Жан әлеміӨзіңді дамыт

Әріптестеріммен алысудан шаршадым

Қызғаныш, көреалмаушылық, бақталыстық – жетістік жүрген жерде қатар жүретін қасиеттер. Редакциямызға осындай жағдайдың құрбаны болған кейіпкер хабарласты. Бұл тек Мөлдірдің басындағы жағдай емес. Сондықтан, мәселенің түйткілін кәсіби маманған тапсырған едік.

“Бес жылдан астам әйелдер көбірек ортада жұмыс істеп келемін. Шынымды айтсам, ары қарай жұмыс істеуге әлім келер емес. Өйткені, әріптестеріммен алысудан шаршадым. Олардың мен туралы әңгімесі, ішкі қызғанышы өте ауыр, жанымды жегідей жейді. Мен тартымды, әдемі әйелмін. Сәнмен киініп, өзімді күтуге барынша атсалысамын. Небір әдемі әшекейлерді тағып жүргенді ұнатамын. Қыз күнімнен тамақты дәмді пісіре білемін. Ең бастысы, күйеуім және бір ұлым бар. Соған қарамастан, еркек біткен мені көрсе, балға үймелеген арадай жабысып қалатыны сөзсіз. Талайының көкірегінен кері итеріп, бетін қағып, қатты сілкіп тастағанмын. Тұрмыс құрғалы жұбайымның көзіне шөп шалатын ойым болған жоқ, болмайды да. Алайда, менің айналамдағылар соны көре алмай ма, жұмыс бабымен мені талай орға құлатып, мұзға отырғызды. Олармен күрессем бе, әлде жұмыстан шығып кетсем бе – басым қатып жүр. Осы уайымның өзі ой-санамды улағаны соншалық, үйде де, жұмыста да берекем кетті. Жолдасым мен баламның қамынан бұрын осыны ойлап, күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айрылдым десем, сіздерге өтірік, маған шын. Сүйікті қызметімнен кеткім келмейді, өйткені, ол менің өмірімнің бір бөлшегі. Бірақ, қанша уақытқа дейін төзе аламын?! Әріптестерімді қалай жеңе аламын?! Ақылыма ақыл қосыңыздаршы…”

Мөлдір Дәуренқызы, Алматы қаласы

Психолог жауабы: Жетістік бар жерде – қызғаныш бар

Мөлдір ханымның жан айқайы орынды, әрине. Әріптестерінің қызғанышынан қорлық көріп жүрген нәзікжандылар аз емес. Әйтсе де Сіздің батылдығыңыз, ішкі сырыңызды бөліскеніңіз өте орынды. Бірақ, бұған бола аса қатты уайымдап, тұрақты істеген жұмыстан кетудің түк қажеті жоқ. Ондай қадамға бармақ түгілі, ондай ойға берілудің өзі артық. Әрдайым бетіңізге күліп, артыңыздан пышақ сұғып жатса да, елемеген кейіп танытыңыз. Тіпті, шынтуайтында елемеңіз.

Керісінше, бар әдемі қалпыңызбен одан ары гүлдей, жарқырай түсіңіз. Сонда аяғыңыздан шалғысы келіп жүргендер ақырындап күйрей бастайды. Өйткені олардың шамасы жетпейді. Сіз кедергі кездескен сайын, оны жеңіп шығатын адамдар қатарынан болып табыласыз. Қызғанышты жеңудің алғашқы һәм басты қаруы – осы.

«Сұлулық – әлемді құтқаратын» зор күш. Еркек біткеннің сұлу әйелге қызығатыны, құмартатыны – табиғи құбылыс. Мән бермеңіз. Жұмыс бабымен болмаса, ешуақытта жылы қабақ танытпаңыз. Тым қатты қарсы келіп, оларды өзіңізге одан ары жақындата түспеңіз. Бар-жоғы үнсіздік. Ешкімді көрмегендей, беймаралды кейіпте жүріңіз. Бастысы – күйеуіңіз бен ұлыңызға көбірек уақыт бөлуге тырысыңыз. Сонда ойдың шырмауына түспейсіз. Жұмыс маңызды, бірақ отбасы одан да маңыздырақ. Сол себепті үнемі жақындарыңыздың қасынан табыла біліңіз. Жұмыстағы көңіл-күйіңізді үйдің табалдырығының ар жағына тастап кеткеніңіз жөн.

Қатты уайымға берілмеудің ең жақсы тәсілі – өзіңізге керемет қызыға істейтін іс тауып алыңыз. Өмірге құлшынысты арттыратын кітаптар оқыңыз. Небір тіл үйіретін тәттілер жасаңыз. Әйел затының басым бөлігі дастархан мәзірін жасаудан ләззат алады. Таза табиғатта ертеңгілік, не кешке серуендеңіз. Болмаса, жүректі тербер музыка тыңдап, тәрбиелік мәні зор фильм көріңіз.

Қорыта келсек, қызғаншақ адамдардың өміріңізге қедергі жасауына жол бермегеніңіз жөн. Қалайша? Мұны жүзеге асыру үшін мынадай қарапайым ережелерді ұсынамыз:

  • Өз жетістігіңіз немесе құнды, бағалы заттарыңыз туралы айта бермеңіз!
  • Қызғаншақ адамдарға жиі комплимент айтыңыз. Көп жағдайда олар өз орнын таба алмаған, өзіне сенімсіз комплексі бар адамдар болып келеді. Сіздің кең пейілділігіңіз, назарыңыз өмірде сұр түстен басқа түстер бар екенін сезінуге мүмкіндік береді.
  • Қызғанышты комплимент ретінде қабылдаңыз.
  • Жетістік бар жерде – қызғаныш барын ұмытпаңыз. Егер, сізге қызғанышпен қараса, еліктеуге тұрарлық адамсыз және дұрыс бағытпен дамып келесіз.