Жан әлеміӨкініш

Үрейлі сезім: Бақытты болғым келеді

Тойлар мен отырыстарға бармаймын. Әрине, ондай көңілді отырыстар жалықтыра қойған жоқ. Құрбыларымының «тұрмыс құру» туралы қозғайтын тақырыптары мезі етті. Оларды да түсінемін. Сөз салып жүрген жігіттерге менің міз бақпай, бақытқа қарай талпынбайтыным таныстарымының барлығын таң қалдырады.

Шынымды айтсам, әйел заты ретінде мен де бақытқа салғырт қарағым келмейді. Керісінше, асқан жауапкершілікпен қарағандықтан тұрмыс құруға асықпай жүрмін. Айналама қарап, таныстарымның өміріне көз жүгіртсем жаны жаралы, сүреңсіз күн кешіп жатқандарды көп көремін. Алысқа ұзамай-ақ қояйын. Екі баласымен үйде жүрген әпкем Алуаның өмірі тым аянышты. Жездем Қайрат екеуінің махаббатына қайран қалып жүретінмін. Тіршілігі мықты, еңбекқор жездем секілді жар тапсам деп ойлаушы едім. Бірақ Алуа екеуінің бағы ашылмады. «Жалғыз ұлымды оқытып-шоқытып, әкесіз-ақ қатарынан қалдырмай өсірдім», – деп айта беретін әпкемнің енесі келінімен тіл табыса алмапты. «Өмірге алып келіп, ыстық-суығыма шыдаған анамнан артық ешкім жоқ» деген пікірді ұстанған жездем екі баласымен бірге әкпемді үйге әкіеліп тастады. Нағыз ер жездемдей болсын деген көңілім су сепкендей суыды.

Ол – ол ма?  Кішкентайымыздан арманымыз бен талғамымыз бір болып өскен құрбым Шолпан да бір ай болып қалды үйіне қайтып келіпті. Өзі жүкті құрбымның көзіндегі мұңды көрсеңіз ғой. Шаңырақ көтергендеріне бір ғана жыл болған екі жастың бір-біріне бір-ақ сәтте дұшпан болып шыға келуі мені таңдандырды. Қасым екеуінің қалай танысып, үйлену тойына асыққан шақтарына мен куә едім ғой. Тіпті, Қасымның аяулы құрбым Шолпанжанды ренжітіп, өзге біреумен көңіл қосады дегеніне сенгім келмейді. Ата-анасы мектепте 40 жыл ұстаздық еткен Қасым сондай әрекетке барса, өзгенің баласына не жорық? Жоғарғы оқу орнын аяқтағанымызға 7 жыл болды. Студенттік бал шақта тұрмыс құрған жеті қыздың  төртеуі ажырасып кетіпті. Осының барлығын көремін де көтерген шаңырағың күйрейтін болса, тұрмыс құрудың қажеті қанша деп ойлаймын.

Кеше інімді саябаққа серуендетуге алып бардым. Ылғи кішкене баласын саябақта ойнатып жүретін көрші келіншекпен сөйлестім. Кешке жақын күйеуін қуана қарсы алатын сол келіншекке қарап қызығатынмын. Біздің заманда бір бақытты жұптар бар болса, сол екеуі шығар деуші едім. Күйеуін шексіз сүйетінін жеткізе отырып, ол да күйбең тіршіліктен шаршағанын айтты. Жолдасының тапқан табысы пәтерақыдан аз ғана артылады екен. Баласын тек қана саябақта емес, сауда орталықтарындағы балаларға арналған бөлімдерде ойнатқысы келетінін айтқан келіншек жанұялы өмірдің тым ауыр екенін байқатқандай болды.

Кеште үйге қарай көңілсіз қайттым. Тұрмыс құруға ұсыныс жасап, құлағыма сырға салатын күнді белгілеуді өтінген Қанатқа мұндай жауапкершілігі мол өмірлік шешімді қабылдай алмайтындығымды жеткізгім келді. Бірақ, мен дегенде жарғақ құлағы жастыққа тимейтін оған бұл ойымды қалай түсіндіремін? Саналы адам ретінде қарасақ, тұрмыс құрудан соншалықты үрейленетіндігімді айтсам ол маған таң қалатын шығар. Жеңгем жасымның 30-ға толған шағында Қанаттай жігіт тапқандығыма қуануым керектігін айтады. Бірақ менің бақытты болғым келеді. Ажырасып, абыройсыз, қадірсіз, сыйсыз болғым келмейді. Бала сүйіп, сүйікті жар болу – менің ең басты арманым әрі мақсатым. Адамдар бірін-бірі жақын танып білген соң өзгере бастайтындай. Көз алдымда сүйіктілеріне ант беріп, бақытты ететініне сенген жігіттер неге өзгеріп шыға келді? Бейбіт, барлығына қол жетімді заманда неге әйелдер күйеусіз, балалар әкесіз қалып жатыр? Олардың тағдыры ер азаматтарды елеңдетпей ме? Соншалықты сенім артқан жігітім Қанат та сондай болып шықса қайтемін? Миымды осындай сұрақтар шырмап алды. Шаршадым. Ешкім артық сұрақ қоймайтын бір жаққа кетіп қалғым келеді. Кетіп қалуға болмайды.

Өзім үшін маңызды шешімді қабылдауым керек. Сенбейтін шығарсыз, мен тіпті тойға шақыру билеті туралы, той мәзірі мен шақырылатын қонақтар жайында ойласам қобалжитыным соншалық, маңдайымнан суық тер бұрқ ете қалады. Тіпті жүрегім айнып, құсқым да келетін секілді. Шешім қабылдар алдында психолог көмегіне жүгінсем бе екен? Маған не болды? Тұрмыс құрудан неге соншалықты қорқымын, неге сонша үрейленемін? Қорқынышты жеңу үшін бақыт адамның өз қолында екендігін, менің өмірім мен тағдырым таныстарымнан бөлек екендігін өзіме-өзім сан мәрте қайталап айтып жүрмін.

                                                                                          Гүлзар Туғанбайқызы