Сіз өзгеріңіз
Ата-ананың енді бір тобы «ақша баланы бұзады» деп үрейленеді. Анығында ақша емес, ақшаның жетіспеушілігі – адамды өзгертеді. Сондықтан өзіңіздің қаржылық сауатыңызды арттырып, баланың ақша туралы сауатын ашуға ұмтылыңыз.
Бай адамдардың танымы
Анығында бай адамдар ақша қабілетті аша түседі деп қана ойлайды. Шынымен ақшалы адам қанаттанып, өзіне сенімді жүреді. Сенімді жүру үшін балаға қор жинауды үйрету керек. Қор болмаса, бала аяқ асты болатын достарының туған күніне сыйлық ала алмай қалады. Ақшаның жоқ болуы – барлық жамандықтың бастауы. Ал бар болуы – жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Сондықтан ең алдымен 2 ғасыр бойы саяси ахуал нәтижесінде қалыптасқан «байлар – жаман адамдар» деген дерттен арылу керек.
Сонымен ақша деген не?
Ол – мақсатқа жетуге арналған құрал, адамға берілген мүмкіндік. Ақша – билік. Балаға ақшасы бар адам өз өмірінің әміршісі екенін түсіндіріңіз. Ақша қарым-қатынасының дұрыс болмауынан талай достардың арасына сызат түскен. Бірақ оған ақша кінәлі емес, ақшаны реттей алмаған білімнің жетіспеуі – білімсіздік кінәлі.
Ақшаның бірнеше күйі болады
Заттың үш күйі барын сіз жақсы білесіз. Балаға ақшаның бірнеше күйі болатынын түсіндіріңіз. Ойыншықтар мен кітаптар, азық-түлік, киім, аяқкиім – бұның барлығы ақша. Ақшаның басқа күйге ауысқан түрі. Сондықтан ақшаны қалай құрметтесек, ақшаға алынған заттарға да сондайлық ыждағатпен қарауымыз керек екенін айтсаңыз, бала оны түсінеді. Балаға өзіңіздің киіміңіз туралы түсіндіріңіз. Тұтынушының қолына тиюіне дейін осы киім үшін 12-15 адам тер төкті. Біреу мақта өсірді, енді біреу мақтадан жіп жасаумен, келесі адам мата тоқумен айналысты. Мата тігін фабрикасына жеткізіліп, киім пішіліп, оны бір адам пішіп, екінші адам кесті. Одан кейін тігіншінің жұмысы, дүкендегі сатушының қызметін тілге тиек етіңіз. Енді осылардың барлығының еңбекақысын төлеу керек болады. Дүкенге беретін ақша сол адамдардың маңдай тері. Бұл мысал арқылы сіз адамдардың еңбек ақысын төлеу керек екенін және ақша айналымын түсіндіре аласыз.
Баланың көзінше айтылмайтын 3 сөз
Бала өмірге басқа көзбен қарайды. Сіз айтып отырған сөйлемдерді ол тура мағынада қабылдамайды. Сіз мынандай сөздер айтасыз, ал ол қалай түсінеді?
1. «Жұмыстан шаршап келгенім-ай!» – демек, ақша табу – шаршау екен деп түсінеді.
2. «Мен жұмысқа кетіп барамын. Ақша табуым керек, сендерді асырау да оңай емес» – Ақша табу қандай қиын деп ұғады.
3. «Аяқ киіміңді неге күтіп кимейсің, ол қымбат тұрады» –Үлкен адам болған түк қызық емес. Шаршайсың, әрең ақша табасың және бәрі қымбат деген ой туады.
Осылайша сіз баланың қиялының қанатын қырқып, өмірге деген құштарлығын жойып алуыңыз мүмкін. Бала көріп, естіп өскен дүниелерімен ғана қаржылық бағдарлама қалыптастыратындығын ұмытпаңыз.