Отбасы

Жұп арасындағы бақталастық пен бәсеке. Оны болдырмаудың жолдары.

Бақталастық – құндылық үшін күреске негізделген қарым-қатынастың ерекше түрі. Адамдардың билік, бедел, құрмет, махаббат, қаржылық жетістік жолында бәсекелесетіндігі даусыз. Жұмыстағы әріптестер, жаттығу залындағы достар және сабақтағы сыныптастар арасында орын алатын бақталастық үйреншікті жайтқа айналды. Десек те, бәсекелестік адамды алға жетелейтіндігі де жасырын емес. 

Бақталастық рухты жеңіске және күтпеген оң нәтижелерге жеткізетіндігі де бар. Алайда жұп арасындағы бақталастық әрқашан араздыққа апарып соғатындығын ұмытпаған абзал.

Бақталастық ерте жастан қалыптасады

Бақталастық – бойда тек ер жетіп, есейген кезден ғана емес, балғын балалық шақтан көрініс табатын құбылыс. Оның алғашқы белгілері баланың 5-6 жас аралығында ата-ана махаббатына деген күресінен байқалады.

Егер ата-аналар уақыт өткен сайын балаларын өздерінен алыстата түссе (мысалы, бала айтқаныңа көнбеген кезде), онда ол махаббат үшін күресу керек деген тоқтамға келеді.

Ата-аналардың бірі тұңғышын немесе кенжесін өзге балаларына қарағанда көбірек жақсы көретіндігін білдіріп қойса, бұл балалардың бауырға деген қызғанышын туғызып, олардың арасында күрес басталады. Сондай-ақ, ата-аналар балаларына бәсекелестікке деген ұмтылысты жиі көрсететін болса, балада күресуге деген ниет те ерте пайда болады.

Жұп арасындағы бәсекелестік балалардың қарама-қарсы жыныстағы ата-аналарына деген қақтығысынан қалыптасады. Мәселен, қыз бала туған, болмаса, өгей әкесінің ащы суға салынып, өзіне қол көтергені үшін анасының одан ажырасқанын қалайды. Бұл жағдайдан қыздың ер азаматтарды соңғы орынға қоятындығы байқалады. Өсіп, ұясынан ұшқан кезде қыз баланың басынан осы өмірлік сценарий қайталанбасына кім кепіл?! Бұл жағдай ер балалардың да басынан өтуі әбден мүмкін, көп жағдайда ұлдардың өгей анасына деген бәсекелестігі басым болып келеді.

 

Жыныстық шайқас

Ерлі-зайыптылардың бәсекелестігі серіктесіне жеткен жетістіктерінің маңыздылығын дәлелдеуге деген ұмтылысынан көрінеді. Мысалы, мансап пен қаржылық жағдайдан, достары мен балаларының беделінен, жеке жетістіктерінен дегендей. Түптің түбінде мұндай қарым-қатынас біртіндеп құлдырау шегіне жетеді.

Әйел жұп ретінде сыртқы келбетімен, білімімен, қаржылық жағдайымен алда жүру үшін әлсіз адамды таңдауы мүмкін. Бірақ бұл іс-әрекетімен ол ер адамға өзінің артықшылығын көрсете отырып, жұбының еркектік намысын жерге таптағандай болады.

Ал әйелінің алдында өзін абыройлы көрсеткісі келетін ер адам жұбайын кез келген себеппен сынап, оған жылы сөз бен мақтау айтпай, үй шаруасынан басқаға икемі жоқ екендігін бетіне басып, ұрысуға сылтау іздеп отырады.

Әйел үшін отбасындағы рөлдердің бөлінісі жұбайының көлеңкесінде қалуға мәжбүр болған ер адамның жағдайына қарағанда аса ауыр емес. Ерте ме, кеш пе, ондай ер азамат бір нәрсені дәлелдеуден шаршайды да, оған құлақ асатын, түсіне білетін, әр кез мақтап- мадақтайтын жанға кетіп қалады немесе диванға жантайып жатып алып, отбасылық өмірге мүлде араласпай қояды.

Ал егер отбасында екі көшбасшы болса, олардың одағы күнделікті бәсекеге айналады.

 

Мәселенің шешімі:

  1. Қарым-қатынас әрқашан ынтымақтастыққа негізделеді. Өмірлік жарыңыз ретінде таңдаған жұбыңызды мақтауды, оның мықты жақтарын көруді, онымен кеңесуді үйренуіңіз керек.
  2. Жұбайлар бір-бірінің жетістігіне қызғанышпен қарамай, керісінше қолдап, қуана білуі тиіс. Егер қызғаныш сезімі басылмаса, қазіргі таңда айналысып жүрген ісіңізді қайта қараған жөн: жақсы жақтарыңызды дамытып, ләззат әкелетін дүниемен айналысыңыз.
  3. Ер мен әйел бір-бірін толықтырып отыру үшін жаралған. Біреуі бір нәрседен, ал екіншісі басқасынан күштірек болса, онда тұрған ештеңе жоқ.
  4. Бір-біріңізбен сөйлесуді үйренген маңызды. Серіктесіңіздің мінез-құлығыңдағы сізді алаңдатқан немесе намысыңызға тиген дүниелерді бетке айтуға бейімделіңіз. Бәлкім, ол жұмыстан үйге оралғанда көтеріңкі дауыспен сөйлейтіндігін байқамайтын да болар.

Ұзақ мерзімді қарым-қатынастың құпиясы: жұп арасында басшының болмауы. Екеуінің де үлесі бір әрі маңызды саналады. Бұл жұп бір-бірін жақсы түсініп, күтіп әрі әр кез қолдау көрсетеді.