Қазіргі жасөспірімдердің кестесіне қарап, ата-аналар балаларын ересек өмірге, бәсекеге қабілетті, табыскер болуға дайындап жатқанын түсінесің. Олар жоқ дегенде – мектеп, қосымша сабақтар, спорт, музыка, жаңа фильмнің тұсаукесеріне барып, кітап оқып, ойын ойнап, жақындарымен және достарымен араласып үлгеруі керек. Сол себепті жазда да балалардың босаңсуына жол бермей, оқу кезінде үлгермеген бағдарламаларын оқуға, тіл немесе ерекше спорт түрлерін сынап көру, сүйікті ісіндегі дағдылар мен іскерлікті жетілдіру және денсаулықты сауықтыру сияқты дүниелерді тағы артып қоятынымыз бар. Соның ішіндегі ең маңыздысы – жазды бос өткізбей, тіл үйрену.
Қазір көп ата-ана шет тілдерін меңгерудің маңыздылығын ескере отырып, жазда балаларын шет елге тіл үйрену курстарына жіберуді қолға алуда. Соның арқасында 2014-2018 жылға дейінгі аралықта әлемнің тілдік мектептеріндегі халықаралық студенттердің саны 30%-ға артып, 3 миллионға жеткен. Балалардың 70%-ы ағылшын тілін жақсы меңгеру үшін ұзақ демалыс уақытын таңдайды. Сондай-ақ, испан, қытай, неміс, француз тілдері де өте танымал.
Жазғы тілдік бағдарламаны қалай таңдау қажет? Топтық және жеке бағдарламалар
Баланы шетелге топпен немесе жекелей жіберуге болады. Топтық жүйеде бала саяхаттайды. Тіл мектебінде топтың әр мүшесі жеке тұлға болып саналады. Онда бірінші тест тапсырады, оқу бағдарламасын анықтайды, одан әрі оқуды аяқтағандығы туралы деңгейі мен ұсынымдары көрсетілген сертификат беріледі. Өте сирек болса да, нарықта «жабық» топтармен сапарға шығу туралы ұсыныстар кездеседі. Арзан болса да бұл бағдарламаларды ешкімге ұсынбас едім. Балалар мұнда келген тобымен бірге оқиды. Өз отандастарымен әрқашан ана тілінде сөйлескендіктен, өзге тілді дұрыс меңгере алмайды.
Кампусты мектептер, университет және тілдік мектеп бағдарламалары
Университет кампустары, оның ішінде Станфорд, Принстон, Оксфорд сияқты танымал университеттер – қаланың ішіндегі қалашықтар. Сондықтан кішкентай балаларға (15 жасқа дейін) мұндай кампустар қолайсыздық тудырады: жатақхана мен оқу орны аралығындағы қашықтық өте маңызды болуы мүмкін. Тілдік мектептер көбінесе оқу орталықтарына ұқсас болып келеді. Олардың ішінде жатақханасы барлары өте сирек. Сондықтан жазғы уақытта университет жатақханаларын жалға алып, студенттерді сонда қоныстандыруға тура келеді.
Осы істің маманы ретінде айтарым – 15 жасқа дейінгі балалар үшін ең тиімдісі – дәстүрлі мектеп-интернаттарда өтетін жазғы бағдарламалар.
Бұлардың аймағы кең, ішінде жақын орналасқан бассейні, спорт залы, театр, футбол/регби/крикет/гольф алаңдары болады. Күнделікті тазартылып, тәулік бойы күзетіледі. Балаларға мұндай орындарда оқу өте ыңғайлы. Баланы болашақта шетелде оқытқыңыз келсе, мұндай мектептер балаға студенттік өмірді сезініп көруге мүмкіндік береді. Жыл сайын тамыз айының соңында жазғы лагерьден оралған балалар біздің кеңсеге келіп, ата-аналарынан осы мектептерге оқуға жіберуін өтінеді. Бірақ мұндай мектептерге түсу өте ертеден басталады. Оның ішінде баланы туған кезінен бастап тіркеп қоятын мектептер де бар. Тәжірибе көрсеткіші бойынша, бұл мектептерге 2-4 жыл бұрын тіркелген дұрыс.
Бағдарлама мазмұны
Ағылшын тілі сабағы күніне 3-тен 6-ға дейін өтетін тек тілдік бағдарламалар бар. Кей жерде пәндерді ағылшын тілінде оқытады. Бұл еліміздегі орта мектептерде тереңдетілмеген немесе мүлде оқытылмайтын экономика, бизнес, философия сияқты пәндерді байқап көруге үлкен мүмкіндік береді. Я керісінше, сүйікті пәндерін ағылшын тілінде оқу – сөздік қорды кеңейтіп, болашақта ғылыми мақалаларды еш кедергісіз оқып, кез келгенімен тілдік тосқауылсыз пікір алмасуға мол мүмкіндік туғызады.
- Сынаққа дайындық және тесттен өту бағдарламалары. Бұл ең танымал түрі. 2-8 апта бойы таза ауада барынша дайындалып, емтихан күні жоғары бағаға ие бола аласыз. Бұл әдісті көбінесе жақын арада мектепке немесе университетке түсуді жоспарлап жүргендер жиі пайдаланады. Осы тұста сертификаттардың жарамдылық мерзімінің ең ұзағы 2 жыл екенін ескерген жөн.
- Кәсіптік бағдар беру бағдарламалары – соңғы жылдары трендке айналуда. Бұл кезде балалар белгілі бір мамандықтарды оқып, үйренеді. Бастауыш сынып оқушыларын мамандықтарға ойын ретінде баулыса, жасөспірімдерге – белгілі бір мамандықтар шынайы түрде оқытылады.
- Сүйікті іс. Егер баланың оқуға деген құлшынысы аса жоғары болмаса, онда тілді елеусіз түрде үйренуге болады. Мысалы, футбол, роботты техника, хип-хоп билері немесе виолончельде ойнау сияқты сүйікті ісіне толығымен берілу. Демалысты сөзі жарасатын құрдастарымен бірге өткізу, өз ісінің шеберінен іс үйрену – осының барлығы ағылшын тілінде өткізіледі.
Міне, айтулы жайттарды анықтап алған соң, баланың жазғы демалысын қай агенттікке тапсыру керектігін шешу қалады. Бұл кезде ұзақ жылдар бойы жақсы беделге ие болып келе жатқан агенттіктерді таңдаңыз. Аккредитация туралы сұрауды ұмытпаңыз, мектептермен келісім-шарттарды тексеріңіз. Міндетті түрде жеке кеңес алуға жазылыңыз.
Жазғы тілдік бағдарламалардың құны қанша?
Қазақстандық балаларға 25 жылға жуық бағдарлама таңдай отырып, «жақсы дүние ешқашан арзан тұрмайды» дегенді күмәнсіз айта аламын. Бағдарламаның бағасы көп нәрсені білдіреді: әр мұғалімге қанша баладан келеді, мұғалімдердің жоғары білім дәрежесі бар ма, мұражайларға кіру билеттері үшін төленген бе, экскурсияда кәсіби гид бола ма, тағамдардың алуан түрлілігі, сапасы және т.б. Бұл бизнесті жете түсіну арқылы ондағы «баға мен сапаның» байланысын дұрыс сараптауға болады. Жазғы бағдарламалар үшін қаржы үнемдеудің қажеті жоқ дер едім. Өйткені, сапалы әрі қызықты бағдарламалар баланың есінде мәңгі қалары сөзсіз.
Ең бастысы – сапалы жазғы бағдарламалар балалардың жақсы оқуға деген құлшынысын арттырады. Ақпараттар мен сандық технологиялар көзсіз жылдам дамып жатқан мына заманда балаларды жақсы оқуға ынталандыру қиынның қиыны болып тұр. Балалар қазір барлық жаңа технологияны тез меңгеріп алады. Соның арқасында керек ақпаратты тез табады. Кейде шет тілдерін меңгеруде де мұғалімдерінен асып түседі.
Бір ғана шешім – баларды өзін-өзі ынталандыруға жетелеу. Мұны қалай істейміз? Баланың бойындағы білімі мен дағдысын дамыта алатындығына сенімділігі өте маңызды. Өзін-өзі тануы оларға үлкен мотивация болмақ. Бұл қасиеттердің бәрі қысқа, бірақ өте қарқынды жазғы демалыс кезінде белсенді түрде дами алады. Көптеген ата-аналар балалары жазғы бағдарламаларға барып келген соң, олармен ағылшын тілінің маңыздылығы туралы әңгімелесуге аз уақыт жұмсайтындығын айтады. Ең маңыздысы – балалар бұл сапардан ой-өрісін кеңейтіп, болашақта білім алуға алдыларына мақсат қойып, әлемнің әр түкпірінен достар тауып қайтады.