Күйеуім екеуіміз бір жылдан бері жылдамалы пәтерде тұрдық. Жуырда иесі пәтерді сататынын айтып, біздің басқа үй іздей беруімізді өтінді. Жұбайым сол сәттен-ақ, Алматының бұрыш-бұрышын қарап жүріп, қалтамыз көтеретін сомада бір бөлмеді пәтер тауып алды. Уақыт оздырмастан бірден сол үйге көшіп бардық. Үйдің іші кең болғанымен ішінде жылу, береке жоқтай көрінді.
Үйдің иесі дядя Вася пәтерде бізге дейін анасының өзі жалғыз тұрғанын айтты. Ол кісінің бақилық болғанына жарты жыл өткеннен кейін пәтерді жалға беруге шешім қабылданыпты. Мұны білгенде күйеуім де, мен де тартыншақтанып, қынжылғанымыз жоқ. Қазір соның бәрі бекер екен деген ойға келдім.
Қазір жүктілігіме байланысты түнде жиі оянып, ұзақ уақытқа дейін ұйықтай алмай, дөңбекшіп шығамын. Бірде дәретханадан шыққаным сол еді, алдымнан біреу жүгіріп өткендей болды. Үрейленгенім сонша, төсекке жатып қалуға асықтым. Айналама қарамай, ұйықтап қалуға тырыстым. Бір кезде қалың ұйқыға батып бара жатқанымды сездім. Бірнеше сағаттан кейін әлдекімнің қарап тұрғанын сезгендей болып, көзімді ашып қалдым. Қарасам, алдымда бейтаныс әже тұр. Шошынғанымнан әлгі жерде сөйлей алмай қалдым. Көзім шаранасынан шығып кетердей болып, сілейіп қатып қалдым. Бір кезде көзімді тарс жұмып, кәлимамды қайталай бердім. Содан кейін есімді білмей, ұйықтап қалыппын.
Таңда оянғаннан кейін болған жағдайдың барлығын күйеуіме айтып бердім. Ол менің соңғы күндері ұйықтай алмай, шаршап жүргендіктен осылай көзіме әр нәрсенің көрінгенін айтып, сабырға шақырды. Мұндай бағада Алматыда бір бөлмелі пәтер таба алмайтынымызды да ескертті.
Мен ойлана келе, оның сөзінде жан екен деген қорытындыға келдім. Алайда үйде тылсым дүниелер тек түнде емес, күндіз де орын ала бастады. Күйеуім үйде жоқта ас бөлмедегі заттар өздігінен құлап, пәтерде жиі ыдыс-аяқ шағылатын болды. Екеуіміздің де заттарымыз тұрған жерінен ғажайыптың күшімен жоқ болып кететінді шығарды. Тіпті, шай қайнатпасақ та, тысырлаған шәугімнің даусы шығатын болды. Жұбайым да біраз уақыттан кейін менің сөздеріме сене бастады. Себебі ол да үйдегі тылсым елесті көре бастапты. Белгілі болғандай, екеуіміз де бір елесті, яғни әжейді көріппіз. Соған қарағанда ол дядя Васяның анасы деген ой келді. Бәлкім, ол кісі біздің бұл пәтерде тұрғанымызды қаламай, бізді осылайша қуып шықақ болған шығар. Қалай болғанда да жуырда баспанамызды қайта ауыстыруға шешім қабылдадық. Дәл қазір күйеуім басқа пәтер іздеуде. Дядя Васяға басымыздан өткен дүниенің барлығын тізбектеп айтып шықтық. Ол бізге дейін де бұл үйді біреулердің жалға алып, екі аптадан кейін қайтарып бергенін сөз етті. Енді біз үй іздеуде әр нәрсеге мұқият болып, барлығын назарға алуға тырысамыз деп шештік.