Cән мен сұлулықБет күтімі

Жанарыңыз жарқырасын! Көз терісінің жастығын сақтайық

Көз айналасындағы тері – беттің ең нәзік бөлігі. Оған қоса, біз көзімізді күніне 40 мың рет жыпылықтатамыз. Ол теріге айтарлықтай күш түсіреді. Соның әсерінен адамның 30 жасқа қараған шағында көз айналасында әжім, қалташалар мен көгерулер пайда бола бастайды. Әйтсе де, оған жол бермеудің түрлі әдістерін мамандар кеңесінен  оқып біліңіз. 

Қара шеңберлер мен ісіну мәселесін қалай шешеміз?

Терінің жастығы мен сұлулығын сақтау аса қиын емес. Ол үшін мамандар кеңесін тыңдап, көз айналасына күтім жасауға аз ғана уақыт бөлсеңіз болғаны.

 Қара шеңберлер мәселесі

Көз айналасындағы тері өте нәзік болғандықтан, оған қоршаған орта мен өмір салтының бұзылуы тез әсер етеді. Қара шеңберлерден арылу үшін өмір салтын өзгерту жеткілікті. Дұрыс ұйқы, таза ауамен тыныстау және спортпен шұғылдану адамның сымбатты көрінуіне көп көмектеседі.

Қара шеңберлер кейде қошқыл-күлгін түсті болады. Егер сіздің теріңіз жұқа болса, қатты шаршағанда немесе гемоглобин деңгейі түсіп кеткенде ол бірден жылтырап көрінеді. Бұл шеңберлердің пайда болуы денсаулықтың нашарлығына да байланысты болуы мүмкін. Сондықтан терапевт маманының кеңесіне жүгінген дұрыс.

Кремдерге балама әдістер

Микротоқты терапия

Баяу электр күшінің әсері қанның микроайналым арнасын жақсартады, улы заттар мен артық сұйықтықтың сыртқа шығуын жеңілдетеді. Лифтингтің 10-12 емінен тұратын курсын қабылдаудың өзінде ол теріні серпімді және тығыз етіп, күшті әсер етеді. Микротоқтар іс жүзінде еш ауыртпалықсыз жасалады және оған нақты қарсы көрсеткіштер көрсетілмеген.

 Лимфалық дренаж

Бұл аппараттық әдіс лимфалар мен тінараларық сұйықтықтың өтімділігін жақсартып, ісіктерді тез жоюға мүмкіндік береді. Оған қоса, бұл процедура жасушалық зат алмасу кезіндегі тінаралық сұйықтықты ластайтын өнімдердің сыртқа шығуын жақсартады.

Ботокс және филлер

Кейде гиалурон қышқылы негізіндегі ботокс немесе филлердің бір-екі курсы кремдерге қарағанда мәселені тез әрі тиімді түрде жоя алады.

  • Көз айналасындағы әжімдерді жасыру үшін арнайы жарық шағылыстыратын құралдарды пайдалану ұсынылады. Жарық шағылыстыратын құралдар жарықты сындырып, әжім тереңдігін азайтып көрсетеді.
  • Ал көз айналасындағы ісінуді керісінше бұл құралдармен жасыруға тырыспаған дұрыс. Себебі олар бұл ісінуге қосымша көлем береді.

Ісіну мәселесі

Көз айналасының үнемі ісініп жүруі бүйрек қызметінің бұзылуымен байланысты болуы мүмкін. Егер денсаулығыңызда мұндай мәселе болса, тұтынатын сұйықтықтың мөлшерін мүмкіндігінше азайтқан дұрыс. Өйткені су теріге қосымша жүк түсіреді. Бұл жөнінде мамандармен кеңесіңіз. Мүмкін ісік болашақта фиброзға айналмауы үшін несеп айдайтын сусындар ішу қажет болар?!

Ісіну– ботокстың дұрыс енгізілмеуінен немесе гиалурон қышқылды филлер мен ботулотоксин екпесін бір мезгілде жасатудың әсерінен де орын алады. Сондықтан бұл ем-шаралардың арасында үзіліс болуы керектігін мұқият ескеріңіз.

Ісінуді жоюға К дәрумені бар препараттар да көмектеседі. Ол тотыққан гемоглобин мөлшерін азайтады. Карбокситерапия деп аталатын көмірқышқыл газды шағын екпесі де мәселелі аймақтағы теріге тамаша әсер береді.

 Кеңес:

  • Көз айналасына кремді саусақтың ұшымен жеңіл ғана жағыңыз. Жоғарғы қабаққа –көздің ішкі бұрышынан самайға қарай, төменгі жағына – керісінше жағу керек. Ісінуді болдырмау үшін көздің астына баяу ұрғылау арқылы массаж жасаңыз.
  • Шарлы аппликаторы бар салқындатқыш құралдар да ісінгенді басады. Сондай-ақ, оған мұз текшелерін де пайдалануға болады. Көз айналасындағы ісіну күн тәртібінің бұзылуымен байланысты болуы мүмкін. Ең маңыздысы, қараңғы уақытта жасанды жарықтың астында ұзақ болмауға тырысыңыз!

 Көздің қиығы

Мимикалық әжімдерді «бұғаттау» үшін ботулотоксин екпесін салдырған да жақсы. Оның айтарлықтай нәтижесі 4-ші күні көрінеді, ең жоғарғы нәтижеге 10-14 күнде қол жеткізуге болады. Ботокстың әсері 6-8 айға ғана жетсе де, одан кейін әжімдер бұрынғы күйіне қайта түспейді.

 Көз астының көгеруі

Кез келген көгеруді, теріде жылтырап тұратын қан тамырлары немесе дақтарды фотожасарту қалпына келтіре алады. Бұл процедура тіндердегі зат алмасу үдерісін белсендіреді және коллагеннің өндірісін жақсартады. Нәтижесінде тері тығыздалады және қантамырлар аз байқалады.

 Көз асты қалташалары

Егер көз астының қалталануы бүйрек ауруларының нәтижесі болмаса, оған микротоқты терапия көмектеседі. Егер анатомиялық құрылымның салдары болса, блефаропластика жасату қажет. Төменгі қабақ ішінен тілінетіндіктен, отадан кейін ешқандай із қалмайды.