Бала тәрбиесіЖан әлеміОтбасы

Жан шуағы. Баласын тастағанның бәрі тасжүрек пе?

«Тастанды бала» дегенде әркімнің де жүрегі шым етпей қоймайтыны анық. Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, балалар үйіндегі әрбір он баланың сегізі ата-аналары тарапынан тәрк етілгендер. Тоғыз ай көтеріп, мехнат тартып дүниеге әкелген шаранасын еш қайырылмастан тастап кетуге не себеп? Ананың соншалықты безбүйрек болғаны ма? Бұл туралы «Сырласу» журналының психологы Айжан Сұлтанқұлова өз ойымен бөліседі.

Мұндай жағдайды естіген әрбір адам: «Неткен тасжүрек? Қалай ғана дәті барады? Бұл нағыз айуандық емес пе?» деп заһарын шашуға дайын. Шындығында, бұл мәселе неге соншалықты күрделеніп кетті? Бәріміз, бір сәтке сәбиін тастап кеткен қыздардың жан-дүниесіне үңіліп, жағдайға басқаша қарап көрейікші. Қалай болғанда да, олар ұйқысынан ояна сала, «Мен жүкті болып, тоғыз ай көтеріп, дүниеге бала әкелейін. Сосын оны балалар үйіне немесе қоқыс жәшігіне тастап кетейін» деген «жоспар» құрмайтыны анық.

Басты себеп – ҚОРҚЫНЫШ

  • Көп қыздар ата-анасы мен жақындарының өзін жазғырып, кінәлауынан қорқады. Сөйтіп, әлі мектеп бітірмеген жас қыз ата-ананың қатаң талабымен баласынан бас тартады.

  • «Сәбиімді асырап-баға алмаймын» деген сенімсіздіктен туған қорқыныш. Егер сол қыз-келіншектердің жайлы пәтері, жұмысы, тұрақты табысы болса, баласын асырай алатынына сенімді болар еді. Сонда бүлдіршіндер әкеден қалса да, ана құшағынан ажырамас еді. Ал еш қаражаты, қолдаушысы, қорғаушысы жоқ жас қызға емізулі баламен өмір сүру оңай емес екені белгілі.

  • Кейбір аналар денсаулығының нашарлығына байланысты баласынан бас тартады. Бұл да «баламды қажетті деңгейде асырай аламын ма?» деген іштегі дүдамал ойдың жетегі.

  • Жауапкершіліктен қорқу. Нәрестенің ақыл-есінде қандай да бір ауытқушылық немесе қауіпті ауру түрі анықталса, я сыртқы келбетінде кемшілік табылса, көптеген аналар оны ары қарай бағудан жүрексінеді. Мұндай балаларға арнайы күтім мен көп уақыт, мол қаржыны талап ететін ем-дом қажет. Сондай-ақ, әрбір әйел өз өмірін ДЦП, Дауна синдромы және жүрегінде ақауы бар, толық дамымаған баланы бағып-күтуге арнай бермейтінін мойындауымыз керек.

  • Ішкілікке немесе есірткіге салынған әйелдер де жоспарсыз жүкті болып қалады. Мұндай жағдайда ол өз өмірін дұрыс құра алмай жүріп, енді балаға жақсы тәрбие бере алмайтынын түсінеді.

Жоғарыда аталған себептердің біріне босанған әйелдердің арасында өте жиі кездесетін гормоналдық ауытқушылықты қоссақ, өзіңіз-ақ мұның қаншалықты ауыр күйзеліс екенін бағамдай білесіз. Біз тізіп шыққан себептердің әсерінен әйел шынымен де ағаттыққа жол беруі мүмкін.

Оқырман хаттарынан:

«Осыдан он жыл бұрын перзентханада «сәбиімді ешкімге бермеймін, өзім өсіріп-бағамын» деп шырылдаған қыздың бейнесі әлі көз алдымда. Оның басындағы жағдай оңай емес еді, яғни жүкті болып қалғаны үшін ата-анасы оны үйінен қуып жіберген. Ал “сүйдім-күйдім” деген адамы теріс айналған. Тіпті оның басындағы ауыр жағдайды пайдаланып, сәбиін көк қағазға айырбастауға үгіттегендер де болған. Қатты қиналғаны сонша, айы-күні толғанда қаңғыбас, алқаш адамдармен бірге әлеуметтік үйде тұрып та көрді. Босанғаннан кейін, бас сауғалар жері болмағандықтан 15 күнін перзентханада өткізді. Жаңа туған шақалағының жаялығы да, жөргегі де болмады. Арадан біраз уақыт өткен соң, әлгі келіншекті қаладағы бір клиникадан құшағындағы сәбиімен көріп қалдым. Әңгімелестік. Баласын өз атына жаздырғанын, бір қарт әжейдің үйінде тұратынын айтты».

  • Өздеріңізге де белгілі, мұндай сынақты кез келген әйел көтере алмайды. Алғаш босанған сәтіңізді есіңізге түсіріп көріңізші?! Күйеуіңіз, жақындарыңыз, отбасыңыз қанша жерден қолдау көрсетіп тұрса да, сізге оңай болған жоқ қой. Ал жоғарыдағы хатта сипатталғандай, жас қыз сондай қиындықтың бәрімен ешкімнің қолдауынсыз жалғыз өзі күреседі. Мұндай жағдайда әйел жігерсіз, әлсіз болып келеді.

«Бір танысым бар еді. Екеуміз дәрігерге қаралып жүргенде танысқанбыз. Жүктілігіміз де қатар. Жүрген жігітінен жүкті болып қалған, бірақ ата-анасына айтуға қорқыпты. Баланы алдырып тастауға да қимай, босанып алды. Кейін онымен кездейсоқ жүздесіп қалдым. Айтуынша баланы далаға тастауға қорқып, ет жақындарынан жасыру мақсатында бір ауқатты отбасыға сатыпты. Айына 40 мың теңгеден 3 ай төлейміз деп келіскен. Бірақ ақшаны сол күйі бермепті. Мен 25-і күні босандым, ол араға 11 күн салып босанған. Менің баламды көріп жылайтын. Сонда «Өзіңнен көр. Тастамай өзің асырасаң да болар еді ғой» деп ренжігенмін. Сол қыз ақыры ішіп, өмірде өз жолын таппай кетті».

  • Оқып отырғаныңыздай, мұндай ар азабынан әйел ешқашан өзін бақытты сезіне алмайды. Тіпті бұл оқиғадан ешкімнің хабары жоқтығы да оның бұл қайғысын жеңілдете алмайды. Ол өз шаранасынан безу арқылы қатыгез адамға айналғанын іштей түсініп, өзін-өзі жазалаумен болады. Баласы мүлде жалғыз қалып, бақытсыз өмір кешіп жатса, ол өзін қалай бақытты сезінсін?

Тығырықтан шығар жол бар ма?

Әрине, әрқашан тығырықтан шығатын жол табылады.

Ол үшін:

♥ Қыздарыңызға, сіңлілеріңізге, туыстарыңыздың, көршілеріңіздің қыздарына көз салыңыз. Олардың әрқайсысы өмірге енді ғана аяқ басқан өрімдей қыздар. Әрқайсысы шынайы махаббатқа сеніп, бақытқа бөленгісі келеді. Өмір жолында кездесетін қиындық пен қауіптің байыбына бармай, бақытты күндерді ғана елестетеді. Бір уақыт соларға көңіл бөліп, сырласыңызшы.

Оған әйел денсаулығын қалай күту қажет екендігі туралы, ойнап жүріп от басқан бір қадамының өмірлік өкініштерге апаратынын ұғындыратын фильмдер көрсетіңіз.

Оған жоспарсыз жүктіліктің алдын алатын дәрі-дәрмектер туралы айтыңыз.

Әңгімені қарапайым тақырыптардан бастап, бірте-бірте маңыздырақ мәселелерді сөз етіңіз.

Қызыңызға «қандай жағдай болмасын мен сені қолдаймын» деген жылы сөздеріңізді аямаңыз. Тіпті өз басыңызға да осындай күн туа қалған жағдайда, құрсағыңызды жарып шыққан балаңыздың өзегінен теппеңіз. Керісінше, алданып қалып, жүкті болған қызыңызға дем беріп, алғашқы кезде көмектесіп жіберсеңіз тастанды баланың саны біреуге болса да азаяры анық. «Ел не дейді» деген ұғымды да ұмытуға тура келеді. Ел не демейді? Өсек үш-ақ күн өмір сүреді дегенді ұмытпағайсыз.

Осы тақырыпта жақын інілеріңізбен де сөйлесіп қойғаныңыз жөн. Оларға да шалыс басқан бір қадамның салдарын түсіндіріп, жауапкершілік жөнінде әңгімелесіңіз. Бейкүнә қыздарды жүкті етіп тастап кетіп, бақытты болып жүрген пенде жоқ дегенді ұғындырыңыз.

Тығырыққа тірелген танысыңызға «150» телефон нөміріне қоңырау соғып, «Басымнан өте қиын жағдай кешірудемін. Алайда, аты-жөнімді айта алмаймын» деп көмек сұрап, хабарласуға болатынын айтыңыз. Мұндай жағдайда, олар «Аналар үйі», «Үміт үйі» сияқты әлеуметтік қолдау көрсететін орталықтардың бар екенін, ол жерге баласын белгілі бір мерзімге тастап кете алатынын айтыңыз.

Қазіргі уақытта қоғамымызда көптеген жұмыстар атқарылып жатыр. Соның бірі –жалғызбасты аналарға қолдау көрсететін «Аналар үйі» қоғамдық қоры. Төменде берілген кестеден зер салсаңыз, соңғы төрт жылда анасы мен баласының бір-бірінен қол үзіп қалмай, бала-бақытпен қауышқандығын көре аласыз. 

Ана болу, аналық сезімді бастан кешіру – нағыз батырлық. Баласы үшін ананың алар асуы жоқ, ол сәбиі үшін тәуекелдің кез келген кемесіне мінуге дайын. Жуырда бір дін қызметкерімен арамызда шағын әңгіме өрбіді. Оның айтуынша, біз ана атануды тек әйелдің дүниеге бала әкелуі деп білеміз. Ақиқатында ана болу дегеніміз – бір Жанның дүние есігін ашуы. Бұл міндетті әлемде тек әйел ғана атқара алады. Ал олар бұл міндетке әрқашан да дайын бола бермейді… Есіңізде болсын, олардың әрқайсысы бақытты болғысы келеді және махаббатқа сенеді!