқуды үйреніңіз. Бұл гардеробыңызды эксклюзивті заттармен толықтырудың керемет тәсілі. Сондай-ақ, достарыңызға сыйлық жасайтын кезде де ақшаны біраз үнемдеуге болады. Өз қолыңызбен және бар ынта-ықыласыңызбен тоқылған мойын орауыш пен қолғапты құрбыңызға сыйласаңыз, еш артықтық етпейді. Туыстарыңызға сыйлықты да өз қолыңызбен жасауға болады. Ағаштан жасалған, бағасы арзан тұратын рама жиынтығын сатып алып, оны бояп, жылтырақтар, басқа да көз тартар өрнектерді жапсырып, әдемі сурет орнатсаңыз бірегей сыйлықты аса үлкен қаражатсыз-ақ өзіңіз жасай аласыз.