Мен өз бүлдіршінімнің жайына қатты алаңдаймын. Оған себеп те жоқ емес. «Үйлену оңай, үй болу қиын» демекші отау құрған жандардың бірін-бірі қадірлей білуі – сол отбасының бақыты. Ал, себеп тауып шу шығарып және ол шуға ата-анаң мен туыс-бауырларың араласып кетсе, нағыз қасірет осы.
Жасырып не керек. Менің жайымда осылай болды. Отбасын құрғаннан кейін, бір-бірімізге сыралғы болмай тұрып, ата-енеммен тұрдық. Оның арасында әне-міне дегенше тұңғыш қызымыз дүниеге келді. «Бұрын да болса сорлы едім» дегендей, дүниеге сәби келмей тұрып та бір-бірімізбен түсінісіп үлгермеген екі жас нағыз психологиялық күйзелісті бастан кештік. Оған жас ананың бойындағы босанғаннан кейін болатын күйзелісті қосыңыз. Ер адамдар да бірінші бала туылғанда өзін қажетсіз жандай сезініп, депрессияға түседі дегенді естуші едім…Осының бәріне назар салып, бақылап, мүмкіндік туса, араласып бар кінәні келінге тағатын қайын жұртты қосыңыз (мүмкін олай болмаған да шығар, дегенмен, кесір тілігі арқылы сәби босанғаным тағы бар, өз басым жаныма өте жақын қабылдадым).
Не керек, бала алты айдан асқанша жылаудан көз ашпадым. Тіпті, бара-бара өзімнің есімнің дұрыстығына күмән келтіре бастадым. Ал, балам есі кіріп бір, бір жарым жасқа келгенде ішіме тығылып қалған «бүкіл әлемге» деген өкпе-ренішімді қызымнан алдым. Өзімді де аямадым, оны да аямадым. Қазір есіме алсам, өзімді сол қылығым үшін өте жек көрем, балама жаным ашиды.
Осылайша, ақылсыз ата-анасының арқасында тумай жатып теперіш көрген қызым бүгінде бес жасқа келді. Уақыт бәрін орнына қояды. Ашуды сабырға жеңдіріп, дүниеге тағы да балалар әкелдім. Барынша мықты болуға, қай уақытта болсын ақылым мен сабырыма жүгінуге тырысып бағам. Алайда, ең таңқаларлығы, басқа балаларым қандай тентектік жасаса да ұрыспауым мүмкін (оларға туғаннан ұрыспауға бекінгем), ал тұңғыш қызым тіпті, кінәлі болмаса да ұрыс естіп жатады. Мінезі де ерекше. Болмашы нәрсеге жылайды, ашуы тез тарқайды, жылап отырып күле салуы оңай. Басқа балалардай емес, момын. Тіпті, ішкі комплекстері де бар. Көпшілік ортаға бірден сіңісіп кете алмайды және танымайтын ортаға бейімделуі өте қиын. Басқаларға тіпті, туған бауырларына да есесін жіберіп алып жылап тұрады. Бұған қоса, менің сәл кемшілігімді кешірмейді. Кешірмегені былай тұрсын, бетіме басып, мүмкіндік болса менімен сөз таластыруға дайын. Бұл мүмкін дұрыс та шығар. Алайда бес жасар қызыңмен салғыласу әрине, қалыпты нәрсе болмаса керек.
Өзі биге, әнге құмар. Теледидардан көрген нәрсесін ұмытпайды. Өте зерек, ұғымтал. Ішкі түйсігі жоғары екенін бірден сезіп отырасың. Өйткені, әдетте көп нәрсені түйсікпен сезініп, жасап жатады. Бірақ, сөйте тұра тез жасып қалады.
Мен осындай талантты қызымның болашағынан зор үміт күтемін. Бір кездері ата-анасының білімсіздігінен бойында пайда болған кертартпа комплекстерінен айықтырғым келеді. Оның қандай жолы бар? Құрметті «Сырласу», ашыла сыр бөлісе отырып, өзіңнен көмек сұраймын!
Рауза Мұқан.
Психолог кеңесі:
Құрметті Рауза, сіздің басыңыздағы мәселе тек бір сізді ғана алаңдатып отырған жоқ. Көп ата-ана дәл осындай қателікке бой алдырып бала жанына жара салады. Бұған жеке жұмыс өтілім куә. Дегенмен, дәл сіздің өз қателігіңізді уақытында түсініп, көмек қолын іздегеніңіздің өзі құптарлық жайт. Әрине, өмір болған соң барлығы болады. Әсіресе, құдай қосқан қосағыңнан жәрдем көрмесең, қуанышыңды да, қайғыңды да баламен бөлісесің. Дәл қазір қызыңызға психологиялық тұрғыда көмек көрсетіңіз. Отбасы машақатымен бөлісудің орнына нағыз балалық шақ сыйлаңыз. Жолдасыңызбен, жақын туыстарыңызбен ренжісіп қалсаңыз да, тұрмыстың басқа қиыншылықтарын көрсеңіз де, балаға білдірмеуге тырысыңыз. Өйткені, кішкентайынан сіздің солғын жүзіңізге куә болған қыз бала қазір сіздің қас-қабағыңызды аңдып, көңіл-күйіңіздің өзгергенін бақылап отырады. Бұл оның жанына түскен жара деуге де болады. Сондықтан, басты назарды қызыңызға аударып, оны шығармашылыққа баулыңыз. Мүмкіндік болса, түрлі үйірмелерге, ән, би, сурет салуға машықтандырыңыз. Дәл осы жаста ол өміріне серік болар мамандықты да табуы әбден мүмкін. Оның үстіне шығармашылық бала жанына түскен кез келген жараны емдеуге көмектесе алады. Оған қоса кез келген уақытта, кез келген жерде қызыңызды құшақтап, маңдайынан иіскеп, махаббатыңызды аямай жақсы көретіндігіңізді айтыңыз. Сондай-ақ, «ботақаным, сенің махабаттың маған бәрінен де қымбат. Мен сені қандай жағдай болмасын жақсы көремін» деген жылы лебізіңізді білдіруден аянбаңыз. Солай болған күнде ғана уақыт өте келе бүлдіршініңіз бар жасқаншақтықтарын ұмытатыны анық.
Евгения Араджи