СұқбатСыр-сұқбат

Айдай Исаева:  «Miss Qazaqstan» сұлулық байқауы жаңа биікке жол тартты

Айдай Исаева – «Қазақстан аруы–2013» байқауларының жеңімпазы, «Әлем аруы–2014» байқауының қатысушысы, «Қазақстан аруы» Ұлттық Байқауының Президенті және жоба беткеұстары, аяулы жар, үш баланың анасы.  Кейіпкеріміз Айдай Исаева бізбен үш ай бұрын  тағайындалған жаңа қызметі жайында сыр шертіп, жағымды жаңалықтарымен бөлісті. 

Сұхбаттасқан Ақнар Қазезова

Айдай ханым, әңгімеміздің әлқиссасын еңбек жолыңызбен бастасақ…

А.И: «Еңбек» деген сөздің астарында үлкен мән жатыр. Адам баласы еңбек етсе, түбінде бір нәтижеге қол жеткізері шүбәсіз. Сол себепті адам баласы әрекетте болса, жетістікке міндетті түрде жетеді. «Бір пайыз – талант, тоқсан тоғыз пайыз – еңбек» деп тектен-текке айтылмаса керек-ті. Өз басым бұл тұжырымдамамен толық келісемін, алдыма мақсат қойып, тырысып, талпынып, сол мақсатқа жету жолында аянбай тер төгемін. 

Өзімнің қайтпас қайсар мінезімнің арқасында жасап жатқан жұмыстарымнан нәтиже шығарудамын. Жалпы менің еңбек жолым өнер жолымен басталды. 

Бала кезімнен бастап сахна төрінде ән шырқап, би билеп, сурет салып, гимнастикамен айналысып, өзімді жан-жақты көрсетіп келемін. Ж.Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрында, қалалық мектептерде, сонымен қатар балалар үйі мен қарттар үйінде өткізілетін қайырымдылық мақсаттағы шараларда би билеп, трио құрамында ән де айтатынмын. Асқар тауым әкешімнен бойыма дарыған әншілік талант та маған жат емес. Жалпы әкемнің тұла бойы тұнып тұрған өнер десем, қателеспегенім болар. 

2013 жылдың ең сұлу аруы атанып, «Қазақстан аруы» байқауында жеңіс тұғырынан көріндіңіз. Бүгінде ұлттық байқаудың тізгінін өз қолыңызға алып отырсыз. Жалпы жаңа қызметіңіз туралы толығырақ тоқталсаңыз.

А.И: «Қазақстан аруы» байқауы жаныма жақын екені рас. Өзім кезінде жеңімпаз атанған аталмыш байқаудың тізгінін қолыма алғаныма бар болғаны 3-4 айдың жүзі ғана болды. Бөлісер тәжірибеме қарағанда үйренерім көп деп есептеймін. 

Қазіргі таңда байқауға қатысушыларды іріктеп, қызу жұмысқа білек сыбана кірісудеміз. Бақ сынауға кем дегенде 25 қатысушы қыз жиналуы тиіс. Қазақстанның түкпір-түкпірінен, қала, аймақ, облыс, аудандардан жиналған қыздарды іріктеу де оңай шаруа емес. Жалпы айтқанда біз үшін аяулы қыздарымыздың жүрегіндегі иманы, патриоттық сезімі, алған тәрбиесі, бойындағы өнері маңызды. Сол себепті «Қазақстан аруы» байқауы – арулар үшін өздерін жан-жақты көрсетуге арналған таптырмас мүмкіндік.

Жаңа қызметімнің арқасында ақырындап тәжірибе жинап жатырмын, жұмысым да өрге жүзіп келеді. Өзіме бұл байқау таңсық болмағандықтан, сондай-ақ оның жай-жапсарын жақсы білетіндіктен, қазіргі жұмысым аса қызық. Тіпті жанымдағы қыздардан да үйренерім көп деп есептеймін, себебі адам баласы бір-біріне қарап бой түзейді, тәжірибе жинақтайды, сабақ алады емес пе?! 

«Қазақстан Аруы» байқауы біраз жылдан бері «Сұлулық мейірімділікте» атты ұранмен өтіп келе жатыр. Жер-жерден жиналған арулар қайырымдылық және әлеуметтік науқандарға қатысып, тұрмысы төмен отбасыларға, қарт адамдарға және балаларға қол ұшын созады. Біздің байқау – бұл Ұлы дала ұрпағының тереңдігі мен даналығын бойына сіңірген сұлулыққа деген құрмет және мәдени мұраны сақтау мен көбейту жөніндегі жоспарлы тынымсыз жұмыс. Жалпы «Қазақстан Аруы» Ұлттық Байқауының негізі 1997 жылы қаланған. Бұған дейін жобаны Алена Ривлина-Қырбасова басқарған. Ол қамқоршылық кеңес құрамында қалады. «Қазақстан Аруы» Ұлттық сұлулық байқауы – «Ғалам аруы» (АҚШ), «Әлем аруы» (Ұлыбритания) және «Жер аруы» атты ірі әлемдік конкурстардың эксклюзивті лицензияларының жалғыз иегері.

«Қазақстан Аруы-2022» Ұлттық сұлулық байқауы биыл несімен ерекшеленеді?

А.И. Биыл жобаны ұйымдастырудан бастап, қыздарды іріктеуге дейін өзгеше болмақ. Мәселен, біз бұрнағы жылдары әр аймақта байқау жариялап, сол жерден іріктеп, тек жеңгендерді алып келіп, финалға қатыстыратынбыз. Биыл олай емес. Жалпы кастинг жарияладық, соған келген қыздарды ғана іріктеп алдық. 

Ұйымдастыру мәселесіне келсек – биыл байқау финалы 18 қараша күні Республика Сарайында ерекше шоу болып өтпек. Оны өткізу үшін ауқымы мол бағдарлама мен ең кәсіби мамандарды жинадым. Финал тек сұлулықты ғана емес, парасат пен тағылымның көрсеткіші болмақ. Сол үшін барша Қазақстандықтарды «Қазақстан Аруы-2022» байқауының финалын өз көздерімен тамашалауға шақырамын! Ал, келе алмай қалған жандар үшін НТК телеарнасының тікелей эфирінен көрулеріне мүмкіндік бар. Айтулы байқауды күллі республикаға таратуға көмек қолын ұсынған ақпараттық серіктестеріміз «НТК» телеарнасы, «Lux FM» радиосы мен «Express k» ақпараттық порталына алғысымды білдіремін. 

«Ұлттық деңгейдегі жобаны басқару мен үшін мәртебе. Ширек ғасырда Ұлттық сұлулық байқауының сапасы жаңа деңгейге көтерілді. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары бұл тек сұлулық пен сән мейрамы болса, бүгінде «Қазақстан аруы» өзін белсенді өмірлік және азаматтық ұстанымы бар жастар қауымдастығы ретінде көрсете білді».

Жалпы «Қазақстан Аруы -2022» Ұлттық сұлулық байқауына қандай қыздар қатысты? Іріктеу талаптарыңыз қандай болды?

А.И. Байқауға қатысатын қыздарға қойған талаптарымыз оңайдан болған жоқ. Себебі біз тек сұлулықты ғана бағаламаймыз. Бізге келген қыздардың жасы 17-25 жас аралығында және бойы 165-185 см болуы керек. Ешқандай жасандылықсыз табиғи келбет қажет, яғни, тату, татуаж, еріндегі филлер деген дүниелерге тиым салынған. Бұл тек келбетке арналған талаптарымыз. Ал, ішкі дүниеге келер болсақ «Сұлулық мейрімділікте» деген байқау тақырыбы айтып тұрғандай мейірім, иман, парасат пен білім де міндетті түрде бағаланбақ. Тіл білу де маңызды. Өйткені байқау жеңімпазы наурыз айында елімізді «Әлем аруы» байқауында таныстыратын болады. Сол жерде ағылшын тілі мен қазақ тілін білмей тұрғаны құптарлық жайт емес. 

Сұлулық байқауына қатысып, жеңімпаз атанған қыздардың болашағы қандай болмақ? Олай сұраған себебім – көптеген қыздар байқауларға қатысып, танымал бола сала тұрмысқа шығып, кейін көрінбей кетіп жатады. 

А.И. Қыздарымыздың өз уақытында бағытын тауып, отбасын құратындығы дұрыс қой. Бірақ біздің мақсатымыз – оларды танымал етіп, ұтымды тұрмысқа беру емес. Біздің басты мақсатымыз – бүгінгі қазақ аруының келбетін қалыптастыру, тән сұлулығы мен жан сұлулығының үйлестіру. Біздің байқауға қатысып, жеңімпаз атанған арудың болашағы жарқын болады деп сенімді айта аламын. Себебі байқау біте салып біз жеңімпаздарды «Әлем Аруы», «Ғалам Аруы», «Жер Аруы» атты халықаралық байқауларға дайындаймыз. Түрлі түсірілімдер, телеарналар мен кино саласына, жарнамалық компаниялардың келбеті болуға мүмкіндік береміз. Сондай-ақ бұл үрдіс жыл сайын қайталанып отыратын болады. 

Отбасылық өміріңіз. Бала тәрбиесінде неге баса мән бересіз?

А.И: Отбасым мен үшін, әлбетте, бірінші орында. Өйткені, ана ретінде бауыр етім балаларымның, Құдай қосқан қосағымның алдындағы жауапкершілігім үлкен. Сол себепті бала тәрбиесіне, олардың жүріс-тұрысына ата-ана ретінде біз жауаптымыз. 

Ата-ана әрқашан баласына сенеді, біреудің ала жібін аттамай, ең бірінші кезекте адам болуын қалайды. Балаларым әлі кішкентай, сол себепті оларды үнемі қадағалап отырамын. Биылғы оқу жылында тұңғышым бірінші сыныптың табалдырығын аттады. Ортаншым балабақшаға барады, ал екі жастағы кенже қызым әлі үйде.

Жолдасым Мақсат әкемнің де, анамның да, ағамның да орнын басады. Онсыз шешім қабылдамаймын. 

Өмірлік ұстанымыңыз қандай?

А.И: Өмірлік ұстанымым хәкім Абайдың: «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар еңбегің мен ақылың екі жақтап».

Жалпы тура жолда жүріп, ешкімнің наласына қалмай, біреудің ақысын жемей, иман етіп, ізгі амал істеп, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп, пендешілікке салынбай өмір сүру керек деп есептеймін. 

Сұхбатыңызға рахмет!

 

Ұқсас мақалалар: 

Miss Qazaqstan-2022: Біз тек сұлулықты ғана емес, білімдарлықты да бағалаймыз