Бала тәрбиесі

Жағымсыз әдет

         Бала тұлға болып қалыптаса бастағанда жағымды-жағымсыз әдеттерді тез қабылдағыш келеді. Мұндайда қоршаған орта мен жақындарының қарым-қатынасы сәбиге тікелей әсер етеді. Кішкентай бүлдіршіндердің қылықтары тез қалыптасып, алғашқыда ата-ана үшін олардың зияны жоқтай көрінеді. Мәселен, саусақ сору, тырнақ тістеу, шаш тарту, мұрын шұқу, көз уқалау.  Ата-анаға жоғарыда айтылған әдеттерден бөлек, үлкен бір мәселе ол – баланың тәбетінің жоғалуы, ұйқының тынышсыздығы, дәреттің бұзылуы, түнгі қорқыныштар мен  ұйқы кезінде сөйлеуі, соңынан ол мектепте өздігінен жұмыс істей алмайтын әрі жауапсыз болуы мүмкін.

Асыра сілтемеңіз! Баламен тығыз қарым-қатынаста болу, оның жасына қарай пайдалы дүниелермен қызықтыру, күнделікті іс-әрекетін қадағалау – бала бойындағы жағымсыз әдеттерді болдырмауға және олардан арылуға көмектеседі. Жағымсыз әдеттер балаларда белгілі бір уақытта және жас аралығында пайда болады, оны асыра сілтеудің қажеті жоқ. Кейбір әсершіл ата-аналар әрдайым «қолыңды аузыңа салма», «айналма», «тырнағыңды тістеме» деген ескертулері тым көп болады. Бұл жағдайда ересектерді түсінуге болады, өйткені дұрыс емес қылықтарға шетте тұрып қарау қиынға соғатыны сөзсіз.

Еліктеу.  Ол басқа балаға немесе үлкен адамға еліктеп түрлі қылықтар жасауы мүмкін. Мәселен, Марғұлан жиі жөтеле бастады, алайда олың тамағы ауырмайды.  Ата-анасы кейін анықтағанда, оның балабақшадағы тәрбиешісі суық тигеннен жиі жөтелген екен. Міне, осылайша әдеттер балада еліктеуден болды.

Еске сала бермеңіз! Жағымсыз әдеттер тез ұмытылып кетеді, өйткені бала бұрыс қылықтарға өзі де назар аудармай кетеді.  Егер бүлдіршіннің әр қылығына баса назар аударып, оған үнемі ескертулер айтылатын болса, онда дәл сол жағымсыз қылық бала бойында қалып қалуы ғажап емес.

Неге саусақ сорады? Бұл әдет бала бойынан айқын байқалады. Көбінесе емізіксіз  ұйықтай алмайтындықтан пайда болады. Ал кей жағдайда ол баланың күйзеліске ұшырап, немесе қорқыныш сезімін білдіреді. Сондықтан ата-ана бұл қылықтың себебін тауып, оны шешуі керек. Ұйықтар алдында ана баласын жанына алып, жаймен сөйлесіп, қолынан ұстап отырып ұйықтату қажет. Алайда кейбір ата-аналар сәбиді тым еркелетуге болмайды деп санайды. Олар бала жастайынан өзі ұйықтауы қажет деген ойда. Тыныш балақайлар үшін қолайлы. Бірақ ата-аналар тезірек өз міндеттерінен құтылып, демалуды жөн деп санайды. Егер ол өз перзентін қыспақтамай, күштемей, күнделікті ұйықтар алдында оған өзінің махаббатын сыйлап ұйқтатса, бала күйзеліске ұшырамайды.

Қалай арыламыз? 2,5-3  жас көлемінде бала ұйықтар алдында жұмсақ ойыншығын алып жатса, саусақ соруын доғаруға әсерін тигізеді. Бала жасы ұлғая бере оны бұл әдеттен арылту қиынға соғады.

Өзіндік зерттеу.Кейбір ата-аналар баланың жыныстық мүшесінің қатаюынан қорқады. Бұл – заңды құбылыс. Ол механикалық тыжыруынан болады. Кейде баланы жаялықтан шығарып, қолы-аяғына еркіндік бергенде ол өз денесін зерттей бастайды.

Түйін. Әр балада жағымсыз қылық болуы мүмкін. Одан  айығу және болдырмау үшін ата-ананың назары, көңілі балады болуы қажет. Оны әрдайым жақсы көріп, жылы шыраймен қарау керек. Кей балалар өз-өздерін қинап, денелерін жарақаттауға бейім. Мысалы, шаштарын жұлып, тырнақтарын кеміреді. Басқалары өзге балаларға тым озбыр болады. Енді бірі түнімен шошынып шығады. Түсінде айқайлап, жөнді ұйықтамайды не төсегіне кіші дәретін жіберіп қояды. Мұндай жағдайда ата-аналар өздеріне сұрақ қойғаны абзал: отбасында балаға толық көңіл бөлінеді ме, өзін қорғайтын жанның барын сезе ме, өз күшіне сенімді ме? Атап өткендей, мұндай қылықтардың залалы жоқ, уақыт өте өздігінен жоғалып кетеді.  Дегенмен ол баланың қоршаған әлемімен қарым-қатынасының бұзылғандығының дәлелі не белгілі бір дерттің нәтижесі болуы мүмкін. Сондықтан, ең әуелі баланың бойындағы әдеттерді мұқият бақылап, оның ілтипат пен мейірімге мұқтаж не зәру еместігіне көз жеткізу керек.

 

Айсұлу ЕРБОЛАТ