Екеудің құпиясыЖан әлемі

Жаныңызға жат адаммен байланысқаныңызды ұғындыратын 7 белгі

Кез келген жұп «олар ұзақ әрі бақытты өмір сүрді» деген ертегідегі тіркесті өздеріне өлшеп көріп, сол хикаяға сенгісі-ақ келеді. Десе де, кей кейде сол қиялымызбен өмір сценарийі сәйкес келмей жатады. Себебі неде? Ол үшін шынайы махаббат қажет пе, әлде жұптық үйлесім бе? Міне, осы мәселенің арасын ажыратып алайық.

Жұптық қарым-қатынас үйлесімді басталып, екеудің де көңілінен шығып жатса құба құп. Бірақ екеудің арасында ең болмаса біреуіне жайсыздық тудыратын жағдаяттар орын алса не істейміз? Мәселен, ескерту ретінде белгі беретін жағдайларға көз жұмып, «бәрі әлі-ақ оңалып кетеді» деп өзіңізді соқыр үмітпен алдасаңыз жұптық болашағыңыз бұлыңғыр болмақ. Дабыл қағатын бірнеше белгілерді тізіп шығатын болсақ:

  • Жұбыңыздың сізге деген немқұрайлылығы
  • Қарым-қатынасты реттеуге тек бір адамның күш пен қаржы жұмсауы
  • Бастаманы тек бір адамның көтеріп, сол үшін жауапкершілікті сол адамның ғана артуы
  • Жұбының жағымсыз әрекеттерін тез арада ақтап алуға тырысуы 

Мұндай жағдайдан біріңіздің жоғары жылдамдықпен екінші жартыңызға қарай жүгіретіндігіңізді, ал сол екіншісі жартыңыздың тасбақадай жорғалайтындығын көруге болады. 

«Егер бірдей жылдамдықпен жүгірмесеңіздер, онда жұпта махаббат емес, тәуелділік пайда болады».

Сөз етіп отырған мәселе – дабыл қоңырауы емес, толыққанды апат. Алайда маңызды мәселе деп ескермейтін сәттер де жетерлік. Айтулы мақалада өз адамыңызбен емес, жаныңызға жат адаммен байланысқаныңызды түсіндіретін 7 белгіге тоқталатын боламыз.

1. Айтылмаған дүние көп

Сүйіктіңізден тіс пастасының қақпағын жауып жүруді өтінуіңізге болады. Бірақ бұл туралы 10 рет ескертсеңіз де, соңы ұрыс-керіске ұласуы ықтимал. Орын алған жайтты үнсіз ғана жұбыңыздың артынан реттестіріп, ескерту арқылы да білдіруге болады. Тек шыдамның да шегі болатындығын естен шығармаған абзал.

Отбасылық психолог Робин Финли: «Жинақталатын негатив сөзсіз жанжалға әкеледі. Дұрыс құрылған қарым-қатынаста, тіпті қиын уақытта да адамдар бір-біріне не ойлайтынын және не сезінетінін айта алады», – дейді.

2. Сенім жоқ

Сізге қарапайым өтіріктің өзі алдауға жатпайтындай болып көрінуі мүмкін. Мысалы, жұмыстан соң әріптестеріңізбен тамақтануға барғаныңызды күйеуіңізден жасырып, оған тоқсандық есепті дайындағандықтан жұмыста бөгелгендігіңізді айтуыңыз мүмкін. Бірақ, бұл – алдау!

Осы тұста сүйіктіңіз құптамайтын дүниені әдейі жасадыңыз ба, әлде негативтен қорқып, жасырып қалдыңыз ба – осы екеуінің аражігін ажыратып алған дұрыс.

Осыдан бірнеше жыл бұрын жүргізілген зерттеулер бойынша бір-біріне толықтай адал болған жұптардың некесі ұзаққа созылатындығы дәлелденген. 

3. Эмоциялар елеусіз қалады

Ер адамның да, әйелдің де эмоцияға берілуге құқығы бар.  Оларды елеусіз қалдыруға болмайды. Тыңдау әрі уайым-қайғыға ортақтасу – ерлі-зайыптылардың маңызды міндеттерінің бірі. Егер сүйіктіңіз уайымыңызды бөліспей, бей-жай қараса, тіпті оларды «барып тұрған сандырақ», «бос уайым» деп атаса, онда мұндай қарым-қатынасты ізгі сезім деп айтуға келмейді. 

Психологтар: «Қалыпты қарым-қатынаста жұптар өзгелерге ашылып айта алмайтын жан сырын тек өмірлік серігіне ғана айта алады. Нағыз сүйіспеншілікпен құрылған жұптар ғана өзгелер үшін маңызы жоқ балалық шақтағы естеліктерді, армандар мен жанға түскен жараны бөлісе алады», – деп түсіндіреді.

4. Бірге болу қиын

Үйлесімді жұпқа не істеу керектігін ойластырып, жоспар құрудың қажеті жоқ. Олар үй жұмыстарын реттесе де, серуендесе де, үнсіз бірге болса да бір бірін ләм-мимсіз түсінеді. Өйткені әрқайсысы өз ісімен айналысқан күннің өзінде, бір-біріне кез келген уақытта сая бола алатындығын түсінудің өзі оларға бақыт сыйлайды. 

Психологтардың айтуынша: «Бір-бірімен керемет үйлесетін адамдардың ерекшелігі – бір-бірінің қасында жүргенде жылуды әрі жайлылықты сезінеді, өмірлері бақытқа толы болып көрінеді».

Егер бір-біріңіздің жаныңызда күнделікті істеріңізден ләззат ала алмасаңыздар, бір-біріңіздің қасыңызда болу тозақпен тең болса – қарым-қатынастарыңыз шыңыраудың шыңында тұрғаны анық

5. Жұбыңыздың достарын танымау әрі өз достарыңызбен таныстырмау

Егер сүйіктіңіз өміріңізге және қоршаған ортаңызға интеграциялануға қарсы болса, бұл – жақсылықтың белгісі емес.

Мерейтойлар, жақын достардың үйлену тойларына жалғыз шақырылсаңыз, онда сүйіктіңіз үшін жеке өміріңізден орын бөлінбегені деп біліңіз. Ол дегеніміз біреудің өмірінің бір бөлшегі болуға мүдделі еместігіңізді және қанатыңызды кеңге жаюға дайын емес екендігіңізді білдіреді.

6. Дамуға тосқауыл

Жұптарда бір бағытта алға жүру аса маңызды болмаса да, бір-біріңіздің дамуыңызға қолдау көрсету маңызды. Егер өз жетістіктеріңізді сүйіктіңіздің жетістіктерінен жоғары қойсаңыз, онда мінсіз қарым-қатынасқа әкелуі екіталай.

7. Өмірге деген түрлі көзқарас

Психолог мамандар: «Егер өмірлік құндылықтарыңыз (жанұяға, қаражатқа, жұмысқа, жыныстық қатынасқа) сүйіктіңізбен сәйкес келмей жатса аса тыраштанбай-ақ қойыңыздар» деп ескертеді. Себебі  үнемі өмірлік серігіңізді өзгертуге тырысып жүріп, бәрін ушықтырып алуыңыз мүмкін екен.